Бүгін Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Ергешов Серік Жүрсінбайұлы облыс тұрғындары  алдында есептік кездесу өткізді. Есептік кездесу облыс орталығындағы Асқар Тоқмағамбетов атындағы Мәдениет үйінде өтті.

 Есепті кездесуде полицияның атқарған жұмыстары туралы бейнеролик көрсетілді, содан кейін облыстың Бас полицейі қоғамдық қауіпсіздікті  қамтамасыз ету бойынша өзекті мәселелер туралы баяндама жасап, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.

  Есеп беру кездесуі басталар алдында Департамент бастығы жергілікті тұрғындарды құқық бұзушылықтың алдын алуға және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін марапаттады.

– Бүгінде азаматтық қоғамды қолдау еліміз үшін зор маңызға ие. Құқық бұзушылықтарға бей — жай қарамайтын және белсенді ұстаным танытатын азаматтардың арқасында халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарының тиімділігі едәуір артады, – деп атап өтті марапаттау рәсімі барысында Серік Ергешов.

    Марапатталғандар кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, қаланы абаттандыру, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету сияқты бағыттарда белсенділік пен азаматтық жауапкершілік танытты. Департамент басшылығы олардың қосқан үлестері үшін алғысын білдірді.

       Бүгінгі таңда облыс аумағында қоғамдық қауіпсіздік саласында жұмыс істейтін көптеген қоғамдық құрылымдар бар. Бұл құрылымдар полиция органдарымен тығыз байланыста жұмыс істеп, құқық бұзушылықтың алдын алуға айтарлықтай үлес қосып келеді. Полиция департаменті қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында азаматтық қоғам өкілдерімен бірлескен жұмысты жалғастырмақшы.

Сонан соң Департамент бастығы өз сөзін өткен жылы атқарылған шараларды қорытындылаудан бастады.

«Облыс көлемінде тіркелген құқық бұзушылықтар саны 2%-ға төмендеді. Қоғамдық орындарда, көшелерде, мас күйінде жасалған қылмыстардың саны төмендеді. Бүгінгі күні қылмыстық ахуалы тұрақты аймақтың біріміз. Соңғы 5 жылда қылмыстар саны 20,7 пайызға азайған» деп атап өтті С.Ергешов.   

Тұрғындармен кездесу барысында Серік Жүрсінбайұлы ұрлық, есірткі қылмысы, жол қауіпсіздігі, алаяқтыққа да аса көңіл бөліп, алдын алу шараларына тоқталып өтті.

Цифрлық технологиялар дамыған сайын жаңа қауіптер де пайда болуда. Оның бірі – киберқылмыстар.

 Қазіргі уақытта әлеуметтік желілер арқылы жасалатын алаяқтық қылмыстары жиілеп отыр. Қылмыскерлер азаматтардың сенімін пайдаланып, түрлі тәсілдермен азаматтардың қаражаттарын иемденуде.

 Полиция департаменті киберқылмыстармен күрес бағытында арнайы бөліністің жұмысын күшейтті.

Банктер, түрлі байланыс операторларымен және басқа да ұйымдармен бірлесіп жұмыстар жүргізілуде. 7 мыңға жуық алаяқтық белгілері бар сайттар мен сілтемелер анықталып,  бұғаттау үшін «Кибернадзор» жүйесіне енгізілді.

«Антифрод» жүйесіне 974 инцидент енгізіліп, жалпы

18 млн. теңгеден астам қаражат бұғатталды.

Бұдан бөлек Департамент тарапынан облыс жолдарында жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жолдағы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және азаматтардың жауапкершілігін арттыру мақсатында кешенді жұмыстар атқарылуда. Өткен жылы жол ережесін бұзудың 304 мыңнан аса дерегі анықталса, оның 176 мыңнан астамы

немесе 58 пайызы жол апатына тікелей әсер ететін өрескел құқық бұзушылықтар.

Бүгінгі шара барысында көтерілген мәселелердің барлығы да өзекті. Атқарылған жұмыстардың оң нәтижесін көру үшін нақты жоспарларды айқын жеткізген Департамент басшысы есептік кездесуді халықтың ұсыныс – пікірін, өтініш – тілегін тыңдаумен жалғады. Департамент бастығы халықпен есептік кездесу барысында тікелей залдан, сондай-ақ әлеуметтік желілер мен Call-орталықтан келіп түскен сұрақтарға жауап берді. Әр адам өзін қызықтыратын сұрағын қойып, спикерден толық жауап ала алды.

Кездесу соңында С.Ергешов барлық азаматтарға шараға белсенді қатысқандары үшін алғыс білдіріп, полиция жұмысының басты мақсаты қылмыспен күрес және қоғамдық тәртіпті сақтау екендігін атап өтті.

«Қауіпсіз қоғам – бұл полиция мен халықтың бірлігі. Егер көрші көршісіне жанашыр болса, ата-ана баласына дұрыс тәрбие берсе, әр азамат заңды құрметтесе онда біздің қоғамымыз әлдеқайда қауіпсіз болатыны анық.

Біздің мақсатымыз – балаларымыз қорықпай ойнайтын, азаматтарымыз алаңсыз еңбек ететін, қарттарымыз тыныш өмір сүретін қауіпсіз қоғам құру. Заң мен тәртіп үстемдік еткен жерде тұрақтылық пен даму болады» деп аяқтады өз сөзін облыстың Бас полицейі.  

Есептік кездесу барысында полиция қызметкерлеріне көптеген алғыстар айтылды. Тұрғындар халықпен тығыз жұмыс істейтін учаскелік полиция инспекторларына және тергеушілерге кәсібилігі мен адамдарға деген жанашырлығы үшін ерекше ризашылықтарын білдірді.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған