Тәтті құмар жандар үшін қалауы мен тандауына сәйкес тәтті тағамдардың түрлері өте көп. Әр салада жаңа бастамалардың сеп болуымен жаңашылдықтар орын алса, асхана әлемінде де тәттілердің түрлері уақыт жылдамдығымен ілесіп жаңаруда. Мәселен, бүгінде «Шоколадқа малынған клубника» секілді тәтті сұранысқа ие. Біздің қаламыз бойынша да аталған тәттіні әзірлеп сататын бірнеше кәсіп иелері бар. Солардың бірі – Айнұр Абдухалил.
– Шоколадты жемісті әзірлеу кәсібі біздің аймаққа қашан келді?
– Қызылорда каласына шамамен 2019-20-шы жылдары келген болу керек. Сұраныс жоғары болған соң да аталған кәсіп түрімен айналысушылар саны жыл санап біздің облыста да артып келеді. Өзім де шоколадқа малынған құлпынайлар дайындаймын. Одан бөлек шоколадты құрма, кептірілген жемістердің букеттерін әзірлеймін және неше түрлі тәттілер қосылған жиынтықтарды жасаймын.
– Қателеспесем, қаламызда аталған тәтті түрлерін әзірлейтін алғашқы мамандардың бірісіз?
– Иә, дұрыс айтасыз. Шоколадты жемістерді әзірлеп сатуды қолға алған алғашқы жандардың бірі болдым деп айта аламын. Өзімнің бұл салада жүргеніме жақында 2 жыл болады. Декретте отырған ананың басына неше түрлі идеялар келеді гой негізі. Сонын бірі осы шоколадқа малынған құлпынайларды жасап көру болды. Жайлап инстаграммнан тапсырыс кабылдай бастадым, ақылы жарнамалар жасаттым. Нәтижесінде тапсырыстар көбейе түсті. Солай жәймендеп жасалған бұл кәсіп түрін уақыт өте келе табыс көзіне айналдырдым.
– Шыны керек, құлпынайдың өзі қысты күні қымбат тұратыны айқын. Жалпы табыс көзі өзін ақтайды ма?
– Құлпынай кай мезгілде де қымбат болады. Себебі, жергілікті құлпынайлар жұмсақ болғандықтан аталған тәттілерді сапалы әзірлеу үшін жарамайды. Біз тек импортты, жылыжайда өсетін құлпынайларды қолданамыз. Сондай-ақ, тек табиғи бельгиялық, италиялық шоколадтарды пайдаланамыз. Басқа шоколадтармен үйлесім болмайды.
– Құлпынайдан өзге бұл тәттіні қандай жеміс түрлерімен әзірлеуге болады?
– Банан, құрма, инжир және бұдан да басқа неше түрлі жемістермен жасай беруге болады. Әсіресе Рамазан айында шоколадка малынған құрмалар жақсы сұранысқа ие болады. Одан өзге жентпен де әзірленетін түрі бар.
– Біздің қала бойынша сұраныс қай түріне көп?
– Шоколадқа малынған құлпынайға сұраныс көп. Туған күнге және өзге де мерекелік жиындарға сыйлық үшін тұтынушылар сатып алады. Тіпті, жігіттер қыздарын, ата аналары балаларын қуантуға және әр түрлі себептерге байланысты күнделікті тапсырыстар түседі.
– Күніне қанша тапсырыс аласыз?
– Күніне орташа 5-6 тапсырыс кабылдаймын. Мейрам күндері одан 2-3 есе көбейіп, үлгермей қалатын кездер де болады.
– Бәсекелестеріңіз көп, тұтынушыларыңыз үшін шоколадты жемісті ерекше әдісте ұсынасыз ба? Өзге әріптестеріңізден қалай ерекшеленесіз?
– Иә, қазіргі таңда бәсекелес өте көп. Бірақ, әркімнің өз несібесі бар. Барлық тапсырысты әрдайым жауапкершілікпен, махаббатпен жасаймын. Ішіндегі жемісінен бастап сыртындағы қорабы мен лентасына дейін әшекейлеп, безендіруге тырысамын. Әдемі, сапалы қораптарды, букеттер ретінде орайтын орамдарды Алматы, Шымкент қалаларынан тапсырыспен алдыртамын.
– Бағалары қаншалықты қалтаға қонымды?
– Мен өзім әзірлейтін өнімдерді аса қымбатқа сатпаймын. Қолда нылған материал мен уакытымды есептеу арқылы белгілі бір бағаны қоямын. Мысалы, 12 түйір құлпынай 7000 теңгеге бағаланса, 12 түйір құрма 6000 теңгеге ұсынылады. Санына қарай бағасы өсе береді.
– Жұмысыңызға қарап отырсам, кәсіби дағдыланғансыз. Шоколадтар тегіс жағылған, бір пішінде. Өзіңіз арнайы оқыдыңыз ба, әлде қызығушылықтан үйрендіңіз бе? Білгеніңізбен үйренгісі келетіндермен бөлісесіз бе?
– Арнайы курс оқыған жоқпын, өзім ізденіп, видеолардан қарап, қызығушылықпен, күнделікті практикамен үйрендім. Шеберлік сабақтары арқылы үйрету жоспарда бар, бұйырса. Сұрап жүрген қыздар да бар.
– Бұдан басқа асханада қандай ерекше тағам түрлерін әзірлегенді ұнатасыз? Келешекте осы бағытта тағы өзге де тағам түрлері арқылы кәсіпті кеңейту жоспарда бар ма?
– Негізі құлпынайға бағытталған кәсіп түрімен айналысқанға дейін тапсырысқа торт пісіргенмін. Балам кішкентай болғандықтан ол жұмысқа үлгермедім. Себебі, шоколадты жемістерді әзірлегенге қарағанда торт дайындаудың машақаты көп болды. Жалпы торт, пирог секілді әртүрлі тәттілерді пісіргенді ұнатамын. Кондитерлік дүкенім болғанын армандаймын. Бұйырса кәсібімізді кеңейтіп, түрлі тәттілерді сатуға негізделген дүкен ашатын күнге де жетеміз деп ойлаймын. Ол үшін үздіксіз еңбек ету керек.
– «Ақмешіт ақшамы» газетінің оқырман қыздары үшін шоколадты жемістердің әзірлену жолымен бөлісе аласыз ба?
– Әрине. Шоколадты жемістердің жасалу жолы негізі қиын және құпия емес. Бастысы балғын жемістер мен табиғи шоколад болса болғаны. Оны әзірлеу үшін алдымен жемістерімізді тазалап жуып, кағаз майлықтармен кептіріп аламыз. Құрмаларды кесіп ішіндегі дәнін алып, орнына бадам, кешью немесе грек жаңғақтарын салып аламыз. Шоколадты ерітеміз, еріген соң жұмыс жасауға, қатуға ыңғайлы температурада келтіреміз. Сүтті шоколадтың градусы 29-29, ақ шоколадтың градусы 30-31-ге негізделеді. Ол үшін бізге арнайы кондитерлік термометр керек. Солай дайын шоколадқа жемістерімізді, құрмаларымызды малып, катырып аламыз. Шоколад қатпай тұрып, әшекейлеуге арнаған өнімдерді сеуіп шығу керек.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан А.Әлиарыстан