Бүгінгі жаһандану көшіне ілескен дамыған заманда әрбір мемлекеттің білім сапасының жоғары нәтижеге қол жеткізуі ел саясатында үлкен маңызға ие екені даусыз. Біздің тәуелсіз мемлекетіміз үшін де білімді, сау ұрпақ қалыптастыру жарқын болашақтың кепілі болмақ. Осы тұста еліміздегі білім беру ұйымдарының негізгі қызметі жастарға сапалы білім мен саналы тәрбие беру ғана емес, олардың жан саулығы мен тән саулығына жауапкершілік алу екенін атап өту керек. Кез келген білім беру ұйымы үшін оқушылар мен жұмысшылардың қауіпсіздігі мәселесі оқу орны әкімшілігінің жұмыс жүйесіндегі ең маңызды және күрделі мәселелердің бірі болып табылады. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы негізгі міндет мектептегі техникалық инспекторға артылады. Техникалық инспектордың қызметі – мектептегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы мемлекеттік саясат пен заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілердің талаптарын іске асыру, еңбек және білім беру кезінде оқушылар мен қызметкерлердің денсаулығын сақтауға және жазатайым оқиғалардан, түрлі қауіптерден болатын әрекеттерден олардың өмірін сақтауға бағытталған. Техникалық еңбек инспекторы өз қызметінде мемлекеттік еңбек инспекциясымен өзара тығыз байланыста бола отырып, өз жұмысын жұмыстың тікелей басшыларымен, мектептегі еңбекті қорғауды ұйымдастыруға жауапты қызметкерлермен, бастауыш кәсіподақ ұйымымен байланыста жүзеге асырады. Мектеп әкімшілігінің мектептегі қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызды шараларының бірі – техникалық инспекторға жүктелген еңбекті қорғау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Еңбекті қорғау бойынша ұйымдастырылатын іс-шараларға – мектепті жаңа оқу жылына дайындау, инженерлік-техникалық коммуникациялардың, жабдықтардың жарамдылығын тексеру, мектепті қабылдау актісіне қол қою, педагогикалық ұжымның өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қызметтік міндеттерін және еңбекті қорғау бойынша нұсқаулықтарды бекіту, оқу орындарының жұмысшылары мен қызметкерлері үшін оқу кабинеттерінде, шеберханаларда, спорт залдарында, сондай-ақ барлық қосалқы оқу бөлмелеріндегі еңбекті қорғау талаптарының сақталуына жауапты адамдарды бұйрықпен тағайындау шаралары жатады. Мектептегі оқу процесінде қолданылатын құрал-жабдықтардың, құрылғылардың, техникалық және көрнекі оқу құралдарының сақталуын, оқу кабинеттерінің, шеберханалардың, спорт залының және басқа да орындардың, сондай-ақ асхананың өмір талабына сай санитарлық-гигиеналық жағдайын қауіпсіздік стандарттары мен ережелері бойынша бақылау да инспектор құзыреттілігіне кіреді. Осылайша, мектеп оқушылары мен қызметкерлердің өмірі мен денсаулығын, сондай-ақ мектептің материалдық құндылықтарын мүмкін болатын жазатайым оқиғалардан, өрттерден, бұзылулардан және басқа да төтенше жағдайлардан сақтау үшін қауіпсіз жағдай жасау мақсатында көптеген жұмыстар атқарылуда деп үлкен сеніммен айтуға болады. Ал бұл жұмыстардың жүйелі іске асуы мектептегі техникалық инспектордың бақылауында болады. Инспектордан бөлек, бүкіл педагогикалық ұжым, атап айтқанда, сыныптағы және сабақтан тыс еңбекке тартылатын әрбір мұғалім білім беру үдерісі кезінде баланың қауіпсіздігінің кепілі болып табылады.