Еліміздің саяси жүйесінде осы жылы біршама жаңа ауыс-түйістер, тағайындаулар мен сайлаулар орын алды. Соның бірі – вице-президент лауазымы. Саясаттағы бұл жаңашылдыққа жұртшылық таңданыспен қарады. Тоқаев Құрылтай сайлауында дауыс бергеннен кейін «Келесі аптада немесе он күн ішінде вице-президент кім екені мәлім болады. Мен оны қазір анық айта алмаймын. Ол белгілі, сіздер жақсы білетін адам болады», — деп тағайындауды астарлап жеткізген еді. Әрине, “оның атқаратын міндеті қандай, ел үшін маңызы жоғары Президенттен кейінгі тұлға болады ма және ол лауазымға кім тағайындалады” деген сауалдардың жауабы қара халықтан бұрын біраз ақ жағалылар үшін құпия, әрі қызықты интрига болғаны да белгілі…
Тарих қайталанады деген түсінік саясатқа да қатысты болса керек. Саясат сахнасының өткен шағына оралсақ, бұл лауазым Қазақстанда бұрын болған. 1990 жылы президентпен қатар вице-президент лауазымы енгізілген. 1991 жылы 1 желтоқсанда өткен президент сайлауында Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге Ерик Асанбаев вице-президент болып сайланды. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін де бұл лауазым сақталды. 1995 жылғы Конституцияда вице-президент институты қарастырылмады, сол кезеңнен кейін лауазым жойылды. Араға 30 жыл уақыт салып, конституциялық өзгерістерден кейін Қазақстанда вице-президент лауазымы қайта енгізілді. Қасым Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Ерлан Қарин Вице-Президент лауазымына лайық деп танылып, ел алдына жаңа жауапкершілікпен қайта таныстырылды.
– «Вице-президент ерекше рөл атқаратын болады, Құрылтай депутаттарымен тығыз жұмыс жасап, Конституциямен айқындалған өкілеттіктерді жүзеге асырады. Осыған байланысты мен Ерлан Қариннің кандидатурасын ұсынамын. Ол – көп жылдар бойы мемлекеттік қызметте еңбек етіп келе жатқан танымал мемлекет қайраткері. Тәжірибесі мол, оны жақсы білесіздер. Ол ұзақ жылдар бойы еліміздің дамуына елеулі үлес қосып келеді. Сондықтан оны лайықты кандидат деп санаймын және Құрылтай депутаттарынан осы кандидатураны қолдауды сұраймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жаңа лауазымға ие болған Ерлан Қарин бір ай ішінде біршама кездесулерде төбе көрсетіп, біраз жиындарда салмақты ойын ортаға салды. Қысқаша шолу жасап, вице-президенттің жұртты қызықтырған қызметтегі міндеттеріне сәйкес атқарып жатқан жұмыстарына тоқталайық.
Еңбек адамдары еленсін!…
Ақорда төрінде ұйымдастырылған алғашқы жиындардың бірін Вице-Президент Ерлан Қарин идеология саласына арнады. Елдің ішкі саясатына бағытталған отырыста ел аумағындағы мерекелік күндері өткізілетін және Еңбек күніне негізделген іс-шараларда жүргізілетін жұмыстың реті айқындалды.
Вице-Президент Ерлан Қарин:
– Мемлекет конституциялық құндылықтарды жан-жақты ілгерілетуде. Бұл қатарда еңбекқорлық пен прогресс, жұмысшы мамандықтар өкілдеріне құрмет көрсету де бар. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасампаз еңбек идеологиясын насихаттауға айрықша мән беріп, өз ісінің майталмандарын, еңбек әулеттерінің өкілдерін жоғары мемлекеттік наградалармен марапаттап келеді. Осы орайда, ақпараттық кеңістікте еңбек адамдарының жетістіктері мен ғұмыр жолын үнемі насихаттап, олардың еліміздің озық дамуына қосып отырған үлесін атап көрсеткен жөн. Отандық IT-жобалардың, стартаптардың табысты нәтижелеріне, жаңа цифрлық технологиялардың енгізілуіне айрықша назар аудару қажет. Бұл жұмыс белгілі бір іс-шаралармен ғана шектелмей, тұрақты әрі жүйелі түрде жүргізілуге тиіс. Түпкі мақсат – Президент айқындап бергендей, еңбекқорлықты ұлттық сипатымыздың ажырамас бөлігіне айналдыру.
Вице-Президент тарапынан Президент Әкімшілігі мен әлеуметтік-мәдени және ақпараттық бағыттарға жауапты басшыларға осы бағыттағы жұмысты күшейтіп, еңбек адамдарының еңбегін кеңінен насихаттау тапсырылды.
Қырғыз бен Қазақ кездесті
Вице-Президент Ерлан Қаринның кезекті кездесуі халықаралық бағытта өрбіді. Көршілес қырғыз елінің Мемлекеттік хатшысы Арслан Койчиевпен тілдесіп, «Өр Алтай – түркілердің ата қонысы» ІІІ халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда төбе көрсеткеніне ризашылығын жеткізді.
Екі тарап Қазақстандағы реформалар мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси бағытының маңызын атап өтті. Сонымен қатар екі елдің мәдени және ғылыми саладағы бірлескен жобалары мен көршілес мемлекеттер арасындағы өзара байланыс мәселелері сөз болды.
Жаңа Конституциялық құндылықтарды ілгерілету керек!..
Вице-Президент идеология бағытын талапқа сәйкес және жоғары деңгейде жүргізу мақсатында ішкі саясат саласындағы жұмыстарға қайта басымдық берді. Әйткенмен, бұл кездесудегі жоспар мен бағыт басқа. Ерлан Қариннің төрағалығымен өткен жиында бір емес бірнеше мәселе талқыға түсті.
Алдымен Конституцияда бекітілген құндылықтарды қоғамға кеңінен насихаттау мәселесі қаралды. Осы орайда жиын барысында Ата заңдағы құндылықтар Президент жүргізіп отырған реформалардың негізі екені айтылды. Мемлекеттік саясат заң мен тәртіпті, ұлттық бірлік пен қоғамдық келісімді нығайтуға, мәдениет, білім, ғылым мен инновацияны дамытуға, сондай-ақ еңбекқорлық пен патриотизм бағыттағы жұмыстарды жетілдіруі тиіс. Осы орайда Ерлан Қарин Президенттің тапсырмасына сәйкес Конституцияны насихаттауға арналған іс-шаралар желісін кеңейтіп, аталған бағыттағы жұмыстарды жеделдетуді тапсырды.
Екінші бағыт жаңа қоғамдық мәдениетті қалыптастыруға арналды. Ерлан Қарин қоғамдағы тәртіп пен адамдардың қоғамдық орындардағы мәдениетін жақсартудың маңызын атап өтті. Сонымен бірге «Заң және тәртіп», «Таза Қазақстан» және «Адал азамат» жобаларын жүйелі түрде жүзеге асыру қажеттігі айтылды.
Сондай-ақ, үшінші бағыт ішкі саясатқа қатысты негізгі құжаттарды сапалы жүзеге асыруға арналды. Оның ішінде балалар, дін, жастар және жастарды әскери-патриоттық бағытта тәрбиелеу мәселелері бар. Одан бөлек «Оқитын ұлт» және этносаралық қатынастар мен қоғамдық келісімді дамытуға арналған жаңа тұжырымдамаларды уақытында әзірлеу қажеттігі айтылды.
Вице-Президент Ерлан Қарин:
– Ішкі саясат саласындағы жүйелеу жұмысын жалғастыру қажет – бірыңғай талаптарды, нақты регламенттер мен рәсімдерді бекіту керек. Қарқынды бәсеңдетуге немесе қол жеткізген нәтижелермен тоқтап қалуға болмайды, үнемі алға ұмтылу қажет. Біздің ортақ міндетіміз – азаматтардың сұранысына тиімді жауап беру, жасампаз күн тәртібі мен жаңа конституциялық құндылықтарды ілгерілету, Президент бастамаларының сапалы әрі тиімді іске асырылуын қамтамасыз ету.
Ерлан Қарин Президенттің реформалары мен Әділетті Қазақстан құруға бағытталған жұмыстарды ел халқына кеңінен түсіндірудің маңызын сөз етті.
Бірлескен жұмысқа дайын…
Вице-Президент Ерлан Қарин Құрылтайдағы саяси партиялар фракцияларының жетекшілерімен кездесті. Кездесуде Құрылтайдың жаңа құрамына тоқталып, мүшелікке түрлі салада тәжірибесі бар кәсіби мамандар, экономика және қоғам өкілдері кіргенін жеткізді.
Вице-Президент Ерлан Қарин:
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайдың алғашқы сессиясының ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде заңнамалық жұмыстардың негізгі бағыттарын айқындап, басымдыққа ие бірқатар заң жобасын атап өтті. Сондай-ақ Президент жақында Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялайтынын мәлімдеді. Көріп отырғандай, күн тәртібі өте тығыз әрі үлкен саяси оқиғаларға толы. Сондай-ақ өткен үгіт-насихат науқаны барысында сайлаушылар тарапынан көтерілген мәселелерді бірлесе зерделеп, талдауға мүдделіміз. Сондықтан мазмұнды әрі тұрақты диалогты одан әрі жалғастыру керек. Біз ортақ мақсаттар мен міндеттерді іске асыру бойынша ашық әрі сындарлы ынтымақтастыққа, бірлескен жұмысқа дайынбыз.
Жиынға «Әділет» партиясы фракциясының жетекшісі Ербол Адаев, «Ауыл» партиясы фракциясының жетекшісі Қайрат Айтуғанов, «Respublica» партиясы фракциясының жетекшісі Айдарбек Қожаназаров, «Ақ жол» партиясы фракциясының жетекшісі Дания Еспаева, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы фракциясының жетекшісі Асхат Рахымжанов, сондай-ақ Президенттің Құрылтайдағы Өкілдігінің басшысы Мұрат Қайырбек қатысты.
Фракция жетекшілері Президенттің бастамалары мен партиялардың сайлауалды бағдарламаларын жүзеге асыру бағытындағы жоспарларын таныстырып, алдағы уақытта халыққа уәде етілген жұмыстарға басымдық берілетінін тілге тиек етті.
Халықпен байланыс орнатудың кең жүйесі қалыптасты…
Ақордада Вице-Президент Ерлан Қариннің төрағалығымен өткен келесі басқосу барысында халықпен кері байланысты күшейту мәселелері талқыланды.
Жиынға Президент Әкімшілігі, мемлекеттік органдар мен бірқатар мекемелердің өкілдері қатысты. Басқосу барысында Ерлан Қарин Президенттің тапсырмасымен барлық салада цифрлық технологиялар мен жасанды интеллекттіні енгізу жұмыстары жүріп жатқанын атап өтті.
Ерлан Қарин кездесу аясында Президенттің елді цифрландыруға бағытталған бастамасы мемлекет пен халық арасындағы байланысты жақсартуды да көздеуге негізделгенін және бүгінде елімізде халықпен байланыс орнатудың кең жүйесі қалыптасқанын айтты. Жыл сайын ХҚКО арқылы 30 миллионнан астам қызмет көрсетіліп, мемлекеттік байланыс орталықтарына 21 миллионнан астам қоңырау түседі.Сонымен қатар өңірлердегі I-Komek орталықтарының жұмысында айырмашылық бар екені анықталды. 2025 жылы түскен 4 миллион қоңыраудың жартысынан көбі Астана қаласына байланысты. Айта кету керек, әр аймақтағы орталықтардың тиімді жұмыс істемеуі салдарынан халық мәселелерін «e-Otinish» арқылы жолдауда. Әлбетте, бұл ақпараттың жергілікті органдарға кеш жетуіне және мәселелердің шешілу уақытын ұзартуға әсер етеді. Сондықтан Вице-Президент ең алдымен, елордалық I-Komek орталығының облыстардағы жұмыс процесстерін пысықтап, олардың күнделікті түскен мәселелерді шешу үшін жұмыстиімділігін арттыру қажет екенін тапсырды.
Айдана Әлиарыстан