Көктем келіп қалды. Егін егетіндер қыс ұйқысынан оянып, әзірлікке кірісті. Үкімет те. Қыстың соңғы аптасында өткен Үкімет отырысында көктемгі егіске әзірлік барысы қаралды.
Үкімет басшысы О.Бектеновтің айтуынша биылғы жылы да Үкімет егістен қаржы аяп отырған жоқ. “Егін егу және күзгі жиын-терім жұмыстарына бөлінген қаржы 1 трлн. теңге болып отыр”. Оның ішінде техниканы лизингке алуға 300 млрд. теңге қаралыпты”. Диқандар үшін жеңілдетілген бағамен 402 мың тонна жағармай бөлінбекші.
Жарайсың, Үкімет! Алайда, Бектеновтің тағы бір айтқаны “үшінші жыл қатарынан қомақты қаржы бөлінуі – Мемлекет басшысының қолдауы».
Биылғы егіске басты талап: көбірек табыс әкелетін, әсіресе экспортқа шығатын және нарықта жоғары сұранысқа ие дақылдардың егіс алқаптарын кеңейту керек.
Үкімет отырысында баяндама жасаған Ауыл шаруашылығы министрі А.Сапаров:
– «Министрлік облыс әкімдіктерімен бірлесіп 2026 жылға егіс алқаптарының болжамды құрылымын бекітті. Ол бидай алқаптарын қысқарту және жоғары сұранысқа ие дақылдардың үлесін ұлғайту бойынша әртараптандыру жұмыстарын жалғастыруға бағытталған. Биыл жалпы егістік аумағы шамамен 123,8 млн. гектар құрайды, бұл өткен жылдан 180 мың гектарға көп. Соның ішінде майлы дақылдар алаңы 55 мың гектарға, азықтық дақылдар 242 мың гектарға, арпа 94 мың гектарға, ал ұйымдастырылған шаруашылықтардағы картоп алаңдары 10 мың гектарға көбейеді. Бұл ретте бидай егіс алаңы 125 мың гектарға қысқартылып, 12,1 млн. га құрайды.
Сонымен қатар Премьер-министрдің тапсырмасына сәйкес жүгеріні терең өңдейтін инвестициялық жобаларды шикізат базасымен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізілуде. Осыған байланысты жүгері бойынша әртараптандыру индикаторларын қайта қарап, оның егіс алқаптарын кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Биыл жүгері алқаптарын 265 мың гектарға дейін жеткізу жоспарлануда, бұл өткен жылмен салыстырғанда 90 мың гектарға көп», — депті.
Министрдің тағы бір айтқаны “республиканың оңтүстік өңірлерінде күріш пен мақта сияқты суды көп қажет ететін дақылдар алаңын оңтайландыру жұмыстары жүргізілуде. Мысалы су пайдалану лимиттеріне сәйкес күріш алаңы 20 мың гектарға қысқартылады”.
Жақсы жаңалық та бар. Биылғы егін егу және егін жинау жұмыстарына жеңілдетілген кредит беруге 700 млрд. теңге бағытталады. Министр “ерте қаржыландырудың арқасында шаруалар қажетті көлемдегі сапалы тұқымдарды, минералдық тыңайтқыштарды, өсімдіктерді қорғау құралдарын, сондай-ақ жанар-жағармай материалдары мен техниканы алдын ала және қолжетімді бағамен сатып алу мүмкіндігіне ие болды” – деп үмітті.
Егін егетіндердің ең бір қиналатын тұсы – жағар май жетіспеушілігі, әрі оның бағасының науқанда қымбаттайтындығы. А.Сапаров “биыл егіс науқанын сапалы әрі уақтылы жүргізу үшін құны нарықтан 15%-ға арзан болатын 402 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінгендіктен” диқан қауымы жағар майға жалынышты бола қоймас деген кейіпте.
Биылғы егіске өңір әкімдері де жарап тұр, олардың мәліметі бойынша өңірлер “Тұқым дайындауды толық қамтамасыз еткен”.
Су ресурстары және ирригация министрі Н.Нұржігітов су лимитіне байланысты қатаңдық танытып отыр. Ол өз баяндамасында «облыс әкімдіктеріне су алу лимиттерін қатаң сақтау, оның ішінде күріш егісі бойынша белгіленген лимиттерді ескеру орынды деп санаймыз: Түркістан облысында – «Достық» каналы бойында күріш егуді толықтай тоқтату, Қызылқұм каналы бойында – 3,5 мың гектардан аспау; Қызылорда облысында – 70 мың гектардан аспау. Қалыптасқан жағдайды ескере отырып, Шардара су қоймасы жинақтау режиміне ауыстырылды. Су беру режимдері келісілген деңгейде сақталған жағдайда су қоймасына кемінде 8,3 млрд. текше метр су келуі күтілуде. Бұл Шардара су қоймасын шамамен 5 млрд. текше метрге көлемінде толтыруға, Көксарай контрретегішін
2 млрд. текше метр көлемге дейін жинақтауға және Қызылорда облысына шамамен 1,3 млрд. текше метр су жеткізуге мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта өңірлерде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері арасында су үнемдеу қажеттілігі, суды аз қажет ететін дақылдарға көшу, сондай-ақ су беру бойынша шарттарды электрондық форматта жасасу қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі Жалпыұлттық жоспар аясында министрлік Бас прокуратурамен бірлесіп судың «қара нарығын» жою жөніндегі Жол картасын қабылдады. Жол картасы шеңберінде министрліктің құқық қорғау және басқа да мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылы көзделген. Судың «қара нарығының» тәуекел аймақтары айқындалып, су пайдаланушы мен су тұтынушы арасындағы шарттық қатынастарды цифрландыру басталды, цифрлық және спутниктік мониторинг құралдары енгізілуде. 2026 жылы судың «қара нарығының» алдын алуға, сондай-ақ су объектілерінде, су қорғау аймақтары мен белдеулерінде заң бұзушылықты болдырмауға бағытталған бақылау және инспекциялық іс-шараларды күшейту жоспарлануда. Жол картасында цифрландыруға ерекше мән берілген. Осы жылдың басынан бастап Министрлік фермерлермен су беру жөніндегі шарттарды электрондық форматта жасасуға көшу жұмыстарын жүзеге асыруда. Аталған жүйе шаруаларды сумен қамтамасыз етудің толық циклін, су алуға өтінім беруден бастап шарт жасасу, нақты су тұтынуды дәл есепке алу және кейінгі төлем жүргізуге дейінгі барлық үдерістерді қамтиды, – дейді.
Үкімет отырысында егін егетін өңір басшыларының бірқатары өздерінің көктемгі егіске даярлығын баяндады. Жиынға селекторлық режимде қатысқан Қызылорда облысының әкімі Н.Нәлібаев та өңірде қысқартылған күріш алқаптарының орнына суды аз қажет ететін дақылдар егу жайын баян етті.
Облыс әкімі сөз басын “биыл Қызылорда облысында барлығы 185,8 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарлануда. Күріш дақылдары 70 мың гектарға егіледі, бұл өткен жылғы деңгейден 10,9 мың гектарға аз. Жалпы соңғы 4 жылда күріш көлемі 19 мың гектарға немесе 21%-ға қысқарды” деп бастап, «қысқартылған күріштің орнына егісті әртараптандыру мақсатында суды аз қажет ететін дақылдар егу көзделуде. Бұл бағытта өңірімізде құны 40 млрд теңгеге жүгеріні терең өндеуге бағытталған «Қызылорда крахмал-сірне зауыты», құны 51 млрд. теңгеге швейцариялық «Харвест Груп» компаниясының техникалық қарасора, жүгері, соя өсіру және оны өңдеу жобасы, «Семеноводство» серіктестігімен су үнемдеу технологиясымен жүгері егу жобалары жүзеге асырылуда. Жобалар аясында биыл жүгері дақылын 10 мың гектарға орналастырып, алдағы уақытта да ұлғайту жоспарлануда», – деп егінді әртараптандыруға тоқталды.
Үкімет отырысында кеңінен талқыланған су үнемдеу мәселесі әрдайым облыс әкімі назарында. Мәселен «Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес су ресурстарын тиімді пайдалану, су шығынын азайту мақсатында облыста су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылы облыс бойынша тамшылатып, жаңбырлатып суару әдісімен 8 мың 100 гектар егіс егілді. Биылғы жылы су үнемдеу технологияларын пайдалану көлемін 16 мың 700 гектарға жеткізу межеленген. Егістіктердегі су шығының азайту мақсатында өткен жылы 60 мың гектар күріш алқаптары лазерлік тегістеуден өткізілді. Нәтижесінде диқандар суды 20 пайызға үнемдей отырып, өнімділікті арттыруға қол жеткізді. Биыл бұл көрсеткішті 65 мың гектарға жеткізу көзделуде».
Биылғы көктемгі егіске дайындығымыз да ел қатарлы. Әкім баяндамасында айтылғандай: Бүгінгі күні көктемгі егін жұмыстарына ауыл шаруашылығы құрылымдары қажетті тұқымдармен 100 пайыз қамтамасыз етілді. 2026 жылға қажетті 65 мың 600 тонна тыңайтқыштардың бүгінгі күні 18 мың 500 тоннасы сатып алынды. Отандық тыңайтқыш өндірушілерге аванстық субсидиялау бойынша тиісті қаражаттар аударылды. Егін егу жұмыстарына қатысатын 3 975 бірлік ауыл шаруашылығы техникаларының 90 пайызы жөндеуден өткізілді. Қалғаны 1 наурызға дейін толық дайын болады. Энергетика министрлігі тарапынан көктемгі егіс жұмыстарына 10 мың 100 тонна дизель отыны бөлінді. Шаруаларға кестеге сәйкес таратылатын болады. Ерте егілетін дақылдарды себу жұмыстары наурыз айының бірінші онкүндігінде, күріш егу жұмыстары сәуір айының үшінші онкүндігінде басталады».
Үкімет отырысы аяқталғаннан соң облыс әкімі Н.Нәлібаев осы тақырыпта облыс әкімдігінің мәжілісін өткізіп, тиісті сала басшыларына науқанға сай тапсырмалар берді.
– Қазіргі таңда су ресурстарының тапшылығы жаһандық деңгейдегі ең өзекті мәселелердің біріне айналғаны белгілі. Мемлекет басшысы су ресурстарын тиімді пайдалану, үнемдеу технологияларын енгізу және су жүйелерін цифрландыру жұмыстарына ерекше мән береді.
Су лимитіне сәйкес жоспарланған көлемнен артық бірде-бір гектар жерге егін егілмеуі тиіс. Бұл мәселені қатаң бақылауға алу қажет, себебі ол Үкіметтің ерекше назарында. Судың магистральді және шаруашылықаралық каналдар арқылы егіс алқаптарына жеткізілуіне, ауыспалы егіс тәртібінің сақталуына тұрақты мониторинг ұйымдастырылсын, – деп Нұрлыбек Машбекұлы Су ресурстары және ирригация министрі Н.Нұржігітов қатайғандай егінді артық егіп, артық өнім аламын деп лимиттен тыс су пайдаланғысы келетіндерге қатаң ескертті.
Облыс әкімдігі жиналысында бұдан бөлек аймақ басшысы көктемгі мұз жүру кезінде су алу қаупі бар тұстардағы қауіпсіздік шараларын күшейтуді, Қармақшы, Қазалы және Арал аудандарының әкімдіктеріне облыстық төтенше жағдайлар департаментімен және «Қазсушар» Қызылорда филиалымен бірлесіп, өзен арнасына тәулік бойы кезекшілік ұйымдастыруды, мұздың өту барысын тұрақты бақылауды тапсырды.
Көктемгі егіс жұмыстарына дайындық барысы қаралған облыс әкімінің төрағалығымен өткен мәжілістен соң жиында көтерілген мәселе бойынша қала, аудан әкімдіктерінде де осындай жиын өтті.
Еліміздегі қалалар арасында ауылдары бар айрықша қала Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатов алдағы міндеттерді пысықтады.
Әрине, қазір қала шаруашылықтарында көктемгі дала жұмыстарына дайындық белсенді жүруде. Биылғы жылы қала бойынша күріш көлемі өткен жылмен салыстырғанда бірнеше гектарға аз егіледі. Оның орнына суды аз қажет ететін дәнді дақылдар орналастырылады. Өйткені, су тапшылығы ерекше сезілуі ықтимал. Осыған байланысты су үнемдеу технологияларын кеңінен қолданысқа енгізу қажет. Сонымен қатар егістік жерлерді лазерлік тегістеуден өткізіп, тамшылатып және жаңбырлатып суару әдістерін пайдаланған жөн.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ауыл шаруашылығы министрлігі шаруалардың кеткен шығындарын өтеу үшін 10 млрд. теңгені «Инвестициялық субсидиялау» бағдарламасына бағыттады. Бұл бағдарламада су үнемдеу жобасының 50 пайызы және инфрақұрылым жүргізуге кеткен шығынның 50 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланатын болады. Осы ретте, су үнемдеу технологияларын кеңінен пайдаланып, кеткен шығындарын субсидиялау туралы шаруаларға сала мамандарымен бірлесіп, түсіндірме жүргізу қажет,-деді Нұржан Сәбитұлы.
Жиында шаһар басшысы көктемгі дала жұмыстарын күшейтіп, диқандарды қажетті тыңайтқыштармен, жанар-жағар маймен, тұқыммен қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ, жұмысты жандандырып, шаруаларға берілетін көмектердің жылдам әрі жүйелі түрде үйлестірілуі бақылауда болуын ескертті.