Осыдан бір айдан астам уақыт бұрын Сыр бойында билік ауысты.
Биылғы жылдың 7-ші мамырында сол кездегі аймақ басшысы, қазіргі Үкімет басшысының бірінші орынбасары Н.Нәлібаев Facebookтегі өз парақшасында:
Еңбек жолымдағы тағы бір аса жауапты кезең қорытындыланып, Қызылорда облысының әкімі ретіндегі қызметім аяқталды. Төрт жылдан астам уақыт бойы Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына барлық білім-білігімді, күш-жігерімді, тәжірибемді жұмсадым. Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы аймақ тізгінін тапсырғанда, Президентіміздің, жерлестеріміздің сенімін ақтап, туған жерге адал қызмет етудің жауапкершілігі жеңіл емес екенін жақсы түсіндім.
Кейінгі төрт жылда Мемлекет басшымыздың қолдауымен атқарылған жұмыстардың, жүзеге асқан жобалардың, қолға алынған бастамалардың барлығы жұртшылықтың көз алдында. Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында Президентіміз «Бір сөзбен айтқанда, Қызылорда облысы барлық салада қарқынды дамуда. Облыстың жағдайы жақсы деп күмәнсіз айтуға болады», – деп атап өтті.
Осы уақыт аралығында Президентіміздің, Үкіметтің қолдауымен облыс бюджеті жылдан жылға ұлғайып 809 млрд. теңгеге жетті. Даму бюджетінің көлемі 2021 жылғы 47 млрд. теңгеден 202 млрд. теңгеге дейін артты. Бұл қаражат өңіріміздің ең өзекті мәселелерін шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға, ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бағытталды.
Аймақта қолайлы инвестициялық климат қалыптасып, кейінгі үш жылда өңір экономикасына 1 триллион 600 млрд. теңгеге жуық, 2025 жылы 774 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылды.
Осылайша Қызылорда облысы негізгі макроэкономикалық көрсеткіштері бойынша республикада алдыңғы орындарға шықты. Өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, инвестиция, инфрақұрылым, кәсіпкерлік, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік сала, ауыл шаруашылығы, мәдениет, спорт және тағы басқа бағыттарда атқарылған жұмыстың нәтижесі Қызылорда қаласының, аудан орталықтары мен елді мекендердің келбетінен анық көрінеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары болып тағайындалдым. Мұны сенім мен жауапкершілік жүгінің салмағы еселене түскені деп білемін. Ел дамуы жолында атқаратын жұмыстың ауқымы зор. Сондықтан өзіме жүктелген міндетті толық атқаруға бар күшімді саламын.
Туған жерге қызмет етуге, ойға алған жобаларды іске асыруға мүмкіндік берген Президентімізге, әр бастамаға қолдау білдіріп, тілекші болған Сыр жұртшылығына, ортақ іске бір қолдың саласындай болып жұмылған барша әріптестеріме шынайы алғысымды, зор ризашылығымды білдіремін, – деп жазба қалдырды.
Өзі әкім болған “төрт жылда Қызылорда облысын негізгі макроэкономикалық көрсеткіштері бойынша адыңғы орындарға шығарған» Нұрлыбек Машбекұлы жоғарылап Үкіметке кетті де, есімі бұрыннан елге таныс, осы облыстың Қармақшы, Сырдария, Қазалы, Шиелі аудандарының, Қызылорда қаласының әкімі болған, басқармалар басқарған, одан Парламентке депутат болып сайланып кеткен банкир, қаржыгер, экономист М.Ергешбаев облыс әкімі болып тағайындалды.
Жалпы мемлекеттік қызметте жүргендер үшін, әсіресе облыс әкімдігіндегі лауазымда отырғандарға, аудан, қала әкімдеріне, басқарма, департамент басшыларына билік ауысқан кезең – ең қиын уақыт. Кеткен билікпен бірге өздері де жоғары, төмен кететіндей, болмашыға тынышсызданып, келгеннің қас-қабағына жалтақтап, өздерін өз орындарында сезіне алмай, әбден әбігерге түсетін өліара шақ…
Бұл жолы олай болмады. Жоғары әкім орынбасарларынан бастап үлкен-кіші биліктегілердің бәрінің қызметі қалыпты, ұйқысы тыныш. Сол Нәлібаевтың кезіндегідей елге тәуір қызмет етіп, қызмет баспалдағымен жоғарылауға үмітті. Алды комитетке дейін көтеріліп кетті. Негізі биліктің сабақтастығы осы болса керек.
Иә, Нәлібаев та бір төрт жылда төрлетіп кете қоярмын демеген болар, әйтеуір бірнеше төрт жылға жүк болар жобалар жалғасып, құрылыстар салынып, инвесторлар келіп жатыр. Ергешбаевтың несібесі.
Несібе емей немене, әкім болғанына бір жеті өтпей жатып, Мұрат Нәлқожаұлы Қазақстан – Түркия бизнес форумына қатысып, Түркияның “Fabe Agro” компаниясымен “Қызылорда облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге арналған жылыжай кешенін салу” инвест жобасын іске асыру бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Былайынша айтқанда әкім тыңнан, төтеннен келсе, бір аптада оң-солын да танып үлгермейді…
Мұрат Нәлқожаұлы әкім болып келгеніне 9 күн толғанда 600 отбасы баспаналы болды. Қазіргі кезде қала құрылысы қарқын алған Сол жағалауда 50-ге тарта құрылыс бар екен. Оның 25-і көпқабатты тұрғын үй, 20-сы кәсіпкерлік нысандары болса, бір аурухана, бір емхана да бар.
Бәрінен бұрын “Балаларды қорғау күні” Президент саябағындағы құны 4 млрд. 948 млн. теңге тұратын “Ботаникалық білім беру орталығы” пайдалануға беріліп, қызылордалықтардың бағы жанды. Бағы жанбағанда ше, көп жамағат армандап жүрген “жұмақ бағы” түсте емес, өңіңде бар…
Жаз басталса жыры басталатын балалардың жазғы тынығу лагерлерінің де мәселесі толық шешілді. Президент паркінен жаңадан ашылған “Ai-Kerim” оқу-сауықтыру орталығы ашылғаны бір бөлек, жер-жерден бір мезетте 9 лагерь ашылып, мыңдаған бала тынығуда.
Ай ішіндегі ақпараттарға зер салсақ, әкімнің әр күні әралуан жаңалыққа толы. Қызылордада әлемдік деңгейдегі «Horn» неміс технологиясымен жабдықталып, заманауи, әрі экологиялық өнім шығаратын «Seven Rivers» компаниясының шыны ыдыстар зауытының іргетасы қаланды. Сондай-ақ тағы да бір әлемге әйгілі испандық жүз жылдық тарихы бар, өз саласы бойынша әлемдік деңгейде көшбасшы, әр елде 78 өндірістік алаңы бар, 20 мыңнан астам адам еңбек ететін, 170-тен астам елге өнімін экспорттайтын «Roca Group» компаниясының санитарлық-техникалық жабдықтар зауытының да іргетасы қаланды.
Қалада халықаралық талаптарға сай салынып жатқан “Қызылорда Арена” көпфункционалды спорт кешені, тағы да басқа әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй құрылысы әр кез әкім назарында.
Әкім болып тағайындалғанына үш жеті толғанда М.Ергешбаевты Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев қабылдады. Ресми ақпарат бойынша Мұрат Нәлқожаұлы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевқа аймақта қолайлы инвестициялық климат қалыптасып, экономиканы әртараптандыруда алдағы үш жылға 1 триллион 900 миллиард теңгенің 48 инвестициялық жобасын іске асыру жоспарланғанын, биыл 1 триллион теңгеге 14 ірі жобаның құрылысы басталғанын, Президенттің Ұлттық құрылтай отырысында берген тапсырмасына сәйкес, Қызылорда қаласында 300 орындық көпбейінді аурухана, 500 орындық емхана, 200 орындық перинаталдық орталық, жаңа драма театры мен заманауи кітапхананың құрылыстары жүргізіліп жатқанын, Қызылорда – Ақтөбе автожолын кеңейту жобасының бірінші кезеңі басталғанын, Бейнеу – Сексеуіл тас жолының құрылысы жақында қолға алынатынын, жыл соңына дейін 10 елді мекен газдандырылып, халықтың 85 пайызы көгілдір отынның игілігін көретінін, үй кезегіндегі азаматтарды баспанамен қамту мақсатында биыл 2 400 пәтер беру жоспарланғанын, облыстағы 138 шақырым автомобиль жолдары, көшелер мен көпір өткелдерін жөндеуден өтіп, жолдардың 95,5 пайызы жақсаратынын баяндаған.
Мемлекет басшысы облыс әкіміне экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту, экологиялық ахуалды ілгерілету және ауыл шаруашылығына су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстарын жалғастыру бойынша бірқатар тапсырма берген.
Жалпы отыз күн ой ойлауға да, той тойлауға да жеткілікті уақыт. Қызылордада билік ауысқанымен, талап, бағыт-бағдар, жоспар-жоба, мақсат-мүдде елге қызмет ету бағытынан айныған жоқ, бүгінгі мен кешегінің арасына сына қағылмады, кешегі бүгіннен алыстамады. Кешегі басталған істер бүгін жалғасын табуда.
Үкіметтегі Нәлібаев пен аймақтағы Ергешбаев тандемі ел табысын еселей түсері сөзсіз…
Ал, негізінде Нұрлыбек Машбекұлының Үкіметке көтерілгені – Сыр бойының несібесі…
АМАНӨТКЕЛ АУЫЛЫНДА 150 ОРЫНДЫҚ МӘДЕНИЕТ ҮЙІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ.
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, Арал ауданына жұмыс сапары барысында Аманөткел ауылындағы 150 орындық мәдениет үйінің ашылу рәсіміне қатысып, ауыл ақсақалдарымен кездесті.
Оған облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов және ел ағалары, ардагерлер, ауыл тұрғындары қатысты.
Өңірде 2022-2026 жылдары 200-ден астам әлеуметтік нысан салынып пайдалануға берілді. Оның ішінде 22 мәдениет нысаны ел игілігіне қызмет етуде.
Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген «Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы» жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Бүгінде Арал ауданында тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асуда.
Сексеуіл кентінде «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясының демеушілігімен «Оқушылар үйі» мен «Өнер мектебінің» іргетасы қаланды. Сонымен қатар Шижаға ауылында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Абай елді мекені орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылды.
Аймақ басшысы мәдениет ел руханиятының тірегі екенін атап өтіп, жаңа Мәдениет үйі ауылдың тыныс-тіршілігіне серпін беретініне тоқталды.
– «Мемлекет басшысы «Мәдениет – ұлттың төлқұжаты. Жаһан жұрты елімізді, ең алдымен, өнеріміз арқылы танып біледі», – деген болатын. Мәдениет – елдің рухани тірегі, ұлттың ұлы мұрасы. Жаңа мәдениет үйінде дәріптелген ұлттық құндылықтарымыз арқылы рухани қазынамызтолығады деп сенемін. Жаңа нысан жастарымыздың талантын ұштауға қызмет ете берсін! Ауыл тұрғындарына жаңа тыныс сыйлап, мәдени жаңғырудың орталығына айналсын», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Рәсімде ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтар мен жаңа нысанды салған мердігер мекеме қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Мемлекет және қоғам қайраткері Биғали Қаюпов сөз сөйлеп, ауыл ақсақалы Шыңдалы Әбдіраманов батасын берді.
АРАЛ АУДАНЫ АБАЙ ЕЛДІ МЕКЕНІНЕ АУЫЗСУ ЖЕТКІЗІЛДІ.
Қызылорда облысы әкімі Мұрат Ергешбаев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен ардагерлер Арал ауданы Абай елді мекеніне ауызсу қосу рәсіміне қатысты.
Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасымен мемлекетке қайтарылған актив қаражаты есебінен 8 млрд. теңгеден астам қаржыға жүзеге асты.
Аймақ басшысы ауыл тұрғындарын құттықтап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы жетістіктерді атап өтті.
– «Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен, Нұрлыбек Машбекұлының тиімді ұйымдастыруымен облыс бюджеті 809 млрд. теңгеге жетіп, 2021 жылмен салыстырғанда 2 есе ұлғайды.
Даму бюджеті соңғы 4 жылда 4,3 есеге артты. Бұл қаражат аймағымыздың ең өзекті мәселелерін шешуге, ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталды.
Бүгінде облыс тұрғындары 100 пайыз орталықтандырылған сапалы ауызсумен қамтылған.
Жыл соңына дейін 10 елді мекенді газдандырып, халықты көгілдір отынмен қамту деңгейін 85 пайызға жеткіземіз.
Таза ауызсу ауылдықтардың тұрмыс сапасына, әлеуметтік жағдайын жақсартуға оң әсер етеді деп сенеміз.
Бүгінгі игілік барша отбасына бақыт пен шаттық әкелсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын»,- деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Шарада қоғам қайраткері Имамадин Оңғарбаев сөз сөйлеп, ел ағасы Иманбай Әйтімов ақ батасын берді.
Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан азаматтар мен ауылға ауыз су тартқан мердігер мекеме қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
ШИЖАҒАДА ДЕНЕШЫНЫҚТЫРУ-САУЫҚТЫРУ КЕШЕНІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ.
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов және ел ағалары Шижаға елді мекеніндегі денешынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылу рәсіміне қатысты.
Соңғы жылдары өңірде әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізілді. Нәтижесінде 2022-2026 жылдары 200-ден астам әлеуметтік нысан бой көтерді. Оның 25-і – спорт нысаны.
Аймақ басшысы тұрғындарды құттықтап, спорт саласындағы жетістіктерді атап өтті.
– «Президентіміз Үкімет пен облыс әкімдеріне мемлекет қолдауын тиімді, мақсатты пайдаланып, ауыл халқының табысын арттыру міндетін қойды.
Бүгінде Арал ауданында серпінді жобалар сәтті жүзеге асуда. Күні кеше Аманөткел ауылындағы 150 орындық мәдениет үйінің жаңа ғимаратын ел игілігіне табыстадық. Бүгін Сексеуіл кентінде «Қазақстан Темір жолы» ұлттық компаниясының демеушілігімен 1 млрд. теңгеге салынатын “Оқушылар үйі” мен “Өнер мектебінің” іргетасын қаладық.
Сонымен қатар, Абай елді мекенін орталықтандырылған сапалы ауызсуға қосамыз. Осындай игі істердің жалғасы ретінде Өздеріңізбен бірге «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған Шижаға ауылындағы денешынықтыру-сауықтыру кешенін табыстаймыз.
Жаңа спорт кешені дені сау ұлт қалыптастыруға қызмет етіп, осы жерден әлемдік ареналарда Қазақстанның көк Туын көкте желбірететін чемпиондар шығады деп сенеміз»,- деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Рәсімде қоғам қайраткері Айтбай Көшербай сөз сөйлеп, Аққұм ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақытжан Сматуллаев ақ батасын берді. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтар мен ғимарат құрылысын сапалы салған мердігер мекеме өкілдері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.