Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Вучичті халық қолдауына арқа сүйеп, елін алға бастап келе жатқан нағыз көшбасшы, беделді саясаткер деп санайтынын жеткізді.
– Сербия Сіз жүргізіп отырған салиқалы саясаттың арқасында зор жетістіктерге жетіп, өркендеп келеді. Халықаралық беделі де арта түсті. Алдағы уақытта еліңіз Сіздің парасатты басшылығыңызбен жаңа белестерді бағындыра береді деп сенемін. Сербия – Қазақстанның Балқан түбегіндегі сенімді серіктесі. Екі елдің қарым-қатынасы өзара қолдауға, түсіністік пен мызғымас достыққа негізделген. Барлық деңгейде белсенді саяси диалог дамып келе жатыр. Сауда-экономика, инвестиция және мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастық нығайып келеді. Көпжақты құрылымдар аясындағы байланысымыз күшейе түсті. Қазіргідей алмағайып кезеңде өзара әріптестікті жандандыру өте маңызды. Сондықтан біз осы қарқынды сақтап, түрлі саладағы ықпалдастықты дамытуға мүдделіміз. Бұған толық мүмкіндік бар. Өзара сенім мен достық рухында өткен мазмұнды келіссөздер – соның айқын дәлелі. Бүгінгі келісімдер серіктестігімізді жаңа деңгейге көтереді деп санаймын. Біз бұл бағытта бірлесіп әрекет етуге әрдайым дайынбыз, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Сербия арасындағы байланысты нығайтуға өлшеусіз үлес қосқаны үшін Александр Вучичті еліміздің ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Алтын Қыран» орденімен марапаттады.
– Бұл – қазақ жұртының Сізге және Сербия халқына деген зор ризашылығы және ерекше құрметінің белгісі. Өзіңізді шын жүректен құттықтаймын! Осы марапат екі елдің қарым-қатынасын одан әрі дамытуға ықпал етеріне кәміл сенемін. Қос халықтың достығы жасай берсін! – деді Мемлекет басшысы.