Қызылорда облысы әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыровпен, Еуропалық Одақтың Қазақстандағы елшісі Алешка Симкичпен кездесті. Кездесуде инвестиция тарту мәселесі талқыланды.

– «Біз аймақтың экологиялық жағдайына ерекше мән береміз. Басты басымдықтардың бірі – Арал теңізінің экожүйесін сақтау, суды, соның ішінде трансшекаралық су ресурстарын тиімді басқару. Арал теңізінің апатты жағдайы тек өңірге немесе бір елге ғана емес, әлемге теріс әсерін тигізуде. Құм көшкінін тоқтатудың бірден-бір жолы – теңіз ұлтанын көгалдандыру, жергілікті климатқа сай өсімдіктерді егу. Бүгінде халықаралық қорлардың демеушілігімен Арал теңізінің құрғаған табанына сексеуіл егілуде.

Өткен жылы өңірге 774 млрд. теңгеден астам инвестиция, 9 айдың қорытындысымен 205 млн. АҚШ долларынан астам тікелей шетелдік инвестиция тартылды.

Былтыр егін шаруашылығында су үнем­деу технологияларын пайдалану көле­мі  8100 гектарға жеткізіліп, 2024 жылмен салыстырғанда 2 есе артты. Шетелдік компаниялардың қатысуымен су үнемдеу техно­логияларын қолдану арқылы жүгері, техникалық қарасора, соя дақылдарын егетін 3 ірі жоба жүзеге асуда.

Тағы бір маңызды бағыт 2024 жылы ашылған Орталық Азиядағы алғашқы геопарк атанған «Арал геопаркін» дамыту мәселесіне назар аударғым келеді. Бұл жоба өңірдің табиғи, тарихи, туристік әлеуетін дамыту арқылы орнықты экономикалық-әлеуметтік өсімге серпін береді.

Өткен жылы Қызылорда облысы «Арал геопаркін» ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік геопарктер тізіміне енгізу жөнінде өтінім берді. Арал өңірінде орнықты даму мен экологиялық туризмге бағытталған бастамаларды ілгерілетуде Еуроодақтың қолдауына үміт артамыз»,– деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Экономиканы әртараптандыруда алдағы үш жылда 1 трлн. 900 млрд. теңгенің 48 инвестициялық жобасы іске асырылады. Биылға 100 млрд. теңгенің 21 жобасы жоспарланған.

* * *

Қызылорда облысы әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров, Еуропалық Одақтың Қазақстандағы елшісі Алешка Симкич, Еуроодаққа мүше мемлекеттердің Қазақстандағы елшілерінің қатысуымен Қызылорда облысының инвестициялық әлеуеті талқыланған дөңгелек үстел өтті.

​Аймақ басшысы өңірдің инвестициялық ахуалы мен экономиканы әртараптандыруда атқарылған жұмыстарға тоқталды.

– «Өткен жылы Президентіміз Сыр өңіріне жасаған жұмыс сапарында инвестициялық климатты жақсарту, бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдай жасау бағытын жалғастыруды тапсырған болатын.

Бүгінде облыс экономикасын әртараптандыру арқылы жоғары өнімді, экспортқа бағдарланған шикізаттық емес өңдеу өнеркәсібін құру жұмыстарын кезең-кезеңімен атқарудамыз.

Өздеріңізге белгілі, бүгінде су ресурстары – тек Қазақстан ғана емес, Орта Азия мемлекеттері үшін де өте өзекті мәселе. Облыстың экономикалық, экологиялық жағдайы, халқының тыныс-тіршілігі Сырдария өзенінің деңгейіне, Арал теңізінің жағдайына тікелей байланысты.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері Еуропалық Одақ мемлекеттерімен ашық әрі сенімді дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан. Бүгінде Қазақстан – Еуроодақтың Орта Азиядағы негізгі инвестициялық және сауда-экономикалық серіктесі.

Су ресурстарын неғұрлым тиімді пайдалану, су үнемдеу технологияларын енгізу, су жүйелерін цифрландыру – бүгінгі күннің басты талабы. Облыстың агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тартуда осы мәселелерге басымдық беріледі», – деді аймақ басшысы.

Жиында Әлібек Қуантыров, Алешка Симкич, облыс прокуроры Р.Ожаров, облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев, «Рока групп» серіктестігінің бас директоры Даниэль Эрнандес, «Харвест Агро» компаниясының жоба басшысы Дәулет Увашев пікір білдірді.

* * *

Облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев Қызылорда қаласына келген еуропалық одаққа мүше мемлекеттердің елшілерін өңірдегі бірқатар мәдени-әлеуметтік нысандардың жұмысымен таныстырды.

Алдымен «Сыр жұлдыздары» балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық-инновациялық академиясына барды. Академияға бір мезетте 500, тәулігіне 3 мыңға дейін оқушы келеді. Олар бассейнде, топтық жаттығу бөлмелерінде, көркем гимнастика және фитнес залдарында жаттығады. Балалар бейіміне қарай үстел ойындарына, жекпе-жек, кескіндеме, сурет салу, resin art, шығармашылық, сәндік-қолданбалы өнер үйірмелеріне қатысады.

Елшілер Президент саябағында да болды. Бүгінде саябақ аумағы қарқынды құрылыс алаңына айналған. Қайта жаңғыртуды Alem Qurylys AQ серіктестігі қолға алған. Жобаға түзету енгізілген соң мұндағы құрылыстар қатарына 300 орындық балалар лагері мен қысқы бақ қосылған болатын. Бірнеше нысан мен қоғамдық кеңістіктер салынуда. Атап айтқанда, аллея, субұрқақ, амфитеатр, спорт және би алаңдары, балалар ойын алаңдары, workout пен демалыс аймақтары. Сонымен қатар фудкорт, теннис үстелдері, айналмалы дөңгелек аттракцион, тамақтану орындары, велосипед және жүгіру жолақтары бар. Бұдан бөлек сахна, сарқырама каналдары мен олардың үстінен өтетін көпірлер, шахмат, баскетбол және футбол алаңдары да салынуда. Ботаникалық бақ аумағында абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Абаттандырылатын жалпы аумақ 2,41 гектар, бақ ішіне Оңтүстік Африка, Оңтүстік және Орталық Америка, Қытай, Жапония, Мадагаскарда өсетін жасыл желек отырғызылады. Балалар лагері 6,02 гектарға орналасып, оның аумағында әкімшілік ғимарат, іс-шараларға арналған ивент-аймақ, 4 тұрғын корпус, қонақүй үлгісіндегі шағын ғимарат, 5 дәстүрлі киіз үй, ашық бассейн, стадион, футбол алаңы, сахна, өзге де демалыс және техникалық нысандар болады.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған