Биылғы жылғы мәдениет және өнер саласы қызметкерлерінің мерекесінде облысымыздың бірқатар ақын-жазушыларына облыс әкімінің «Тұран» сыйлығы табыс етілді. Сыйлық иегерлерінің бірі – Несібелі Рахмет.
Басқа шаhарларда қалай екені белгісіз, ал енді Ақшатыр қаласындағы театр мен мәдениет үйінде аса қымбат, аса қасиетті, аса қадірлі бір орын бар. Оның құндылығы соншалық – осы сарайлардың қолды-аяқтай қызметкерлері бұл орынды қызғыштай қориды, көздің қарашығындай сақтайды. Жо-о-оқ, тек бұлар ғана емес, анау әкімшілік деген әйәй үйлерден бастап бүкіл басқармалар мен бөлімдер, үлкенді-кішілі мекемелер мен ұйымдардың да ләппайға зар мамандары өстеді. Яғни осынау өте бағалы орынды балапанын жыланнан қорғаған қарлығаштай қориды. Рас, түрлі мекеме-ұйымдардың өкілдері өздеріне қатысты жиындар кезінде ғана «қорғанысқа» шығады. Ал әкімшілік пен мәдениет сарайларының «сарбаздары» үнемі, тұрақты түрде «қорғаныста» болады. Олардың сол орынды көпшіліктен, қара халықтан шырпырлары шығып, шырылдап, жұртпен ұрсысып, айғайласып қорғайтындары сонша, апырым-ай, ол жерде ат басындай алтын бар ма екен, әлде тиіп кетсең гүрс етіп жарылатын мина қойылған ба деп ойлайсың.
Сонымен көздің қарашығындай сақталып, мемлекеттік шекарадай қорғалатын нендей керемет дерсіз. Айтайық. Ол – театр мен мәдениет үйіндегі нөлінші қатар! Аталған өнер ордаларындағы пәлен жүз орындықты қақ ортасынан екіге бөліп тұратын нөлінші қатар! Оның келбеті де ерекше. Ұзыннан-ұзақ қатардың екі жақ бүйірінде – екі есік. Сол есіктердің екі аралығын жалғайтын, қатардың алдымен созылған жол. Оған қып-қызыл жолкілем төселген. Ал қатардағы қаздай тізілген орындықтар аппақ матамен қапталған. Сонан да олар өзге отырғыштардан айрықша, айшықты болып көрінеді. Салтанатты, сәнді де мәнді, маңызды болып көрінеді. Осы себепті оған отыратындардың жай көрермендер емес, «ерекше жаратылған жандар», «айрықша адамдар» екенін ұғасың. Сөйтесің де ол аймақтан алпыс метр аулақ жүресің. Ал осы нөлінші қатардың қасиетін білмейтін, оған жайғасатындар жәй, қарапайым, қарабайыр пенделер емес, өңкей игі жақсылар, атқамінерлер екенін білмей, өңмеңдей келіп ұмтылатындар, отыруға талаптанатындар қаншама?! Иә, отырарсың. Отырғызар сені!
Ой-бүу, несін айтасың, әуелгі кезде, сол нөлінші қатардың нендей «құдірет» екенін білмейтін, өзі де нөл кезінде бұл да талай рет ұрынған. Қайдан білсін, мәдени шара басталуға бес-он минут қалғанда алқын-жұлқын кіріп келген. Сөйтсе, ине шаншар орын жоқ. Зу етіп орта тұстан бір-ақ шықты. Оh, тапты! Ақ шағаладай боп қаз-қатар тізілген аппақ орындықтардың ана басында қарайған екі-үш адамнан басқа ешкім жоқ. Жақсы болды-ау. Дереу отыра қалды. Сол-ақ екен, сыптай боп киінген бір қыз жетіп келді.
– Апай, тұрыңыз, бұл жерге отыруға болмайды.
– Неге, бос тұр ғой?
– Жо-жоқ, бос емес, қазір келеді.
– Кім әуелі келсе, сол отырмай ма, тұрмаймын, мына басқа орындар да бос қой.
– Жо-жоқ, сөзді қойыңыз, бұл орындардың бәрі бос емес, қазір құрметті кісілер, әкімшіліктің адамдары келеді.
-І-і-і…
Бұл орнынан тұрам дегенше дәл сондай сыптай киінген тағы бір қыз ба, келіншек пе келді де:
– Апай, болсаңызшы тез, босатыңыз орынды, -деп дігірлей жөнелді.
– Қарағым-ау, тұрып жатырмыз ғой…
– Дабай, дабай, болыңыз тез, көп сөйлемеңіз.
Ол бір қолымен арт жақты сілтеп, екінші қолымен қолтығынан демегендей ұстап, дедектетіп жіберді. Бұл бұрылып әлгінің бетіне қарап бірдеңе дейін деді де, «қой, көптің көзінше шапылдаспай-ақ қояйын» деп кете берді. Арт жақта да бос орын көрінбейді. «Ей, мейлі, құрысын» деп шығып кетіп бара жатыр еді, бір қыз бала ұшып түрегеліп:
– Апай, апай, мында отырыңыз, менің орныма отырыңыз, – деп алдына кесе-көлденең тұра қалды.
– А-а?
– Мына жерге, мына орындыққа отырыңыз.
– Қой, айналайын, өзің қайтесің? Өзің отыра бер.
– Өй, апай, қазір мен тауып алам ғой. Арғы шеткі бөлікте орындар бар шығар.
– Олай болса, рақмет, жаным, өркенің өссін! …
Ал тағы бірде Алматыдан ат басын бұрған классик жазушымен болатын кездесуге ертелетіп-ақ келген. Белгіленген мезгілден бақандай қырық минут бұрын. Бұлай ертелетуінің себебі де жоқ емес. Осы өңірден түлеген әйгілі қаламгердің ғажайып шығармаларын оқымаған қазақ кемде-кем. Содан да аты аңызға айналған сүйікті жазушысымен жүздесіп, уәлі сөзін тыңдауға асыққан ағайынның қарасы аз болмасы белгілі.
Иә, Зәуреш ертелетуін-ертелетті-ау. Бірақ… Толып отыр. Көбі – сол баяғы оқу орындарынан желкелеп қуып әкелетін студенттер. «Қап, – деп ойлады бұл алға қарай өтіп бара жатып. – Бүйтпей-ақ, бүгін зал өз еркімен келетін оқырмандарға, зиялы қауым өкілдеріне, жергілікті ақын-жазушылар мен өнер қайраткерлеріне толатын еді. Қазір енді олар сыймайды ғой».
Амал жоқ, бұл айдап отырып алдына қып-қызыл жолкілем төселген, орындықтары ақпен қапталған нөлінші қатарға келді. Ана басына дейін көз жүгіртті, ешкім жоқ. Тіпті бір адам да жоқ. «Сөз зергерлерімен кездесуге «үлкен үйдегі» үлкен бастықтар аса ынталы емес еді ғой. Олар келмейтін болса, кіші шенеуніктер де қара көрсетпейді. Сонда мына орындарға кім жайғасады? Өнер иелері мен ақын-жазушылар шығар. Ендеше бұл жерді ешкім қори қоймайды.» Дереу лып етіп отыра қалды. Ой, рахат-ай! Алдыңда қанша адам отырса да, сахна анық көрінеді. Ешкімнің желкесін иіскеп, төбесін тамашаламайсың. Аяғыңды емін-еркін созып, кеудеңді көтеріп, өзіңді кісі сияқты сезіне аласың.
Бұл да сөмкесін жанына қойып, жайланып, кеудесін көтеріп жан-жағына қарап, өзін кісі сияқты сезіне бастаған. Кенет… Қолында әп-әйдік қағазы мен ұшы іп-істік қарындашы бар бір қыз пайда бола кетті де:
– Апай, сіз қайдан келдіңіз? – деп сұрады.
– Үйден, – деді бұл ойланбастан. Расында үйден келген. Ол қағазына қарап тұрып-тұрып:
– Ой, кешіріңіз, – деді де кетіп қалды. «hе, қызық екен». Бұл таңданған күйде арқалыққа жауырынын сүйей бергені сол еді, қолына дәл жаңағы қыздыкіндей қағаз бен қалам ұстаған қылқандай жас жігіт келе қалды.
– Апай, сіз қайдан келіп отырсыз?
– Үйден!
– Жоқ, жоқ, апай, мен шындап сұрап тұрмын, қай жерден келдіңіз?
– Мен де шын айтып отырмын, үйден келдім.
– Жоқ, апай, бұлай болмайды.
– Болмағаны несі?
– Болмайды, үйден келгеніңіз болмайды!
– Енді қайдан келейін?
– Білмеймін, о жағын білмеймін . Қазір сұрап көрейін.
– Иә, қарағым-ай, сөйтші.
«Ү-ү-үh, мыналардан құтылдым ба, жоқ па…»
Ол жеңіл күрсініп алып, шалқайыңқырап отырды. Көзін жұмды. «Тезірек басталса екен…»
– Сіз қайдан келдіңіз?… Қайдан келдіңіз деймін, айтсаңызшы?!
Зәуреш бұл сөздерді санасында қайталанып жатқан әлгі дауыстардың жаңғырығы екен деп ойлаған. Сөйткенше омырауынан істік бірдеңе түртіп-түртіп жібергендей болды. Дереу көзін ашып, кеудесін тіктеді. Дәл алдында қанға батырып алған сияқты қып-қызыл тырнағы сояудай, үстінде денесімен дене болып жабысқан тап-тар үйөпкі-көптісі бар, бойы сырықтай ұзын бір қыз тұр. Бұның да ұстағаны ұшталған қарындаш пен қағаз. Жо-жоқ. Бұл қыздың қолындағы төменнен жоғары қарай ашылатын үлкен қойын дәптер екен.
– Сіз қайдан келдіңіз?…Мен сізден сұрап тұрмын, қайдан келдіңіз деймін?- деп зірк ете қалды.
Зәурештің жыны келіп кетті. Қаны басына шапты. Аузынан қалай шыққанын білмейді.
– Барсакелместен!- деді зілденіп.
– Барса- келмес-с?
– Иә, Барсакелместен! Естіп пе ең ондай жерді?
– Барса-келмес-с. Так-так. Барса-келмес-с.
Ол қойын дәптеріне қарындашымен нұсқай тұрып шұқшиды. Сірә, тізім болар. Бір бетті бітіріп, екінші бетке ауысты.
– Жоқ! – деді бір кезде.
– Жоқ, апай, біздің спискіде Барса…қалай еді… Барса – қайтпастың өкілдері жоқ. Олар бүгін келмеу керек. Біз шақырған жоқпыз.
– Шақырмасаңдар да мен келдім.
– Жоқ, болмайды. Қайтыңыз, сразу қайтыңыз!
– Неге?
Өйткені бұл жерге басқа қалалардан келген делегациялар мен акиматтың адамдары отырады. Сізге отыруға болмайды.
Осы кезде бұның желке тұсынан бір кісі:
– Әй, қызым-ау, қайтыңыз дегенше басқа орынға барып отырыңыз десейші. Енді келіп қалған екен, көрсін де, – деді.
– Жо-жоқ, болмайды, ағай, болмайды! – деді ол без-без етіп.
– Болмағаны қалай? Оған көруге болмай ма не?
– Болмайды! Біз командировочныйды қалай төлейміз?
– О-о-оh! Қасқа… қасқа маңдай…
Бұл кезде Зәуреш амал жоқ, орнынан тұрып бара жатқан.
– Әй, қарындасым, бері кел, менің жаныма отыр, бір орынды кемпіріме алып отыр едім, келе ме, келмей ме, әлі жоқ. Келе қалса, үшеуміз сыйысып отырармыз. Ол да өзің сияқты шынашақтай ғана, -деді әлгі кісі жымиып.
– Жоқ, ағай, рақмет, кемпіріңіз кеп қалса ыңғайсыз болар. Мен арт жақтан іздеп көрейін.
– Қой, о не дегенің, ыңғайсыз ештеңесі де жоқ. Кел, кел, дереу отырып ал,-деп үп-үлкен кісі орнынан көтеріліп қауқылдағасын көңілін қайтара алмады.
– Қарындасым-ау, нөлебай қатарда нең бар, ол жалпы халыққа емес, әкім-қаралар мен аса құрметті қонақтарға арналған орын. О жаққа жолама! Күзеті күшті. Күзетшілері қырағы. Жай, былайғы адамдарды маңына жуытпайды, – деді бұл жайғасып отырған соң әңгімесін жалғай түсіндіріп.
Осы «қызықтан» кейін Зәуреш өзіңді кісі сияқты сезіндіретін армандай болған ақ жапқышты қатарға мүлдем жоламайтын болды. Бұрын: «мүмкін мені де осы орынға отыруға тиісті лауазымды адамдардың бірі ғой, сірә немесе бөтен жақтан келетін мәртебелі меймандардың бірі шығар дер, сөйтіп тамам жұрттың көзінше жау көргендей тырқыратып қуа қоймас» деп ойлайтын. Солай деп үміттенетін. Ал әлгі «қайдан келдіңіздің» астында қалған қым-қуыт тергеуден кейін жалп етіп сөнген жалғыз жарықтай ол үміті де өшті.
Қазір бұл театрдан ыңғайлы бір орын тауып алды. Ол жер әсіресе спектакльге барғанда жақсы. Биіктеу бөліктегі қатар болғандықтан, бәрі алақандағыдай анық көрінеді. Жақын отырып дәл алдынан қарағанда, назарың көбіне негізгі әрекет ететін актерге ғана ауатын болса, мына жерден оқиғаға қатысушылардың бәрін жаппай көріп отырасың. Әртістер сахнаның қай шетінде тұрса да, айтқан сөздері мен жасаған қимыл-әрекеттері ап-айқын көзге шалынып, құлаққа жетеді. Бұл деген нағыз керемет емес пе?! Тұра-тұрыңыз… Аты дардай «драма театры» деп аталғанмен, басқа жерді білмейді, ал Ақшатыр шаһарындағы осы жалғыз театрда жоспардағы спектакльдерден бөлек неше түрлі алқалы жиындар мен жылы-жылы жүздесулер, мерейтойлар болып жатады. Ал ондай мерекелі, салтанатты басқосуларға үлкен үйдегі үлкен бастық пен қасындағы қошеметшілері қалмай қатысады. Олар жыл-он екі айда жалқы рет спектакль көрмеуі мүмкін. Бірақ думанды, дүбірлі шараларға міндетті түрде келеді. Олар келетін болғасын жаңағы көздің қарашығындай сақталып, қасынан құс түгілі шыбын ұшырмайтын «қасиетті» қатардың күзетшілері қырағылығын күшейтіп, жұмыстарын жандандыра түседі. Міне, Зәурештің тапқан биіктеу жердегі орны осындай кезде тіпті тамаша болды. Есіктен кірген-шыққан адамдарды, әсіресе ішке енген сәтте менмұндалап көзге ұратын нөлінші қатарды, сол жердегі іс-әрекетті көріп отыру өте қызық. Иә, бұл орынға кім қызықпайды дейсіз. Ақ шағаладай болып тізіліп тұрған орындықтары өзіне қарай еріксіз тартады ғой, тартады. Содан да кіргендердің көбі жарыққа ұмтылған көбелектей әуелі солай қарай бұрылады.
Басқа-басқа, әнеугіде екінші жаһандық соғыстың ардагері, осы аймақтың өркендеп, гүлденуіне бір емес, он кісідей елеулі үлес қосқан, ел сыйлайтын ардақты ақсақал Құрман Берғалиевтан өте ұят болды. Ақкүміс шашын шалқасынан қайырған, кеудесіндегі орден-медальдары планкісінің өзі бір қарыс болып тұрған қарт кірген бойда оң жағындағы бос тұрған ақшаңқан орындарға жақындай берген.
– Ата, бұл жерге отыруға болмайды! –деді алдынан сып етіп шыға келген қыз қолымен қарсылық белгісін жасап.
– Неге, қарағым-ау?- деді түк түсінбеген қарт сәл ентіккен үнмен.
– Бұнда қонақтар отырады!
– Е, мен де қонақпын…
– Қандай? Қандай қонақсыз?
– Қарағым, бұл дүниеге мен де қонақпын, сен де қонақсың…
– Жо-жоқ, мен қонақ емеспін, мен осы жерде жұмыс істеймін, бүгін осы нөлебой рядқа жауап берем.
– Берсең, бере бер.
Қария шаршап кетті, білем, сөзін күрт үзіп отыруға ыңғайланды. Сол-ақ екен:
– Жо-жоқ, ата, отыруға болмайды! Болмайды! – деп шоқ басқандай баж ете қалған қыз екі қолын екі жаққа жайып ақсақалдың алдына кесе-көлденең тұра қалды. Абырой болғанда, осы кезде дәл ана қыздың үстіндегідей ақ көпті мен қоңыр жеңсіз киген үлкендеу бір әйел келе қалды. Сірә, бәрін көріп, байқап тұрған болуы керек. Ол келе сала:
– Кешіріңіз, аға, кешіріңіз, мен сізді әдемі, бұдан да ыңғайлы, жақсы бір орынға отырғызайын, жүріңіз,- деп қарияны қолтықтап алды.
– А, сөйтесің бе, мейлі, айналайын, мына орындар бос тұрғанға қайдан білейін…жүрегі құрғыр да қысып бара жатқасын…
Қарт майдангер қызметшінің жетегінде қалт-құлт басып кете барды.
***
Бүгін де театрдың іші лық толы. Мейлі, толса толсын. Көптен бері ақшатырлықтар мұндай ауқымды сөз сайысын, яғни аламан айтысты тамашаламаған. Содан да қазақтан басқа ешбір халықта жоқ осынау ғажайып өнерге үлкен де, кіші де сусап қалған. Оның үстіне бүгінгі айтыста аймақтың ғана емес, байтақ еліміздің, Алтай мен Атырау аралығын мекендеген қалың жұрттың жампоздары сахнаға шықпақ. Иә, қазіргі таңда есімдері ел аузында жүрген өрен жүйріктер сөз қағыстырады.
Көрермен қауымның әдеттегіден әлдеқайда көп болатынын білген Зәуреш бір сағат бұрын келіп, өзінің биіктеу жердегі жайлы орнына жайғасып алды. Қызығы – «Осы мен өте ерте келе жатырмын-ау, ыңғайсыз болмас па екен? Көпшілік кіретін есік ашылды ма екен өзі?» деп ойлаған. Сөйтсе, сопақ басына ұялаған ол ойы мүлдем дұрыс емес екен. Атшаптырым залдың жартысына жуығында адам отыр! Апырым-ай, ә?! Зәуреш қатты таңғалды. «Түсінікті,- деп ойлады сосын: -Біріншіден, халық айтысты әбден сағынып қалған. Екіншіден, тегін. «Не асығыс бар, билет қалтада, орным дайын тұр» дейтіндей емес. Сондықтан кімде болса ертерек кеп қалаған орнына отырып алғысы келеді емес пе?» Жақсысы – бұның «қалағанын» әзірге ешкім қаламапты.
Айтыстың басталуына санаулы минуттар қалғанда залда ине шаншар орын болған жоқ. Отыру былай тұрсын, екі жақ қаптал, ортадағы жүретін баспалдақты жолдар да тікесінен тік тұрған көрермендерге толды. Мұндай аншлаг болғанда нөлінші қатардың күзеті былайғы кездердегіден екі есе, үш есе, тіпті есепсіз күшейетіні белгілі. Ал бүгінгі күзет қызметіндегілер мен олардың жанындағы барып кел, шауып келде жүретін жәрдемшілерінің қарқыны тіпті ерек. Ұзыннан-ұзақ ақшаңқан қатардың ана басы мен мына басында екі-екіден, орта тұста аралары бір-бір адым қашықтықта үш бірдей жігіт тұр. Қолдарында полицейлер ұстайтынға ұқсас антеннасы сорайған телефон-аппараттар. Бұлар театр қызметшілері емес, әрине. Анау үлкен сарайдың сайыпқырандары. Бұл – бірінші басшы, ең үлкен дөкей келеді деген белгі. Екі жақ шеттегі жігіттер шекара күзетіндегі солдаттардай қалшиып кірпік қақпай тұр, тек анда-санда кішігірім кірпіштей аппараттарын ауыз бен құлақ арасына тосып біреулермен тілдесіп қояды. Қысқа-қысқа ғана. Ал ортаңғы бөліктегі үшеуде тыным жоқ. «Қайнаған қызу еңбек» үстінде. Үшеуінің тұрқы үш түрлі. Бірі бойшаң. Бейнебір шүберек емес, металл-матадан тіккендей қатырма көк кәстөм-шалбар киіп, қылдырықтай қызғыш галстук байлаған. Сымдай тартылып тұр. Екіншісі тәпелтек, бастан-аяқ боз киім киген, барлығы «подсвет». Үшінші жігіт -ай яй-яй-яй! Қарын мен бөксені бетімен қоя беріпті. Содан да шығар, домаланып қалған. Сірә, о баста орта бойлы болған болуы керек. Қап-қара кәстөм-шалбар, қып-қызыл галстук. «Қара түс денені ықшам етіп көрсетеді» деген ұғымды ұстанатын болуы керек. Бірақ одан ықшамдалып тұрған ол жоқ. Ішіне сабан толтырған қанар қап сияқты. Әттең-ай, жап-жас жігіт. Жастығы әлі піспеген асқабақтай бетінен білініп тұр. Таңғаларлығы, осы пошымына қарамастан, бұл бала дамылсыз екен. Бір орында көп тұрмайды, әлде осы жердегі қызмет бабы солай ма, әлсін-әлсін шығып кетеді де, артынша домалаң етіп қайтып келеді. Келеді де, қасындағы екеуге бірдеңелерді айтады. Ол екеу біресе телефондарының антеннасын жарқ-жұрқ еткізіп, әлдекімдермен едел-жедел хабарласады, біресе аса маңызды іс тындырып жүргендей талтаң-талтаң етіп әрлі-берлі адымдайды. Сосын ортадағы баспалдақты жолдарда тұрған көрермендерге «кейін, кейін, әрірек, әрірек жылжыңыздар» – деп пәрмен беріп, қолдарын сілтеп-сілтеп қояды. Жақтырмай қарайды. Құдды осы жердің қожайындары сияқты. Түрлерінде астамдық, үндерінде өктемдік бар.
Бұл кезде, әрине, нөлінші қатардың екі жақ бөлігі де толған. Осы «қасиетті» орынға отыруға құқы бар игі жақсылар жайғасқан. Ал осы сәтте тепсе темір үзетін жастағы жігіттердің ақтер-көктер боп қорғап, асқан қырағылықпен күзетіп тұрғандары дәл ортадағы төрт-бес орын. Иә, көпшіліктің, әсіресе айтыс көреміз деп аяқтары талып, тікесінен-тік тұрғандардың көзқұрты боп бұл орындар әлі бос тұр. Сағат тілі зымырап кетті. Басталатын мезгілден жиырма жеті минут асты. Көрермендердің мазалары қаша бастады. Ауық-ауық қол ұрып, айтыскерлерді сахнаға шақырып қояды. Бірен-саран қариялар табиғи қажеттіліктерін өтеуге кетті. Ондай «шаруамен» екі реттен, тіпті үш қайтара барып қайтқандары да жоқ емес. Бұл кісілерге қоятын кінә жоқ, енді қайтсін, көпшілігі мұнда бір сағат, тіпті бір жарым сағат бұрын келді ғой. Сонда олардың осы жерді «мекен еткендеріне» екінші сағатқа таяды.
Кенет… Нөліншінің алдыңғы жағында қимыл-қозғалыс көбейіп кетті. Әлгі үшеуден бөлек, қатырма кәстөм киіп, галстук таққан тағы бірнеше жігіт келіп қаздиып-қаздиып тұра қалды. Артынша, бағанадан бері де әлденеше рет келіп, жаңағы бос тұрған орындарға қарап, бақылап кетіп жүрген тиісті басқарма бастығы мен орынбасары көрінді. Ал, не істеп жүргені белгісіз, бірақ әйтеуір ара-арасында жылтың-жылтың ете қалатын жұқалтаң қара жігіт сып етіп кірді де, есіктің көзіндегі қызметшінің жанына тұрақтады. Бір сәт бәрі де тып-тыныш бола қалды. «Күзетшілер» мен «бақылаушылар» киім дүкендеріндегі манекендердей қалшиып қатып қалған. Ашық тұрған есіктің босағасынан осы зәулім ғимарат бастығының басы қылтиды. Бір минут…екі минут…бес минут…жоқ…әлі ешкім жоқ. Жұрт қайтадан қыбыр-жыбыр ете бастады. Әр жер, әр жерден жүгері қуырғандай бытыр-бытыр еткен шапалақ даусы естілді. Әлсіз, әлжуаз, самарқау үн. Көпшілік басталмаған шараға, көрінбеген ақындарға қол соға беруден жалығып, көңілдері қалып шаршаған сияқты. Ал, қалшиып қатып тұрған «манекендерге» қайтадан «жан кіріп» қимылдай бастады. Дереу байланыс құралдарын құлақтарына апарды. Қысқа-қысқа тілдесті. Басқарма бастығы орынбасарымен және кейін келген екі-үш жігіт жан-дәрмен сыртқа беттеді. Керісінше, осы кезде басын жоғарылау ұстап, жан-жағына паңдана қараған біреу ішке енді де, қатардың басынан соңына дейін еденді ойып жіберердей зілдене басып жүріп өтті. Одан кері бұрылып дәл ортаға, бос орындардың алдына кеп тоқтады. Сәл-пәл ойланып тұрды. Содан соң қолындағы сиырдың тіліндей телефонының түймесін басып, аузын жыбырлатты. Сөйлесіп болысымен сол жерде тұрған жігітке әлденелерді айтып, түсіндірді. Кідірместен келген ізімен қайта шықты. Сөйтсе, тыныш кетпепті. Тапсырма беріп кетіпті. Бір-бірімен тез-тез тілдесіп, түсінісіп алған жігіттер дереу іске кірісті. Әлгі бос орындардың екі жанында отырған кісілерді сол қатардағы басқа адамдармен алмастырды, тағы біреулерді әрірек жылжытып, орындарына шеттеу жайғасқандарды әкеп әлек-шәлектері шықты. Кім жылы орнын суытуға бірден келісе қойсын. Қарапайым пенденің өзі көптің көзінше болатын мұндай «көші-қонды» ұната бермейді. Ал мына қатарға қонжиғандар тіпті де жай мүміндер емес…
Сонымен не керек, күзетші жігіттер бірінің арқасынан қағып, екіншісінің қолтығынан демеп, үшіншісімен қайта-қайта сыбырласып, келіссөз жүргізіп, әке-көкелеп әзер дегенде алмастыру процесін аяқтады-ау. Процесс бір мезгіл ғана отырып кететін көрерменнің орнын емес, қызмет тағын ауыстырудан кем болған жоқ.
Шұғыл тапсырманы орындап, әбжіл қимылдаған жігіттер үсті-бастарын түзеп, тиісті орындарына тұра бергендері сол еді, басқарма бастығы мен үлкен сарайда істейтін бір-екі адам келді де, қатардағы есікке таман сақталып қойылған орындарға лып-лып етіп отыра қалды. Бір кезде…бір кезде алдындағы қосшысы дедектей басып, ең үлкен дөкей кіріп келе жатты. Соңында серіктері бар. Қуаныштысы – олардың жамбастары орындыққа тиер-тиместен залдың шамы күңгірт тартып, сахна жақ жарқ ете қалды. Іле театрды жаңғырықтырып күмбірлеген күй ойнай жөнелді.
Толық нұсқасын «Ақмешіт ақшамы» газетінен оқи аласыздар