Шаһарымыздың күннен күнге гүлденіп, алдыға жылжып бара жатқанына бүкіл қоғам куәміз. Халықтың игілігіне атқарылып жатқан ілкімді істердің ақыры әзір байқалмайды. Кем-кетігін түзеп, артықшылықтарын көбейтуге қала басшылығы тырысып-ақ жүр. Бүгінгі тарқатар тақырып – қоғамдық көлік мәселесі.

Бірнеше жылдан бері қалалықтардың қалада жүріп тұру жағдайын қолайлы ету мақсатында біршама қаржы бөлініп, қоғамдық көліктер сатып алынды. Жаңа автобустар қолданыста болған ескі көліктермен алмастырылып, халықтың қажетіне жарап-ақ тұр. Сыйымдылығы үлкен, заман талабына сай етіп жасалған автобустармен жүру кім-кімге де жақсы-ақ. Үлкендігін былай қойғанда, біздің аймақтың аптап ыстығынан сақтайтын салқындатқыш та қосулы.

Өткен аптада «Қызылорда автобус паркі» директоры Мақсат Жүсіп бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне брифинг өткізген болатын.

– Қазіргі таңда, қалаішілік жолаушылар тасымалына күнделікті 150 автобус қызмет жасауда. Қоғамдық көліктердің бағыттардағы қатынау интервалы 12-15 минутты құрайды.

Сонымен қатар Мақсат Жүсіп автобус жүргізушілері тапшылығы бар екенін жасырмай айтты.

– Айта кету керек бізде жүргізуші тапшылығы бар. Себебі жолаушыларды тасымалдауды қамтамасыз етуге қойылатын кәсіби талапқа сай келетін жүргізушілер аз. Талапқа сәйкес қоғамдық көлікті 25 жасқа толған, кемінде 5 жыл жүргізуші жұмыс өтілімі бар «D» санатына жатқызылатын жүргізушілер қабылданады.

Былтыр ғана «Қызылорда автобус паркі» ЖШС-не аймақ басшысы Н.Нәлібаевтың тікелей қолдауымен 150 автобус сатып алынғаны бәрімізге мәлім. Өткен жылы ЖШС 5 бағытта қызмет көрсетсе, биыл бұл көрсеткіш 18 бағытқа жеткен. «Қызылорда автобус паркі» мұнымен тоқтап қалмақ емес. Автобус паркі директорының айтуынша басты мақсат –қалаішілік жолаушылар тасымалының барлық бағытын қамту.

Сапалы жұмыс атқарудың бірден-бір кепілі –қызметке тыңғылықты қарау. Мұны автобус паркі естен шығармақ емес. Сол себепті де, жолаушыларды тасымалдауды қамтамасыз етуге қойылатын кәсіби талап бар. Кәсіби талапқа сәйкес келетін жүргізушілер ғана халыққа қызмет етеді.

Қоғамдық көлік қолданушыларының қажетіне цифрлық қызметтер де жарап тұр. «ALEMPAY» ЖШС-мен келісім жасалып, жол ақысын ұялы байланыс операторының көрсетілген қызметтері немесе электрондық жол жүру картасы арқылы жүзеге асады. Сараланған тариф 2021 жылдың қаңтар айынан электронды түрде төлем 85 теңге, қолма-қол төлем 90 теңге болып бекітілген.

Соңғы өткен қалалық мәслихаттын отырысында «қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» тарапынан «Қызылорда» автобус паркі» ЖШС қарасты қоғамдық көлік бағыттарында қолма-қол төлемді 130 теңгеге көтеруге ұсыныс беріліп қолдау тапқан болатын. Электронды түрде төлем ақысы 85 теңге болып қала бермек. Бұл жолаушылардың электронды түрде төлем жасауын арттырып – көлеңкелі кәсіптің алдын алудың бірден-бір жолы болып табылады.

Цифрландыру жұмыстары мұнымен біткен жоқ. Барлық қалаішілік автобустар толықтай 2GIS ұялы қосымшасына тіркелген. Бұл қосымша арқылы жолаушылар қай бағыт қай уақытта жүретіні бақылау мүмкіндігі бар.

Сонымен қатар, автобус паркі директорының айтуы бойынша «Қызылорда автобус паркі» халыққа қызмет көрсетіп келе жатқанына биыл 10 жылдың жүзі болды. Айтулы күнге орай жыл соңында жақсы қызметі үшін біршама автобус жүргізушілері бірнеше номинациялармен марапатталатын болады.

Онжылдықта атқарылған істер түгелдей ел игілігі үшін атқарылды десек, артық айтқандық емес. Қоғамдық көліктердің қызмет ету деңгейі бұдан да жоғары болады деп сенеміз! Халық игілігі қашан да басты назарда болсын!

Толық нұсқасын «Ақмешіт ақшамы» газетінен оқи аласыздар

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған