Кешегі болып өткен мемлекеттік қызметкерлер күні мерекесінде облыстық мәслихат депутаты, облыстық мәслихаттың экономика, әлеуметтік және құқықтық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Шәменова Балжан Мөрәліқызына Жалағаш ауданының Құрметті азаматы атағы берілді.
Жасы алпыстан асып бара жатқан Балжан Мөрәліқызының бұрын (1997-2012) экономика басқармасын басқарғанын, одан кейін облыстық медициналық орталықтың директорының экономика жөніндегі кеңесшісі болғанын, қызмет баспалдағымен өрлеп, облыс әкімінің орынбасары деңгейіне дейін жеткенін, одан кейін Астанада бірқатар лауазымды қызметтер атқарғанын ел біледі.
Алайда оның 1979-шы жылы мектеп бітіре салысымен бес жыл бойы (1984-ші жылға дейін) Қызылорда қаласындағы “Риссовхозстрой” тресінің №27 мехколоннасында сылақшы-бояушы болып еңбек жолын бастағанын жұрт біле бермейді.
Балжан Мөрәліқызы экономика тұралап ел үшін қиын болған 1997-ші жылдары ғылымнан мемлекеттік қызметке келгендердің көшін бастады. Алматының халық шаруашылығы институтын бітіріп, облыстағы пединститутта 1984-ші жылдан 1997-ші жылға дейін жастарға экономикалық білім берді, оқу орнының елдегі білім мекемелері арасында көшбастауына қызмет етті. Ғылым жолында ізденіп, кандидаттық қорғады. Экономика ғылымының кандидаты болғаннан бүгінге дейін ағасы Атамұрат сияқты ғылым докторы болар ма еді…
Алайда, уақыт қажеттілігімен, сұранысымен мемлекеттік қызметке кіріп кетті.
Білікті маманға қай кезде де, қай әкім тұсында да мұқтаждық бары рас. Балжан Мөрәліқызы бірнеше әкіммен қызметтес болды. Тіпті, Астанадағы тәуір қызметінен жағдай айтып, елге сұрап қайтарғандары да бар.
P.S. Жалпы аудан, қала, облыс болмасын Құрметті азаматтар қатарында қыз-келіншектер аз. Шынын айту керек “Құрметті азамат” жынысыңа, тегіңе, тіліңе қарамайды…
С.МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ