Қызылорда қаласында кәсіпкерлер үшін аса маңызды шешім қабылданды. Қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын бизнес субъектілеріне корпоративтік немесе жеке табыс салығының мөлшерлемесін 4 пайыздан 2 пайызға дейін төмендету туралы ұсыныс депутаттар тарапынан толық қолдау тапты.
Бұл бастама – AMANAT партиясы ұзақ уақыттан бері көтеріп келе жатқан, өңір кәсіпкерлері үшін аса өзекті мәселелердің бірі. Партияның қоғамдық қабылдауларына түскен мыңдаған өтініштердің басым бөлігі шағын және орта бизнеске салынатын салық ауыртпалығына қатысты болды. Осыған байланысты партия өңірлік деңгейде де, республикалық деңгейде де жүйелі түрде ұсыныстар енгізіп, талқылаулар жүргізіп отырды. Соның нақты нәтижелерінің бірі – Қызылорда қаласында қабылданған қазіргі шешім.
Сарапшылардың пікірінше, салықты 4%-дан 2%-ға төмендету бірнеше маңызды бағытқа оң ықпал етеді.
Шағын және орта бизнес – қаланың экономикалық тірегі. Салық мөлшерлемесінің төмендеуі кәсіпкерлерге тыныс береді, айналым қаражатын көбейтіп, жұмыс орындарын сақтауға мүмкіндік береді.
Қолданыстағы салық мөлшерлемесінің жоғары болуы кей кәсіпкерлерді тіркелмеуге немесе табысын жасыруға итермелейтіні жасырын емес. Ал жаңа мөлшерлеме бизнестің ашық жұмыс істеуіне ынталандырады.
Мәслихатта бұл фактор ерекше атап өтілді: салықты азайту – салықтан жалтаруды азайтудың тиімді жолы.
Салықтық жеңілдік – кез келген өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыратын маңызды көрсеткіш. Қызылордада қабылданған бұл шешім жергілікті кәсіпкерлер үшін ғана емес, сырттан келетін инвесторлар үшін де оң сигнал.