Сурет ғаламтор желісінен алынды
Жаздың бірінші айы басталды. Мектеп оқушылары мен студенттер каникулға шықты. Үкімет пен жергілікті биліктегілерге жауапкершілік күшейді. Осы жазғы демалысқа байланысты өткен кешегі Үкімет жиналысында Үкімет басшысы О.Бектенов айтып отырғандай: – «Балалардың көпшілігі жазғы демалысқа шығады. Осы жауапты кезеңді тиісті деңгейде әрі қауіпсіз өткізу – барлық мемлекеттік органдар үшін ортақ міндет. Әрбір мектеп оқушысы, әрбір түлек, әрбір студент үшін оқу жылын сәтті аяқтауға және жазғы демалысты толыққанды өткізуге қолайлы жағдай жасалуы тиіс».
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен оқу жылының қорытындысы және білім алушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселелері талқыланған Үкімет отырысына облыс әкімі Мұрат Ергешбаев селекторлық режим арқылы қатысты.
Үкімет отырысынан кейін аймақ басшысы арнайы жиын өткізіп, жауапты сала басшыларына маңызды тапсырмалар жүктеді.
Биылғы оқу жылын аймақтағы 320 мектепте 189 288 оқушы аяқтады, 10 мыңнан астам жас түлек мектеппен қоштасып, жаңа өмірге қадам басты. Олардың ішінде 987 оқушы «Алтын белгіге», 1141 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер. 10 мамыр – 10 шілде аралығында өтетін Ұлттық бірыңғай тестілеудің шешуші кезеңіне 9 250 оқушы қатысады.
– «Күні кеше облыстағы барлық мектепте оқу жылының аяқталуына арналған салтанатты іс-шаралар өз деңгейінде өтті. Енді аттестат табыстау шарасы бар. Бірінші кезекте жас түлектердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз керек. Білім басқармасына полиция департаментімен, құзырлы мемлекеттік органдармен бірлесіп, аттестат табыстау шарасында және жазғы каникул кезінде кезекшілік, рейд ұйымдастыруды, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді тапсырамын.
Жазғы тынығу лагерьлері 1 маусымнан өз жұмысын бастайды.
Жақында Президент паркінің аумағында жыл он екі ай жұмыс істейтін 300 орындық «Ай-Керім» оқу-сауықтыру орталығы ашылды. Онда азаматтық-патриоттық, рухани-мәдени құндылықтарды қалыптастыруға бағытталған іс-шараларды тұрақты өткізу керек.
Президентіміздің, Үкіметтің қолдауымен салынған «Сыр жұлдыздары» академиясы, «Құзыреттілік орталығы», «Оқушылар сарайы», «Теннис орталығы», облыстық тарихи-өлкетану музейінің әлеуетін барынша пайдалануымыз қажет. Жаңа нысандардың барлығы жыл бойы балаларымыздың игілігі үшін қызмет етуі тиіс», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Жыл сайын жасөспірімдердің жазғы демалысы жаңалықтары көп-ақ. Мәселен, биылғы жылы 187 маусымдық балалар білім беру-сауықтыру орталығы, мектеп жанындағы тамағы бар, тамағы жоқ 11 мыңнан астам лагерлер 3,1 млн. баланы қамтиды деп ақпар берілуде.
Жазғы демалысты жай өткізбей, мағыналы етуге Үкіметтің талпынысы да, жергілікті биліктегілерге тапсырмасы да күшті-ақ. Әлгі орталық, лагерь дегендердің барлығы “азаматтық, адамгершілік және мәдени құндылықтарды дәріптеуге және “Адал адам” буынын дайындауға бағдарлануы тиіс».
Қызылорда облысында да 1 маусымнан бастап бір мезетте тоғыз лагерь өз жұмысын бастап, мыңдаған баланың жазғы демалысын мәнді, мазмұнды етпекші. Бұдан бөлек Мемлекет басшысының қолдауымен материалдық-техникалық базасы мен білім беру мүмкіндіктері жағынан елімізде еш баламасы жоқ, жақында ашылған «Ai-Kerim» оқу-сауықтыру лагерінде робототехника, ұшқышсыз ұшу аппаратын басқару, инженерлік жобалау, IT технологиялар және де басқа үйірмелер жұмыс істейді. Оның үстіне күні кеше қаладағы Президент саябағы аумағынан балаларға қызмет ететін Ботаникалық бақ та биылғы жазғы демалысқа үлкен базарлық болды. Мемлекет басшысы тапсырғандай, Үкімет жиынында талқыланғандай, Ботаникалық бақ нағыз экологиялық танымды, туризмді дамытуға арналған алаң. Қайсыбір мәселеде болмасын, қай кезде де көш басында жүретін Қызылорда балалар демалысын ұйымдастырудан әзірге алда тұр.
Үкімет тапсырмасынан “Таза Қазақтан” да тыс қалып тұрған жоқ. “Жазғы жұмыспен қамту бағдарламаларына экологиялық акцияларды, волонтерлік жобаларды, аумақтарды абаттандыру, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қоршаған ортаны ұқыпты қарау шаралары енгізіледі” деген Үкімет тапсырмасына орай биылғы маусымның алғашқы күнінен бастап өңірдің барлық ауданының, қаласының, “Байқоңыр” қаласының 1000-нан астам жастарын қамтыған “Жасыл ел” жобасы басталды. Облыс әкімі М.Нәлқожаұлы жастармен кездесуінде “Бұл жоба мыңдаған жастың еңбек тәжірибесін жинақтап, туған жердің көркеюіне өз үлесін қосуына зор мүмкіндік беріп келеді. Бұл жастарды еңбекке баулып қана қоймай, олардың бойында жауапкершілік, патриотизм және қоршаған ортаға деген жанашырлық қасиеттерді қалыптастырады» деп “Жасыл елден” үлкен үміт күтетінін жасырмады.
Жастар арасындағы үлкен жұмыстың бірі “Заң мен тәртіп” қағидатын жүзеге асыру барысында профилактикалық жұмысты күшейтуге де Үкімет назар аударды.
Үкімет басшысы О.Бектенов бұл тұрғыда: – «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық профилактикасына назар аударып, мәдениетсіздік пен вандализм көріністеріне белсенді түрде қарсы тұру қажет. Жақында Мемлекет басшысы осы мәселеге ерекше назар аударды. Оны шешуге ерте жастан бастап кірісу керек. Ең алдымен, мінез-құлық мәдениеті, кітап оқуға деген сүйіспеншілікті дәріптеу, өз елі мен әлем тарихын білу сияқты құндылықтарға баса мән берілуге тиіс. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғалары мен төтенше жағдайлардың алдын алуға тартылған барлық қызметтер мен бөлімшелердің іс-қимылын нақты үйлестіру қажет» – деп талап қойды.
Үкіметтің тағы бір тапсырмасы жаз мезгілінде “балалардың музейлер мен театрларға, кітапханалар, мәдени орталықтар мен ұлттық саябақтарға тегін бару бағдарламаларын кеңейту болды”.
Әзірге аймақта парктер тегіншілігі көзге көрініп тұрған жоқ, алайда мұражай жақсы бастама бастап жіберді. Үш дүркін “Алтын домбыра” иегері, елге белгілі айтыс ақыны, аймақтағы Н.Бекежанов атындағы драма театрының директоры Мұхтар Ниязов мұражайдың “Жұлдызды гид” жобасымен мұражайда жастарға гид болып жүр…
Жұмыс істейтін жастардың да жайы Үкіметтен қалыс қалмады. Үкіметтің “жастардың барлық еңбек құқықтары мен қауіпсіздік нормалары сақталуы керек” дегені шын жанашырлығы.
“Аз қамтылған отбасылар мен ауылдық жерлердегі балалардың бос уақытына назар аудару керек. Көпбалалы және аз қамтылған отбасыларынан шыққан, сондай-ақ ауылдық жерлердегі балалардың демалысы мен оларды сауықтыру шараларын ұйымдастыруға басымдық беру” ыстық жаздың күйіп тұрған мәселесі екені белгілі…