Қызылорда облысы әкімі Мұрат Ергешбаев, қасында облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов бар, сондай-ақ ел ағалары қосылып іс-сапармен бірқатар аудандарға барды.
Алдымен Сырдария ауданының Аманкелді, Жетікөл, Айдарлы ауылдарына жұмыс сапарымен барып, тұрғындармен және аудан активімен кездесті. Онда өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі қорытындылары мен алдағы міндеттер талқыланды.
Жақында ауданда ауыл шаруашылығы саласын жаңа деңгейге көтеретін ауқымды инвестициялық жоба – жүгері дақылын терең өңдеу зауытының алғашқы кезеңі іске қосылды. Алда бұдан да басқа жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, салық базасын ұлғайту міндеті тұр.
Аймақ басшысы шаруашылық каналдарын бетондау жобасын жедел әзірлеуді, суды аз қажет ететін дақылдар көлемін ұлғайтуды тапсырды. Құрылыс сапасын бақылаудағы кейбір мәселелергетоқталып, болашақта салынатын нысандарды бастан-аяқ қатаң бақылауды жауапты мамандарға жүктеді.
Бүгінде Сырдария ауданын газдандыру деңгейі 67пайыз, Шіркейлі және Қоғалыкөл ауылдарына табиғи газ жеткізуге қаржы бөлінді. Бұл жұмыс мерзімінде әрі сапалы атқарылуы тиіс.
Бесарық ауылын газдандыру жобасы дайын. Ендігі кезекте демеушілерді тарта отырып, қалған ауылдардың жобасы әзірленуі керек.
Кездесуде электр желілеріндегі апаттың алдын алу, жедел шара қабылдау, «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасын іске асыруға қатысты тапсырмалар берілді.
Сырдария ауданындағы 2024 жылы пайдалануға берілген полигонда қалдықты қабылдау, сұрыптау және залалсыздандыру процестеріталапқа сәйкес болуы тиіс. Қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіп назардан тыс қалмауы қажет.
Биылғы төрт айда аудан экономикасында оң өсім қалыптасты. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 38 млрд. теңгеден асып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай артты.
Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде өндірілген өнім көлемі 4,6 млрд. теңге, ауыл, орман және балық шаруашылығы саласында өндірілген жалпы өнім көлемі 2,2 млрд. теңгеге жетіп, өсім көрсетті. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 21,3 млрд. теңге, жыл басынан бері 6 732 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
Шағын және орта кәсіпкерлік саласы да тұрақты дамып келеді, ауданда 2 368 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген, оның 98,3 пайызы белсенді жұмыс істейді.
Кездесуде ақсақалдар ұсыныс-пікірлерін білдіріп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелерді көтерді.
Облыс әкімі барлық ұсыныс назарға алынатынын және көтерілген мәселелер кезең-кезеңімен шешілетінін атап өтті.
* * *
Содан кейін Жалағаш ауданына жұмыс сапарымен барып, М.Шәменов, Қаракеткен, Аққұм ауылдарының тұрғындарымен және аудан активімен кездесті.
Жиында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері, бағдарланған ауқымды жобалар талқыланды.
Қаракеткен ауылында іске қосылған «Харвест Агро» агроиндустриалды кластерінің алғашқы кезеңі – аудан экономикасына айрықша серпін беретін жоба.
Аймақ басшысы аудан әкімдігіне қолда бар мүмкіндіктерді тиімді пайдалануды, инвестицияның басқа да көздерін іздестіруді, салық базасын ұлғайтуды тапсырды.
Шаруашылық құрылымдарымен бірге каналдарды бетондау жобаларын әзірлеу, оларды тез арада қаржыландыруға ұсыну, суды аз қажет ететін дақылдар көлемін ұлғайту да назардан тыс қалмауы тиіс.
Соңғы төрт жылда Жалағаш ауданында 192 пәтер салынды. Салаға жетекшілік жасайтын аудан әкімінің орынбасары, құрылыс бөлімінің басшысы әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің сапасын қатаң бақылауы керек.
Жалағаш ауданында газдандыру деңгейі 53 пайыз, Қаракеткен және Бұқарбай батыр ауылдарына газ тарту жобасы әзірленген, Аққұм және Мәдениет бағытындағы ауылдарға жоба дайындауға демеушілерді тарту тапсырылды.
Мәжілісте электр желілеріндегі апатты болдырмаудың жедел шараларын қабылдау, тұрмыстық қатты қалдықтарды тиімді басқару мәселелері де талқыланып, тиісті тапсырма берілді.
Аймақ басшысы «Руханият» орталығында ауданның белсенді жастарымен кездесіп, олардың тың жобалары таныстырылды.
Жалағаш ауданында өнеркәсіп өнімдерін өндіру көлемі 120,0 пайызға орындалып, 12 млрд. 269 млн. теңгенің өнімі өндірілді. Ал инвестиция көлемі 8 млрд. 290 млн. теңге болып, есепті кезеңмен салыстырғанда 122,7 пайызға жетті.
Ауыл шаруашылығы саласында да өсім байқалады. Нақтырақ айтсақ, биыл жалағаштық шаруалар 42 178 гектарға егін екті, күріш көлемі 16 800 гектар.
Ауданда 2 531 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелсе, оның 97,3 пайызы тұрақты жұмыс істейді.
* * *
Арал ауданындағы жұмыс сапары кезінде Қамыстыбас ауылдық округіне барып, ондағы «Аққұмшық» жағажайының қазіргі тыныс-тіршілігімен танысты.
Өңірдегі туризмді дамытуда ерекше маңызға ие демалыс аймағы «Арал геопаркі» жобасына енгізілген. Соның нәтижесінде өткен жылы бұл аймаққа 100 мыңға жуық адам қызығушылық танытып келген. Аумағы екі гектар демалыс аймағында бүгінде 21 кәсіпкер келушілерге сапалы қызмет көрсетуде, 110 демалыс үйі қамтылған.
Сонымен қатар жаяу жүргіншілер жолы салынған, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бейнекамералар орнатылған. Демалушыларға арнайы орындар мен үш волейбол алаңы да жасалған.
Облыс әкімі келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, қызмет көрсету сапасын жақсарта түсуді тапсырды.
Бұдан кейін Мұрат Нәлқожаұлы «Самара-Шымкент» тас жолындағы орташа жөндеу жұмыстарымен танысты. Өткен жылы «Қарабұтақ – Қызылорда – Шымкент» республикалық маңызы бар автомобиль жолының Әйтеке би кенті мен Арал қаласы аралығындағы учаскесін орташа жөндеу қажеттігі туындаған болатын.
Осыған байланысты биыл «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ 9,5 шақырым жолды қолға алды. Жауапты мердігер – «Арал Құрылыс» ЖШС, жұмыс жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда.
Сонымен қатар «Қызылорда – Сексеуіл» автомобиль жолын реконструкциялау жобасы аясында қайта жаңғырту көзделген. Аталған жоба бойынша техника-экономикалық негіздемеге оң қорытынды алынған.
Жөндеу барысымен танысқан аймақ басшысы жол сапасына қатысты жауапты сала жетекшілері мен мердігер мекеме жұмысын қатаң сынға алды. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-на тез арада жол-көлік қозғалысын ретке келтіруді, тұрғындарға қолайлы жағдай жасауды, жұмысшылар санын көбейтуді қатаң тапсырды.
* * *
Қызылорда облысы әкімі Мұрат Ергешбаев Арал ауданына жұмыс сапары аясында «Руханият орталығында» аудан активімен кездесті. Онда өңірдің, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму бағдары мен алдағы міндеттер талқыланды.
Мемлекет басшысы Қызылордадағы Ұлттық құрылтайда жылдар бойы атқарылған жұмыс нәтижесінде Кіші Арал теңізінің қалпына келе бастағанын айрықша атап өтті.
Сонымен бірге «Бейнеу – Сексеуіл» бағыты бойынша жол құрылысының биыл басталатынын, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің Қызылорда – Ақтөбе бағытындағы бөлігін төрт жолаққа кеңейту жобасы қолға алынатынын айтты.
Ерекше атап өту қажет, «Бейнеу – Сексеуіл» автожолының жалпы ұзындығы 559 шақырым, оның 189 шақырымы Арал ауданының Сексеуіл, Қосаман, Ақеспе, Ақбасты және Құланды елді мекендері арқылы өтеді.
Аймақ басшысы ауданның туристік әлеуетін тиімді пайдалану және оны нақты жобаға айналдыру қажеттігіне тоқталды. Туристерге қолайлы орта қалыптастыру, сервистік қызмет сапасын арттыру, кәсіпкерлерді осы салаға тарту және қызмет көрсету мәдениетін халықаралық стандарттарға сәйкестендіру керек.
Соңғы төрт жылда барлық ауданда жаңадан 1 800-ге жуық, Арал ауданында 310 пәтер пайдалануға берілді. Тұрғын үй құрылысы биыл да жалғасады. Осыған байланысты құрылыс сапасына қатаң бақылау жүргізу және дайындықты уақытылы ұйымдастыру тапсырылды.
Ауданды газдандыру деңгейі 72 пайыз, Арал қаласы, Сексеуіл және Жақсықылыш кенттері, Қамыстыбас және Аққұм ауылдық округтеріне табиғи газ қосылған. Қалған елді мекендерге газ жеткізуді кезең-кезеңімен жалғастырып, тиісті шаралар қабылдау міндеттелді.
Аймақ басшысы актив отырысынан кейін аудан тұрғындарын жеке қабылдады.
Қабылдауда Арал қаласында ақпан айынан бері табиғи газ төлемінің артық есептелуіне қатысты мәселе көтерілді. Бұл тұтынушылар наразылығын туғызған.
Аталған мәселеге қатысты Арал ауданының әкімдігі мен «РЦКУ-Қызылорда» ЖШС өкілдері түсіндірме берді. Олардың айтуынша, газ төлемі есептегіш құралдардың нақты көрсеткіштері негізінде есептеледі. Ал көрсеткіштер уақытылы ұсынылмаған немесе есептегіштің тексеру мерзімі өтіп кеткен жағдайда, төлем қолданыстағы нормативтерге сәйкес жүргізіледі.
Сондай-ақ тұрғындарға есептегіш құралдарының тексеру мерзімін бақылауда ұстап, көрсеткіштерді уақытылы жолдау қажеттігі түсіндірілді. Есептегіш тексеріліп, нәтижесі дұрыс болса заңнамаға сәйкес қайта есептелуі мүмкін.
* * *
Қазалы ауданына жұмыс сапары аясында Жанкент ауылының тұрғындарымен кездесіп, “Руханият орталығында” аудан активін өткізді.
Кездесуде өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен алдағы негізгі міндеттер талқыланды.
Аймақ басшысы аудан әкімдігіне инвестиция тарту жұмыстарын жандандыруды, су үнемдеу технологияларын тиімді пайдалануды, құрылыс сапасы мен мерзімін қатаң бақылауды, инфрақұрылымдық жобалардың уақытылы аяқталуын қадағалауды тапсырды.
Соңғы төрт жылда Қазалы ауданында 280 пәтер тұрғындар игілігіне берілді. Осы ретте салаға жетекшілік ететін аудан әкімінің орынбасары мен құрылыс бөлімінің басшысы тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар құрылысының сапасына ерекше назар аударып, тұрақты бақылауы қажет.
Қазалы ауданын газдандыру деңгейі бүгінде 75 пайызға жеткен. Биыл Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл және Түктібаев елді мекендерін газдандыруға республикалық бюджеттен 680 млн. теңге бөлініп, жұмыс басталды. Сонымен қатар құжаттары дайын алты ауылды газдандыру жобасын энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасымен, салалық министрліктермен бірлесіп үйлестіру тапсырылды.
Аудандағы маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірі – «Қарлаң» көпірінің құрылысы. Былтыр оған 6,3 млрд. теңге, биыл облыстық бюджеттен 2,2 млрд. теңге бөлініп, жұмыс жоспарға сәйкес жүргізілуде. Мұрат Нәлқожаұлы жауапты сала басшыларына жұмыс барысын тұрақты бақылауды, белгіленген мерзімде пайдалануға беруді тапсырды.
Әрі қарай аймақ басшысы “Руханият орталығында” ауданның белсенді жастарымен кездесіп, олардың тың жобаларымен танысты.