Аудан әкімі Айтбай Жандарбековтың төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтті. Мәжіліс барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысы, салалық көрсеткіштердің орындалуы және тұрғындар үшін маңызды өзекті мәселелер жан-жақты қаралып, жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді.
Аппараттық мәжілісте 6 мәселе қаралды. Оның ішінде басты мәселе – ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен республикалық бюджеттің атқарылу қорытындылары болды. Бұл бағытта тиісті сала басшылары атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы кезеңге жоспарланған міндеттерді айқындады.
Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Мұрат Әшірбеков баяндама жасап, көктемгі дала жұмыстарының ұйымдастырылуы, егіс алқаптарының дайындық деңгейі, тұқым, техника және жанар-жағармаймен қамтамасыз ету шаралары туралы баяндап, жұмыстардың жоспарға сәйкес жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Көктемгі егіске қажетті аяқ су мәселесі туралы айтқан «Шиелісушар» өндірістік учаскесінің басшысы Дихан Әубәкіров суару маусымына дайындық, каналдарды тазалау, су бөлу кестесі және шаруаларды аяқ сумен қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті.
2025 жыл қорытындысымен мерзімді әскерге шақыру жұмыстарының орындалуы және 2026 жылғы көктемгі әскерге шақыру науқанының барысы туралы баяндамасында аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы Қадырбек Бегманов өткен жылғы шақыру науқанының қорытындыларына тоқталып, биылғы көктемгі әскерге шақыру жұмыстарының барысы, жоспардың орындалу деңгейі жөнінде айтып өтті.
Аудан көлемінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және дала өрттерінің алдын алу шаралары туралы аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Ернұр Райымбеков өңірдегі өрт қауіпсіздігі ахуалы, алдын алу шаралары, түсіндіру жұмыстары мен арнайы техникалардың дайындығы туралы мәлімет берді.
Сондай-ақ күн тәртібіндегі Шиелі кентінің орталығындағы жарнама тақтайшаларының жай-күйі және оларды реттеу мәселелері туралы аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұршат Бағдатұлы аудан орталығындағы жарнама құралдарының қазіргі жағдайы, оларды ретке келтіру, заң талаптарына сәйкестендіру бағытындағы жұмыстар туралы баяндады.
Мәжіліс қорытындысында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша нақты тапсырмалар беріп, олардың уақытылы әрі сапалы орындалуын қатаң бақылауға алуды тапсырды.