Қаңтар трагедиясы кезінде Алматы, Талдықорған, Тараз, Шымкент, Қызылорда, Ақтөбе, Өскемен, Семей және басқа да қалаларда 1466 нысан бүлінген. Оның ішінде, 71 мемлекеттік мекеме, атап айтсақ, 12 әкімдік ғимараты, 27 полиция бөлімшесі. Оған қоса 1395 бизнес нысаны бүлінген. ІІМ-нің мәліметіне қарағанда, 700 көлік қираған. Оның ішінде жекеменшік авто, жедел жәрдем, полиция, өрт сөндіру мен қызмет көліктері бар.
Олар полиция қызметкерлеріне, әскерилерге және қарапайым адамдарға шабуыл жасады. Жолдардың жүру бөлігін жауып тастап, көлік құралдарын өртеді. Азаматтарды қорқыту арқылы жаппай тәртіпсіздіктерге қатысуға шақырды, тонаулар, ұрлық және зорлық-зомбылық жасады. Қылмыскерлер қару дүкендерін тонады, ұрланған қарудың көмегімен бейнежазба камераларын жойды.
Жалпы қаңтар оқиғасы бойынша 3770 қылмыстық іс қозғалды. Өкінішке орай, Ұлттық қауіпсіздік органы мен полиция қызметкерлері тарапынан ұсталғандарды азаптау, қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану фактілері де тіркелді. Ол бойынша 243 іс қаралды. 35 мыңнан астам жедел-тергеу іс-қимылдары жүргізіліп, 766 күдікті ұсталды. Олардың дені 30 жасқа дейінгі жоғары білімі жоқ, жұмыссыз жастар және араларында деструктивті діни ағымда болған 19 адам бар. Сондай-ақ, тыйым салынған экстремистік ұйымдардың 27 белсендісі болған. Ұйымдасқан қылмыстық топтардың 24 мүшесі бар, 113 адам бұрын кісі өлтірген, ұрлаған, тонаған және қарақшылық жасағаны үшін сотталған. Қаңтар оқиғасы кезінде осылайша аумақтық тұтастығымыз бен мемлекеттігімізге үлкен қауіп төнді. 1 қаңтар күні Жаңаөзенде сағат 17.20-да тұрғындар әкімшілік маңына жиналған. Ел басшылығына сұйытылған газ бағасын төмендетуді талап етіп, видеоүндеу түсірген халық сол күні сағат 18.00-де тарап кетті. Келесі күні наразылық білдірушілер саны бірнеше жүзге жуық адамды құрап, наразылар ішкі жолдарды жауып тастады. Құқық қорғау органдары күш пен арнайы құралдарды қолданбаған. Маңғыстау облысының тұрғындарын қолдау мақсатында еліміздің тағы жеті облысында, атап айтқанда, Атырау, Ақтөбе, Алматы, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында, Нұрсұлтан және Алматы қалаларында бейбіт митингілер басталды.
4 қаңтарда 11 өңірде жаппай акциялар өтіп, қатысушылардың саны 37 мың адамға жетті. Алматы мен Шымкентте қарулы шабуылдар мен қиратулар басталды. Құқық қорғау органдары кеңсе ғимараттары мен оның қызметкерлеріне жасалған шабуылдарды тойтару үшін өлімге әкелмейтін арнайы құралдарды қолдана бастады. Келесі күні елдің 11 облысында қиратулар мен ғимараттарды басып алу жалғасып, қатысушылар саны 50 мыңға жетті. Алматыда лаңкестер қала әкімдігінің ғимараты мен әуежайды басып алды.
Әлеуметтік желілерде «фейктер» деп аталатын, соның ішінде күдіктілерге тергеудің рұқсат етілмеген әдістерін қолдануы туралы ақпарат таралды. Әрбір факт жан-жақты тексерілді. Осы жайттардың бәрі қаңтар оқиғасының ел көлемінде қандай масштабта болғанын білдірсе керек. Шын мәнінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ең қиын сәтте мемлекетіміздің тұтастығын сақтап қалу үшін өте табанды іс[1]қимыл жасай білгенін жоғарыдағы құрғақ цифрлар мен фактілерден анық аңғаруға болады.
Біз жоғарыдағы тарауларда бүлікшілердің көп зиян келтірген Алматы, Шымкент, Тараз, Қызылорда, Талдықорған және Ақтөбе қалаларындағы қаңтар оқиғасы туралы кеңірек әңгімелеген болатынбыз. Енді бұл тарауда Қазақстанның басқа қалаларындағы жағдайға да біршама тоқталып өткенді жөн көріп отырмыз.
Атырау облыстық әкімдік ғимаратын күштеп басып алған кезде тәртіпсіздікке қатысқандардан тоғыз атыс қаруы тәркіленді. Сондай-ақ тәртіпсіздікке қатысушылар мыңнан астам қалқандарды және басқа да арнайы құралдарды заңсыз иемденді. Атырауда да басқа қалалардағыдай жағдай орын алғандықтан, қайталауға ұрынбау үшін біз бір ғана адамға қатысты трагедияны айтсақ дейміз.
Атырауда ІТ саласында қызмет көрсететін жеке компанияда жетекші инженер болып жұмыс істеген Алмаз Берекеновтің басында болған жағдай жантүршігерлік оқиға екені рас. Жақындарының айтуынша, 5 қаңтарда ол таңертең әдеттегідей жұмысына кеткен, бірақ қалада интернет байланысы нашарлаған соң, басшылығы қызметкерлерді жұмыстан ерте қайтарған. Алмаз жұмыстан шығып, түс мезгілінде Исатай мен Махамбет алаңына жақын орталық мешітке намазға бармақшы болған. Алаңда жиналған қарақұрым халықты көріп, солардың қатарына қосылған.
Исатай мен Махамбет алаңында 4 қаңтардан бері жалғасып жатқан жаппай митингіге жиналған жұрт 5 қаңтарда түскі сағат екіден өте облыс әкімдігіне қарай ағылған. Сол жерде бейбіт митинг жаппай тәртіпсіздік пен демонстранттардың полициямен қақтығысына ұласып, сағат төрттен кейін қалада интернет толық ажыратылған. Алмаз бұл кезде басқа адамдармен бірге облыс әкімдігі ғимаратының артқы жағында болған. Сағат төрттен кейін ол сол жерде басына оқ тиіп қаза табады.
Сарапшы В.А.Котов қол қойған сот-медицина сараптамасы қорытындысында Калашников автоматынан атылған оқ Алмаз Берекеновтің сол жақ шекесінен кіріп, оң жақ самайынан шыққаны, 35 жастағы жігіт тіл тартпай кеткені жазылған. Тергеу қаулысында марқұм Алмаз Берекеновке жасалған сот-медициналық сараптама қорытындысынан үзінді келтірілген. Онда жігіттің «басынан оқ тиіп, әкімдік ғимараты артында қаза болғаны» жазылған. Марқұмның сүйегін туысы Болат Берекенов 6 қаңтарда мәйітханадан алған.
Алмаз Берекеновтің қазасына байланысты қозғалған қылмыстық іс оны жүргізген тергеушінің «қылмыс құрамы жоқ» деген шешіммен 29 сәуірде тоқтағанын Жаннат Берекенова 23 маусымда бір-ақ естіген. Тергеушінің шығарған қаулысын марқұмның жақындары тек сол күні алған.
Жаннат Берекенованың қолына 23 маусымда тиген тергеу қаулысында іс «қылмыстық құқық бұзу болмағандықтан» тоқтағаны жазылған. Тергеуші қол қойған құжатта Алмаз Берекеновке оқ тигені, оған оқ атқан полицей іс бойынша күдікті емес, куәгер ретінде жауапталғаны жазылған.
Ал Шығыс Қазақстан облысында қаңтар оқиғасына қатысты 700-ден астам бейнежазба тексерілуде. ШҚО прокуратурасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, прокуратура басшылығы қаңтар оқиғасына қатысқаны үшін ұсталған адамдардың мүдделерін қорғайтын адвокаттармен кездесу өткізді. «Бүгінде Өскемен және Семей қалаларындағы ведомствоаралық жедел-тергеу топтарының құқыққа қарсы іс-әрекет фактілері бойынша арнайы прокурорлардың басшылығымен 12 қылмыстық іс (жаппай тәртіпсіздктерге қатысу, билік өкілдеріне қатысты күш қолдану, оқ дәрілерді, есірткі құралдарын заңсыз сақтау, арнайы техниканы айдап әкету, терроризм актілері бойынша) тергелуде. Аталған қылмыстарды жасады деген күдікпен 130 азамат ұсталды. Сот барлығына қатысты қамауға алу санкциясын шығарды» делінген ақпаратта.
Қамауға алынған 30 адамның, оның ішінде 1 кәмелетке толмаған және 5 әйелдің денсаулық жағдайын, асырауында кішкентай балаларының болуын және басқа да жеңілдететін мән-жайларды ескеріп, сот және прокурор бұлтартпау шарасын үйқамаққа алуға ауыстырды. Тергеу топтары оқиға орындарында 170-тен астам тексеру және тінту жұмыстарын жүргізді.
Өскеменде «Халық Банк» филиалының камерасынан алынған бейне-жазбаны қарап шығу нәтижелері бойынша қала тұрғындары азамат «А» және «С» анықталды, олар алдымен полиция қызметкерлеріне тас лақтырып, содан кейін оларға арматурамен дене жарақатын салған. Екі қылмыскер қамауға алынды.
Өскемен қаласында қаңтар оқиғасында жаппай тәртіпсіздікке қатысқан жеті адам сотталды. Олар 5-6 қаңтар күндері елді жаппай тәртіпсіздікке шақырғаны және бүлікке өздері қатысқаны үшін ҚР Қылмыстық Кодексінің 272-бабы бойынша кінәлі деп танылды. Жетеуі де өз қылмыстарын мойындады. Сот жазаны жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып, төрт айыпталушының бір жыл алты айға бас бостандығын шектеді. Қалған үшеуіне пробациялық бақылау белгілеумен 4 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Айта кетейік, Өскемен мен Семей қалаларының соттары жаппай тәртіпсіздікке барған тағы 36 адамға қатысты 6 қылмыстық істі қарады.
Жалғасы бар
Толық нұсқасын «Ақмешіт ақшамы» газетінен оқи аласыздар