Ресми ақпарат. 2026 жылғы 11 ақпанда Қазақстан Республикасының Президенті еліміздің жаңа Конституциясын қабылдау мәселесі бойынша 2026 жылғы 15 наурызға республикалық референдум тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды.
Конституциялық реформа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанда бір палаталы Парламент құру жөніндегі бастамасының негізінде туындады. Президент бұл идеяны 2025 жылғы 8 қыркүйекте халыққа арнаған жыл сайынғы Жолдауында жариялап, оның мақсаты саяси жүйені кешенді түрде жаңғырту және жасанды интеллект дәуірінде Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының одан арғы үдерісіне оң ықпал ету екенін атап өтті.
8 қазанда Парламенттік реформа бойынша жұмыс тобын құру туралы өкімге қол қойылды. Оның құрамына белгілі заңгерлер, сарапшылар, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар фракцияларының өкілдері кірді. Сонымен қатар азаматтар да e-Otinish және eGov порталдары арқылы өз пікірлері мен ұсыныстарын жолдап, талқылауға белсенді қатысты.
Бірнеше ай бойы қоғамда жаңа реформаға қатысты қызу пікірталас жүрді. Осы кезең аралығында Жұмыс тобы азаматтар мен сарапшылардан түскен 2 мыңнан аса ұсынысты жан-жақты қарастырып, жүйеледі.
2026 жылғы қаңтарда өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент реформасына қатысты азаматтардан түскен ұсыныстарды қорытындылап, алдағы өзгерістердің жалпы тұжырымдамасын ұсынды.
Президент бастапқыда түзетулер Ата заңның шамамен 40 бабына қатысты болады деп жоспарланғанын атап өтті. Алайда қоғамдық талқылаулар барысында өзгерістер ауқымының әлдеқайда кең екені, олардың Конституцияның өзге де бөлімдері мен көптеген баптарын қамтитыны айқындалды.
Комиссияға Конституциялық Соттың Төрағасы Эльвира Азимова басшылық етті. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин және Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева төрағаның орынбасарлары болды.
Жұмыс барысында Комиссия мүшелері еліміздің азаматтары, саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар, белгілі заңгерлер, құқық қорғаушылар, қоғам қайраткерлері, депутаттар, саясаттанушылар және басқа да сарапшылар жолдаған ұсыныстарды Ата Заңға енгізу мәселелері бойынша егжей-тегжейлі қарастырды.
Еліміздің конституциялық дамуы тарихында алғаш рет осындай ауқымды жұмыс толық ашық форматта жүргізілді: Комиссияның барлық отырыстары интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілерде тікелей эфирде көрсетіліп, қоғамдық бақылау мен азаматтардың кеңінен қатысуын қамтамасыз етті. Конституциялық комиссия жұмысының жариялылығы мен ашықтығы жаңа Конституция жобасының аралық нұсқасын барлық халыққа таныстыру арқылы да айқын көрінді.
Қоғамдық талқылау аясында Комиссияға eGov және e-Otinish порталдары арқылы азаматтардан шамамен 10 мың пікір мен ұсыныс түсті. Осындай ауқымды азаматтық қатысу жаңа Конституцияға шын мәнінде халықтық сипат берді.
Сонымен қатар түрлі саяси және қоғамдық алаңдарда, бұқаралық ақпарат құралдарында сарапшылар мен қоғам қайраткерлерінің қатысуымен ашық талқылаулар өтті.
Барлық бастамалар мен азаматтардың мазмұнды ұсыныстары жүйелі түрде қаралып, талданды. Олар Ата Заңның соңғы мәтінінде тікелей көрініс тапты. Ұсыныстарды қарау қорытындысы бойынша Конституциялық комиссия мүшелері жаңа Конституция жобасына қосымша баптар, редакциялық және стилистикалық түзетулер енгізді.
Осылайша, жаңа Конституция жобасы ашық қоғамдық талқылаулардың, азаматтар, саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар және сарапшылық қауымдастық ұсыныстарын жан-жақты талдаудың нәтижесінде пайда болды. Жаңа Конституция мәтіні Қазақстан мемлекеттігінің жетілгенін, елдің халықаралық беделін және прогрессивті даму стратегиялық бағытын көрсетеді. Сонымен бірге, Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуында маңызды рөл атқарған қолданыстағы Ата Заңмен сабақтастықты сақтайды.
Негізгі мызғымас құндылықтарға Қазақстанның Егемендігі, Тәуелсіздігі, унитарлығы және аумақтық тұтастығы жатады.
Конституциялық деңгейде Әділетті Қазақстан идеясы, Заң мен Тәртіп қағидаты, табиғатқа қамқорлық көрсету қажеттілігі, сондай-ақ жаңа Конституцияда биліктің бірден-бір бастауы және Егемендіктің иесі – Қазақстан халқы екені бекітілді.
Жаңа Конституция жобасында алғаш рет азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау нормасы бекітілді. Сондай-ақ, адвокатура мен адвокаттық қызметке арналған арнайы бап енгізілді.
Адам капиталының, білім, ғылым, мәдениет пен инновацияның дамуына ерекше көңіл бөлінді. Бұл – мемлекет болашағының минералдық ресурстар мен табиғи байлықтарға емес, адам капиталы мен азаматтардың жетістіктеріне байланысты екенін көрсететін шешуші бағыт.
Дін мен мемлекеттің рөлі айқын бөлінген. Білім беру және тәрбие жүйесінің зайырлы сипаты бекітілген.
Неке ерікті және тең құқықты ер мен әйелдің одағы екені туралы норма енгізілген. Бұл дәстүрлі құндылықтарды қорғауды күшейтіп, әйелдердің құқықтарын жоғары құқықтық деңгейде қамтамасыз етеді.
Конституциялық деңгейде ұлттық мәдениетті қолдау және тарихи-мәдени мұраны сақтау негізгі қағидаттардың бірі ретінде бекітілді.
Жаңа Конституция жобасының негізгі жаңалықтарының бірі 145 депутаттан тұратын, жаңа әрі кеңейтілген өкілеттіктерге ие бір палаталы Парламент – Құрылтайды құру. Оның құрамы пропорционалды сайлау жүйесі бойынша құрылады, ал депутаттардың өкілеттік мерзімі 5 жылды құрайды. Пропорционалды жүйе партиялардың кадрлық саясатты дамытуына ықпал етіп, олардың институционалдық рөлін күшейтеді және саяси күштердің қоғам алдындағы жауапкершілігін арттырады.
IV бөлім
52-бап
1. Қазақстан Республикасының Құрылтайы – заң шығару билігiн жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының жоғары өкiлдi органы.
2. Құрылтайдың өкілеттігі оның бірінші сессиясы ашылған кезден басталады және жаңадан шақырылған Құрылтайдың бірінші сессиясының жұмысы басталған кезде аяқталады.
3. Құрылтайдың өкілеттігі Конституцияда көзделген жағдайда және белгіленген тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкін.
4. Құрылтайдың ұйымдастырылуы мен қызметі, оның депутаттарының құқықтық жағдайы конституциялық заңда айқындалады.
53-бап
1. Құрылтай біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша пропорциялы өкілдік жүйе негізінде конституциялық заңда белгіленген тәртіппен сайланатын бір жүз қырық бес депутаттан тұрады.
2. Құрылтай депутаттарының өкілеттік мерзімі – бес жыл.
54-бап
1. Құрылтай депутаттары жалпыға бірдей, тең жəне төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайланады. Құрылтай депутаттарының кезекті сайлауы жұмыс істеп тұрған Құрылтай шақырылымының өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін екі айдан кешіктірілмей өткізіледі.
2. Құрылтай депутаттарының кезектен тыс сайлауы Құрылтайдың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған күннен бастап екі ай ішінде өткізіледі.
3. Жиырма бес жасқа толған, Қазақстан Республикасының азаматтығы бар, оның аумағында соңғы он жыл бойы тұрақты тұрып жатқан адам Құрылтай депутаты бола алады.
4. Құрылтай депутаттарының сайлауы конституциялық заңмен реттеледі.
5. Құрылтай депутаттары Қазақстан халқына ант береді.
55-бап
1. Құрылтай депутаттары оның жұмысына қатысуға міндетті. Құрылтайда депутаттың жеке өзі дауыс береді. Депутат Құрылтай мен оның органдарының отырыстарына дәлелді себепсіз үш реттен артық қатыспаса, сол сияқты дауыс беру құқығын басқаға берсе, бұл заңда белгіленген жазалау шараларын қолдануға алып келеді.
2. Құрылтай депутатының басқа өкілді органның депутаты болуға, оқытушылық, ғылыми, шығармашылық қызметтен басқа ақы төленетін лауазымды атқаруға, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесінің құрамына кіруге құқығы жоқ. Осы талаптарды бұзу депутаттың өкілеттігін тоқтатуға алып келеді.
3. Құрылтай депутатын қылмыс орнында немесе ауыр және аса ауыр қылмыс жасағанда ұстау жағдайларын қоспағанда, оны өз өкілеттігі мерзімі ішінде Құрылтайдың келісімінсіз ұстауға, күзетпен ұстауға, күштеп әкелуге, сот тәртібімен қолданылатын әкімшілік жазалауға, қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды.
4. Құрылтай депутатының өкілеттігі депутат орнынан түскен, қайтыс болған, заңды күшіне енген сот шешімімен әрекетке қабілетсіз, қайтыс болған немесе хабарсыз кеткен деп танылған және Конституция мен конституциялық заңда көзделген өзге де жағдайда тоқтатылады.
Құрылтай депутаты:
1) Қазақстаннан тыс жерге тұрақты тұруға кеткен;
2) өзіне қатысты соттың айыптау үкімі заңды күшіне енген;
3) Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқтатылған;
4) сайланған саяси партиясынан шыққан немесе шығарылған;
5) сайланған саяси партиясы қызметін тоқтатқан кезде мандатынан айырылады.
Құрылтай депутаттарының өкілеттігі Құрылтай таратылған жағдайда тоқтатылады.
56-бап
Құрылтай:
1) конституциялық заңдарды және заңдарды қабылдайды;
2) Қазақстан Республикасының Президенті қарсылық білдірген заңдарды немесе заң баптарын қарсылық жіберілген күннен бастап бір ай мерзімде қайта талқылап, дауысқа салады. Бұл мерзімнің сақталмауы Президент қарсылығының қабылданғанын білдіреді. Егер Құрылтай конституциялық заңдар немесе конституциялық заң баптары бойынша депутаттардың жалпы санының төрттен үшінің дауысымен, ал заңдар немесе заң баптары бойынша депутаттардың жалпы санының үштен екісінің дауысымен Президенттің қарсылығын еңсерсе, Президент бір ай ішінде конституциялық заңға немесе заңға қол қояды. Егер Президенттің қарсылығы еңсерілмесе, конституциялық заң немесе заң қабылданбады немесе Президент ұсынған редакцияда қабылданды деп саналады;
3) соғыс және бітім мәселелерін шешеді;
4) Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынысы бойынша бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау үшін Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін қолдану туралы шешім қабылдайды;
5) Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын жариялайды;
6) жалпыхалықтық референдум тағайындау туралы бастама көтереді;
7) Қазақстан Республикасының Президентіне Құрылтай депутаттары жалпы санының көпшілік дауысымен Қазақстан Республикасының Вице-Президентін тағайындауға келісім береді;
8) Қазақстан Республикасының Президентіне Құрылтай депутаттары жалпы санының көпшілік дауысымен Қазақстан Республикасының Премьер-Министрін тағайындауға келісім береді;
9) Қазақстан Республикасы Президентінің Конституциялық Сот судьяларын, Орталық сайлау комиссиясы, Жоғары аудиторлық палата мүшелерін тағайындауына Құрылтай депутаттары жалпы санының көпшілік дауысымен келісім береді;
10) Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуымен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьяларын сайлайды және лауазымынан босатады, олардың антын қабылдайды;
11) Конституциялық Сот судьяларын, Жоғарғы Сот судьяларын қол сұғылмау кепілдігінен айырады;
12) Құрылтай депутатының өкілеттігін тоқтатады, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының ұсынуымен Құрылтай депутатын қол сұғылмау кепілдігінен айыру мәселесін шешеді;
13) Құрылтай депутаттары жалпы санының кемінде бестен бірінің бастамасы бойынша Құрылтай депутаттары жалпы санының көпшілік дауысымен Үкіметке сенімсіздік вотумын білдіруге құқылы;
14) Конституциялық Соттың Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы жыл сайынғы жолдауын тыңдайды;
15) жылына екі рет Жоғары аудиторлық палата Төрағасының есебін тыңдайды;
16) Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін талқылайды және бекітеді. Құрылтайдың республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкімет есебін бекітпеуі Құрылтайдың Үкіметке сенімсіздік вотумын білдіруі деп саналады;
57-бап
1. Құрылтайды мемлекеттік тілді жетік меңгерген депутаттар арасынан Құрылтай депутаттары жалпы санының көпшілік дауысымен жасырын дауыс беру арқылы сайланған Төраға басқарады. Құрылтай Төрағасының лауазымына кандидатураны Қазақстан Республикасының Президенті ұсынады.
Құрылтай Төрағасын сайлаудан қайта бас тартқан жағдайда Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтайды таратуға құқылы.
2. Құрылтай депутаттарының жалпы санының көпшілігі дауыс берген жағдайда Құрылтай Төрағасы лауазымынан кері шақырып алынуы, сондай-ақ орнынан түсуі мүмкін.
3. Құрылтай Төрағасы:
1) Құрылтай отырысын шақырады және оған төрағалық етеді;
2) Құрылтайдың қарауына енгізілетін мәселелерді дайындауға жалпы басшылық етеді;
3) Құрылтай Төрағасының орынбасарларын лауазымға сайлау үшін Құрылтайға кандидатуралар ұсынады;
4) Құрылтайдың қызметінде регламенттің сақталуын қамтамасыз етеді;
5) Құрылтайдың үйлестіру органының қызметіне басшылық етеді;
6) Құрылтай шығаратын актіге қол қояды;
7) өзіне Құрылтай регламентімен жүктелетін басқа да міндеттерді атқарады.
4. Конституцияда өзгеше көзделмесе, Құрылтай Төрағасы Құрылтай сессиясын ашады.
5. Құрылтай Төрағасы өз құзыретіндегі мәселелер бойынша өкім шығарады.
58-бап
1. Құрылтай сессиясы отырыс түрінде өткізіледі.
2. Құрылтайдың бірінші сессиясын Қазақстан Республикасының Президенті сайлау қорытындысы жарияланған күннен бастап отыз күннен кешіктірмей шақырады.
3. Құрылтайдың кезекті сессиясы жылына бір рет, қыркүйектің бірінші жұмыс күні мен маусымның соңғы жұмыс күні аралығында өткізіледі.
4. Сессия Құрылтай отырысында ашылады және жабылады. Құрылтай сессиясын, әдетте, Қазақстан Республикасының Президенті ашады. Құрылтай сессиялары арасындағы кезеңде Қазақстан Республикасының Президенті өз бастамасымен, Құрылтай Төрағасының немесе Құрылтай депутаттары жалпы санының кемінде үштен бірінің ұсынысымен Құрылтайдың кезектен тыс сессиясын шақыра алады. Онда сессияны шақыруға негіз болған мәселелер ғана қаралуы мүмкін.
59-бап
1. Құрылтай конституциялық заңда саны айқындалатын тұрақты комитеттер, сондай-ақ комиссиялар құрады.
2. Комитеттер мен комиссиялар өз құзыретіндегі мәселелер бойынша қаулы шығарады.
60-бап
1. Заң шығаруға бастама жасау құқығы Қазақстан Республикасының Президентіне, Құрылтай депутаттарына, Үкіметке, Қазақстан Халық Кеңесіне тиесілі және тек қана Құрылтайда іске асырылады.
2. Қазақстан Республикасының Президенті заң жобаларын қараудың басымдығын айқындауға құқылы, бұл тиісті заң жобалары бірінші кезекте екі ай ішінде қабылдануға тиіс дегенді бiлдiредi.
3. Құрылтай:
1) жеке және заңды тұлғалардың құқық субъектісі болуына, азаматтық құқықтары мен бостандықтарына, жеке және заңды тұлғалардың міндеттемелері мен жауаптылығына;
2) меншік режиміне және өзге де заттық құқықтарға;
3) мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын ұйымдастырудың және олардың қызметінің, мемлекеттік және әскери қызметтің негіздеріне;
4) салық салуға, алымдар мен басқа да міндетті төлемдерді белгілеуге немесе олардың күшін жоюға;
5) республикалық бюджет, мемлекеттік қарыз, Қазақстан Республикасының экономикалық және өзге де көмек көрсету мәселелеріне;
6) сот құрылысы мен сот ісін жүргізу мәселелеріне;
7) рақымшылық жасау мәселелеріне;
8) білімге, ғылымға, мәдениетке, денсаулық сақтауға және әлеуметтік қамсыздандыруға;
9) кәсіпорындарды және олардың мүлкін жекешелендіруге;
10) қоршаған ортаны қорғауға;
11) Қазақстан Республикаcының әкімшілік-аумақтық құрылысына;
12) мемлекет қорғанысы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге;
13) Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне;
14) халықаралық шарттарды ратификациялауға және денонсациялауға;
4. Халықтың өмірі мен денсаулығына, конституциялық құрылысқа, қоғамдық тәртіптің сақталуына, елдің экономикалық қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайларға жедел ден қою мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі заң шығару бастамасымен енгізген заң жобаларын Құрылтай дереу қарауға тиіс.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген заң жобалары Құрылтайға енгізілген жағдайда Үкімет өзіне жауапкершілік ала отырып, осы баптың 3-тармағында көрсетілген мәселелер бойынша заң күші бар уақытша нормативтік құқықтық акт қабылдауға құқылы. Мұндай акт Құрылтай қабылдаған заң күшіне енгенге дейін немесе Құрылтай заң жобаларын қабылдамай тастағанға дейін қолданыста болады.
5. Құрылтай қабылдаған заң он күн ішінде Қазақстан Республикасының Президентіне қол қоюға ұсынылады.
61-бап
1. Құрылтай Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында міндетті күші бар заң және қаулы қабылдайды.
2. Заң Қазақстан Республикасының Президенті қол қойғаннан кейін күшіне енеді.
3. Конституциялық заң Қазақстан Республикасының Конституциясында көзделген мәселелер бойынша Құрылтай депутаттары жалпы санының кемінде үштен екісінің дауысымен қабылданады.
4. Конституцияда өзгеше көзделмесе, Құрылтай депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен заңды қабылдайды.
Конституцияда өзгеше көзделмесе, Құрылтай қаулысы депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен қабылданады.
62-бап
1. Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтай Төрағасымен және Премьер-Министрмен консультациядан кейін Құрылтайды таратуға құқылы.
2. Құрылтай келісімімен тағайындалатын лауазымға Президент ұсынған кандидатураны тағайындауға келісім беруден қайта бас тартылған, сондай-ақ Құрылтай Төрағасын сайлаудан қайта бас тартылған жағдайда Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтайды таратуға құқылы.
(Қазақстан Республикасы Конституциясының жобасынан)