СЕН ӘЛЕМНІҢ ЖАНАРЫНДАСЫҢ, АРАЛ!­

Соның айқын мысалы: экологиялық дағдарыстан сақтанудың ғылыми негіз­де ойластырылған нақты іс-қимыл Бағдарламасының негізгі бағыт­тары жүйеленіп, белгіленбек. Бұл бағыт халықаралық деңгейде сарап­талған. Айталық, дағдарысқа ұшы­раған Арал аймағын сауықтыруда Еуро­па­лық Одаққа енген елдердің /ЕС/ халықаралық ұйымдары бұл күнде өз қызметін бірнеше бағытта жалғас­тыруда. Біріншіден, дүниежүзілік қайта құру және даму Банкі су қорла­рын реттестіріп басқарудың аймақтық-стра­тегиялық жоспарын жүзеге асыруға қаржымен көмектеспек. Бұл жұмысқа 19 жоба енгізілген. Бұл жұмыс­тың бірінші кезеңі жүзеге асырылуда, яғни дайындық қарекеті жүруде. Содан соң екінші кезеңі – жобалау және оны орындау жалғасады. Соңғы үшін­шісінде аймақтық-стратегиялық Бағдар­лама толық орындалатын болады.

Бүкіл дүниежүзілік Банк теңізді құтқарудың халықаралық қорымен /МФСА/ бірігіп, биыл аймақ тұрғында­рының денсаулық, әлеуметтік қорғану және ауызсумен қамтамасыз ету проблемаларын шешу мақсатында 2 миллион АҚШ долларын бөлді.

Екінші бағыт – ПРООН жоспары. Бұған үш мемлекеттің – Қазақстанның, Өзбекстанның және Түрікменстанның үш ұлттық бағдарламасы (онда әр елдің негізгі ерекшеліктері мен жағ­дайы ескерілген) енгізілген. Оны орындау үшін алдын-ала көмек беру І994 жылы басталды. Енді 4 жылға созылады.

Үшінші бағыт: Еуропалық Одақ ВАРМАПтың «Су қорларын және ауыл шаруашылығы өндірісін басқару» жобасын жүзеге асыруға 6,5 миллион АҚШ долларын бөлді. Бұл бағдарла­маның бірінші кезеңі 8 бағыттан тұрады, оған 21 жоба еніпті. Енді ВАРМАП Бағдарламасының 7 жобасын жүзе­ге асыру жұмыстары жүзеге асырыла бастады.

Төртінші бағыт бойынша ЮНИСЕФ 1995 жылдың маусым айынан бастап АСПЕРА Бағдарламасын қаржыландыру. Бұл Бағдарлама денсаулықты сауықтыру және халық­қа білім беру мәселелері бойынша Арал аймағының қазақстандық бөлігін қамтиды. Мұнда бірінші кезекте – аналар мен балаларды жұғымды тағам­дар­мен қамтамасыз ету мәселесі тұр.

Жоғарыда жеке-жеке аталған бағдарламалар Орталық Азиядағы республикалар мен Қазақстанның мемлекетаралық аймақтық ұйымдарының өзара ынтымақтасқан және тығыз байланыста бірлескен қызметтері арқылы орындалуы тиіс. Оған негіз де қаланған. Айталық, бұл бес елдің басшылары 1993 жылдың қаңтарында Ташкентте, одан кейін сол жылы наурызда Қызылорда қаласында, содан соң 1994 жылы қаңтарда Нүкісте бас қосқан келісімдерінде Арал аймағы мен Арал теңізі проблемаларын шешу жөніндегі концепциясының негізгі ережелерін мақұлдап, бекіткен болатын. Онда негізі­нен аймақтың әлеуметтік-эконо­микалық дамуы қамтылған. Сонымен бірге Қазақстан мен Орталық Азия рес­публикалары ғалымдарының Арал бассейінін экологиялық тұрғыдан сауықтыру орайында бірлесіп жасаған Бағ­дарламасы Нүкіс конференциясында мақұлданған еді. Бағдарлама үш және бес жылда атқарылатын жұмыстарды қамтиды. Көршіміз және теңіздің тартылуына тікелей кінәлі Ресей аймақ тап болып отырған дағ­да­рысты шешуге аталған республи­калардағы тұрақты өкілдері арқылы көмектеседі деген үміт бар.

Міне, жоғарыда айтылған осындай іс-қимылдың басында бірден-бір елдің айдыны айрықша жарқырап тұр. Ол – кәдімгі АҚШ. Бұл елді бізге баяғыда, мектепте «ата жауымыз» деп оқытып еді. Содан бері бұл елге деген көзқарасымыз қисық болатын. Енді бүгінде бұл елдің бізге көрсетіп жатқан көмегіне кейде «осының арғы жағында нендей құпия бар» деп те ойлаймыз. Онысын, яғни ішіне бүккендері болса, оны соңыра уақыт көрсете жатар. Ал дәл бүгінгі таңда бізге әлемдік қоғамдастықтың қол ұшын созғаны керегірек болып тұр ғой.

АҚШ-тың әлемдік қоғамдастық пен ықпалдастықтың басты ұйымдас­тырушысы екені айдай әлемге аян. Горбачевтің бұл елге барған бір сапарында, Ақ Үйдің алдында өткен митингіде Р.Рейганның: «АҚШ бүкіл әлем» деп айтқаны сірә тегін болмады. Бұл елдің «АҚШ Үкіметінің Арал теңізі аймағындағы қызметі» деп аталатын арнайы жұмыс жоспары бар. Бұл Бағдарлама әр жылға жеке-жеке арналған. Айталық, Арал аймағының қазақстандық бөлігіне арналған іс-қимыл жоспарының өзі өткен 1995 жыл бойынша 5 бағыттан тұрса, биылғысы 7 бағытқа орайласқан.

Оның бәрін жіктеп айтатын болсақ, әңгіме ұзарып кетеді. Сондықтан АҚШ Үкіметінің көптеген «ұсақ-түйек» көмектерін ежіктеп жатпай-ақ бір ғана мысалмен шектелсек те болар. АҚШ Аралдың әбден ескіріп тозған Сарыбұлақ ауыз су құбырын қайтадан жөндеп жаңалауға ЮСАИД фирмасының мамандарын жіберді. Олар Қосамандағы №1, №11, №28 скважиналарды жаңартып, құбыр бойына хлоратор қондырғыларын қондырып берді. Және қажетті қосалқы бөлшектермен қарық қылды. Істерінің бәрі мүлтіксіз, тап-тұйнақтай. Біздегідей бүгін істеген ісінен ертеңіне ши шығып жатпайды. Анау Қосжардағы алпыс үй осы күні ауыз судан қақсып отыр. Оған Қосаманның суы Сарбұлақ құбыры арқылы жеткізілмекші еді. Су жинайтын қойма баяғыда салынып дайын тұрған. Құбырды қоймаға жалғап кеп қалғанда… сарқыраған балдай тәтті таза су айдалаға ақты да кетті. Қоймаға су тұрмайды – дұрыс бетондалмаған. Міне, біздің жетесіз құрылысшылардың ісі! Кімнен көресіз? Тек бармақ тістеу… Ал, бұл кезде американдықтар Аралдан кетіп те қалған еді.

Сонымен жоғарыда айтылған бағдарламалар бойынша «көзге көрінбейтін» жұмыстар баяу болса да, үздік-создық дегендей, жүріп жатыр. Өкінішке қарай, жоспарланған жұмыстың біразы қағаздағы қалпын­да тұр. Мысалы, АСПЕРА Бағдар­ламасында көрсетілген көмек көлемінің жеткіліксіз екені енді білінуде. Біздің Қазақстан тарапынан да шалалық пен ағаттық жетіп артылып жатыр. Оның қайсыбірін айтып тауысармыз. Қызылордаға шетелдіктердің ағылып келуінің кемі жоқ. Әр делегация келген сайын солардан көмек дәметіп жүрекжарды сөзін толғағанда, облыс басшысы Бердібек Машбекұлының өзі де қып-қызыл болып толқып отырады. Мына жақта, біздер де (журналистер) қобалжып отырамыз. Қайтейік, жағдайымыз құлпырып тұрса, жатжұртқа сауын айтар ма едік…

Иә, Арал аймағы әлемнің жанарында тұр. Теңізді адам алақанына си­дырған плакатты да көп жерлерден көріп жүрміз. Сол алақан әттең бүкіл әлем­дегі адамзат алақаны болар ма еді.

ОЙ ТОЛҒАДЫМ БІР КЕЗЕК

Сөз жоқ, социализмді гүлдендіріп, коммунизм орнатпақшы болған қоғамды қайтадан құру машақаты басталғалы сонау отызыншы жылдардан «коммунизмнің сталиндік алып құрылыстары» ұранымен жүргізілген шабуылдан табиғаттың тепе-теңдік заңдылығын бұзып, тал бесігін белінен ойсырата омырған олқылықтар бірден бүкілхалықтық талқыға түсіп жүре берді. Бұған дейін Табиғат-Анамызға толассыз жасалған жойқын шабуыл жөнінде өрт өңешіне қанатымен су сеппекші болған қарлығаштай жанұшыра шырылдап ақиқатты айтқандардың аузын тұмшалап келген екіжүзді сиқыр саясаттың тамыры сыздап, солқылдай бастады. Қасыреті қалың халқымыздың азабы арылмаған ауыл-аймағымыздан бастап, Біріккен Ұлттар Ұйымының мәртебелі мінберіне дейінгі аралықта бұрын тылсым құпияның құндағында тұншығып келген жансебіл шындықтың небір айғақтары жалғанның жарығына жүзін тосты. (М.С.Горбачевтің «қоғамды қайта құру» дүрбелеңіне дейін Арал теңізінің тағдыры жабық тақырып болып келген болатын). Алайда, ғасырлық ғаламат азып-тозудың аткөпір күлінен сілкініп шыққан феникстей қанатын енді қомдай бастаған Еліміз тоталитаризмнің әбден жаныштап езіп тастаған тамұғынан тынысын әлі де кеңейте алмай алқынуда еді. Ядролық жарылыстың қиып түсер қылыштай отты сәулесінің өзі де өте алмайтын мызғымас қамалға бекініп алған безбүйрек бюрократия замана ақиқаты алдында тізе бүккісі келмейді-ақ. Табиғаттың тұла бойына түскен індеттің ауыр зардаптарынан қайткенде құтылудың қам-қарекеті қайсыбір жаны ашымас тоқ пенделерден толассыз қағажу көріп келді. Жария мен құпия бітіспес тайталасқа түскен тұста бет қаратпас бюрократтар ездерінің кім екенін, кім болып келгендерін аңдатып-ақ алды. Бақсақ, олар түптеп келгенде Кеңес елін аяғынан қаз тұрғызған жанкешті халықтардың бәріне бірдей пейіл білдірмейді екен. Егер бәріне бірдей шынымен жандары ашыған болса, Мәскеу жақтан айылын жимастан: «Арал әдемі өлуге тиіс» деп зілденбес еді ғой. Амал не, ақ-адал көңілін тағдыр талқысына тосқан халқымыз сондай сойқан сөзді де есітті. Жүрек жарылмады – сыздады, көңіл құлазыды. Ақиқатына жүгінсек, кешегі Кеңес кеңістігінен Қазақтың байтағындай жұлым-жұлымы шыққан қиырларды табу қиын да шығар. Мұншалықты қасыретке ұшыраған атажұртты жеті қабат жердің «тілін білген» Асанқайғы бабамыз да кезіктіре алмаған болар…

Өз жеріне өзі ессіз ғашық болған Асанқайғының бүгінгі ұрпақтары не көріп отыр? Бүгінде айдай әлемге мәлім болған ақиқат: көрмегенін көрді, есітпегенін есітті, жерінің кеңдігі мен пейілінің жомарттығы өздеріне сор болып жабысты.

Жылдар бойы әрбір қалтарыста кезек-кезеңімен толассыз төпелеген сынақтардан еңселері түсіп есеңгіреді… Ригалық ғалымдардың көп жылғы зерттеулерінің түйініне жүрегің мұздайды. Осынау Жер-Анамызды адамдардың пендешілікпен шекара-шекараға бөлшектеп бөліп тастағандары болмаса, тұтас Планетаның тұла бойы өзіміздің он екі мүшеміз сияқты бірі мен бірі тығыз байланыста екен. Бір ғана Арал теңізінің өзі жер астынан да, жер үстінен де Орта Азиямен, Каспий және Балқаш өңірімен, Оңтүстік Оралдан бастап Иран, Ауғанстан, Қытай, Моңғолия аймақтарымен шым-шытырық байланысып жатқан көрінеді. Семейдің жер қойнауын 40 жыл солқылдатқан тажал сойқаны бүкіл Қазақ жерінің «миын» шайқалтқан деседі. Ригалық ғалымдар біздің өзендеріміз бен көлдеріміздің, бұлақтарымыз бен жылғаларымыздың суала бастауы – жер астындағы жарылыстардың астаң-кестең дүмпуінен деген қорытындыға келген. Аралдың шалажансар күйге ұшырауы Әмудария мен Сырдарияға түскен бұғалықпен қоса жеріміздің қолдан жасалған қиянаттан сілкініп тұратыны да себеп болса керек. «Арқада айғыр азынаса, Сырда сиырдың мүйізі сырқырайдының» нақ өзі ғой, бұл.

Міне, жан-жақтан қыспаққа алған осындай зобалаңның зардабы ақырында бір замандарда «Қазақ жерінің саваннасы» атанған сулы-нулы Сыр бойын да жұтатып тынды. Түгін тартсаң қояны мен қырғауылы жыпырлап шыға келетін осынау мамырстан Өлкенің бүгінгі келбеті кісі шошырлық. Қай түкпіріне барсаңыз да, жолығатыныңыз ысылдаған орғыл құм мен шаң-тозаңы бұрқыраған, ақ сорға бөккен кебір. Еуропаның бірнеше мемлекеті еркін сиып кететін Сыр бойының маңдайына басқан жалғыз теңізі – Арал өліп, өшіп барып қайта тірілгендей болды. Баяғы сылаң қаққан сұлу Сырдың асау арнасы 1976 жылы біржола бітеліп, арада 12 жыл өткенде 1988 жылы қайтадан тыныс созды. Бұған да шүкіршілік. Алайда, жерінің ажары мен табиғи байлығының базарынан айрылған көптің көңілі әлі күпті, кеудені кеулеп алған күдіктен айыға алатын емес. Айықпайтыны: дарияның қос қапталын күні кешеге дейін абат баққа айналдырып келген өлкемізде бар болғаны 85 көл қалыпты, көлемі бар болғаны 34545 гектардай ғана су айдыны алып жатыр. Баяғы мың көлден қалғаны осы. Егер қайта құру шапағатымен теңізді құтқару ұраны көтерілмегенде, біз бүгіндері бұл көлден де айырылып, аймаңдай болып қалатын едік. «Күріш көлеңкесінде күрмек су ішедінің» керімен теңізге жіберілген нәрдің арқасында қалтарыста қалған осы көлдерімізге енді-енді жан еніп келеді.

Бұған шүкіршілік дегенімізбен бөрікті аспанға лақтыруға әлі тым ерте. Себебі, сол көлдерге су беріп жатқан дариядағы минералды қалдық нормадан артық. Енді осыған бүкіл Сыр бойын жайлап алған теңіздің тырдай жалаңаш табанынан күні-түні бір тынбай көтеріліп тұратын тұзды шаңды қосыңыз. Арал өңірінің аумағында үстіңе шыр жұқпайтын баяғы ақша­ғыл топырағына сор татыған сол тұзды шаң мидай арала­сып кеткен.

…1972 жылы Стокгольмде өткен Біріккен Ұлттар Ұйымының конференциясында қабылданған Декларация табиғатты қамқорлыққа алудың 26 принципін белгілеп берген еді. Адамгершілік тағылымын ұстанған сондағы бүкіл әлемдік үн әупірімдеп біздің жерімізге де жеткен-ді. Соның дүмпуімен қоршаған төңірегімізді қорғау күнін 1973 жылдан бері атап өтумен келеміз. Бірақ осындай ізгі шараға қайшы келетін құбылыстар – табиғатты аямай тонау, айнала аймақты бүлдіру қас қылғандай сол жетпісінші жылдардан бастап өте қатты белең алып кетті. Мәртебелі мінбелерден, дуалы ауыздардан айтылған табиғатты қорғау жөніндегі сөздер мен қоғамдық пікірді баса-көктеп ие бермей кеткен қатерлі істердің арасындағы алшақтық жер мен көктей болды. Мұндай сорақылықтан сақтандырса, енді-енді дұрыс бағыт ала бастаған қоғамдық күштер ғана сақтандыра алар-ау.

Қордаланып қалған қиындықтың ең зоры сол, біздің Қазақстан тұрғындарының экологиялық ар-ожданы мен мәдениетін айтпағанда, экологиялық сауаттылығының өзі сын көтермейді. Бірқатар сырт елдер қоршаған ортаны қорғауда ертеңі үшін алдын-ала қам жасап жатқанда, біздегілер «табиғаттың бермесін тартып аламыз» деп босқа арамтер болып жүргендерінде қанша уақытымыз текке кеткен десеңші. Олардың соншалықты жойдасыз да жойқын екпіндері «құдайдан тілеген» дейтін пенделердің де пейілі мен құлқын алжастырыпты. Табиғат тозса, адам да рухани жүдеулікке ұшырайды екен. Осы күні байырқалап отырсаңыз, бүкіл облыс байтағында бұрындары қоқыстың неше түрі аткөпір болып жататын. Облыс тұрғындарының бірқатары күл-қоқысын үйінің іргесіне төгіп, айналасына шыбын үймелетіп отыра беретін еді. Қалаңызда да, ауылыңызда да тазалық сын көтермейтін. Аудан орталықтары мен елді мекендердің көшелеріне жуынды-шайындыны ерсілі-қарсылы жарысып төге беретін. Бұл неден еді?

Бұл сайып келгенде біздің экологиялық сауатымыздың тапшылығынан-ау деп топшылаймын. Иә, айтатыны жоқ, біздің қандастарымыздың экологиялық ар-ожданы енді-енді оянып келеді. Жер-Анамыздың жұпар төсін арда емуге келгенде, алдымызға жан салмаймыз. Барын сығып алуға бармыз. Қара жерді қақыратып байлығын қопарудан да ел-елдің алдындамыз. Ал сонан келе жер бетінде қыбырлап-жыбырлап жүрген өзіміздің игілігіміз үшін қарапайым істі тиянақтауға келгенде бізден өткен қырсыздықты қайдан іздеп табарсыз. Жер көлемі Қазақстанның бір облысындай ғана Жапонияда күл-қоқысты да пайдаға жаратады, оны теңізге тастап, жерін жылдан-жылға кеңейте береді және оның үстін құнарлы топырақпен жауып, жасыл желекті саябақ жасайды, нәтижесінде халықтың рахаттанып демалатын саялы бағына айналады. Ал бізде бардың өзін ұқсата алмау сүйекке сіңіп кеткен. Бір ғана мысал: 1988-жылдан бастап дария арқылы теңізге қарай жіберілген судың жалпы есебін білеміз бе? Қағаз жүзінде білеміз, бәрі сайрап тұр. Ал сол үздіксіз ағылған судың теңізге жеткенше қаншасы ысырап болды? Оны білмейміз, үйткені біздің онымен ісіміз жоқ. Кезінде айтысып-тартысып жүріп Кремльден сұрап алған суымызға ие бола алдық па? Ие бола алмадық. Арынды ағын Арал теңізіне жеткенше ай далаға жайылып ысырап болды. Жылда осылай қайталанатын.

Мұның себебі, бізде барды ұқсататын жөнді база жоқ болды. Суды игеру жұмыстары баяғы ескі әдіспен жүргізілетін. Ие бермей арқырап аққанда су жолдарын бульдозермен топырақ үйіп бөгейміз, сосын тағы да сол бульдозермен топырақты қопара ысырып су жолын ашамыз. Міне, жұмыстың түрі осындай еді. Шаруашылықаралық су жолдарымыз баяғы алпысыншы жылдардағы құрылыс болатын, ол қашанғы шыдасын, азып-тозды. Техникалық мүмкіндіктің әлсіздігінен бір ғана ішкі су жолдарымызда жылда қаншама су ысырап болады десеңші.

Міне, тірлігіміздің жайы осындай еді ғой. Өзі аз суға ие бола алмаймыз, рәсуа етеміз, сөйтіп жерді қол­дан бүлдіреміз. Нәтижесінде облыста талай жылғы су ысы­рабынан батпаққа, тұзды сорға айналған жерлер жетерлік.

Бізді табиғатты сауықтырудың қайсыбір қисындары кейде кісі күлерлік ыңғайдан да табылып жататын. Арал проблемасы көтерілген кезде алматылық ғалымдарымыз құрғап қалған теңіз ұлтанына өсімдік егу «жаңалығын» ұсынып, оған бір шашылдық. Уақытында қыруар қаржының бір парасы соған кетті. Ақиқаты, атқа мінген бишікештердің осындайда бөлісе қоятын жеміне айналып, рәсуа болды. Теңіздің өткен тарихына үңілейікші. Отыз бес мың жыл құм шабуылына қорған болған Аралды бары-жоғы ширек ғасырда аздырып жіберудің эксперименті аз болғандай, ащы соры көпіршіген теңіз табанына «жайқалтып» өсімдік өсірмекші болғандардың идеясы кезекті бір науқанға айналып өте шықпаса екен деңіз. Теңіз – Арал аймағына қоныстанған халықтың тағдыры еді, ал оның құрғап қалған  байтағына «өсімдік өсіруге» кеткен қаржы сол халықтың маңдай тері мен табан етінің ақысы емес деп кімнің тәуекелі жетіп айта алар екен? Солтүстік Арал аймағында жылда болып қайтамын. Сонда көретінім: Арал қаласының айналасы жы­лан жалағандай қылтанағы құрыған, құмы суырып, шаңы бұрқырап жатады. Сол жерлерді баяғыдан бері жылда қара күзде жыртып, сексеуіл дәнін сеуіп тастай бер­ген болса, бүгінде қалаға қорған болып жайқалып тұрған болар еді-ау. Шөл далада қасқиып өзі өніп өсе бере­тін сексеуілді көгерте алмай жүріп теңіз табанына жайқалтып «егін түлетпекші» болғандардың әрекетіне не деуге болады? Бұл не деген жүрек жұтқандық?! Анау құр­ғап қалған алқаптарға қолдан өсімдіктер өсіру бір ғасыр­да орындалатын іс пе? Тіпті ақылға сия ма? Оған күш, қаржы қайда? «Кіші Аралды» бөгеп алу арман болып тұрғанда!

Бұл өмірде орындалмайтын идеяны ұсынып жұрт­ты әбігерге салып қойған «ғұламалар» осы күні теңіз­дің жалаңаштанып қалған алқаптарын келіп көрмейді-ау! Табиғат – Анамыз, киелі топырағымыз тіршілігін тоқ­татпайды екен. Уақыты келгенде өзін-өзі емдеп алу­ға қабілеті жетеді екен. Баяғы сор татып ақ шаңдағы шы­ғып жатқан теңіз ұлтанында осы күні түйе түлігі сүй­­сі­ніп жейтін қызыл сораң мен ащы жапырақты сары балақ бұталар балапандап өсе бастағанын кезінде көз көрді.

Ал, жаратылыстың бұл құдыретіне не дерсің?

Жалғасы бар

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған