Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Күн тәртібінде міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру жүйесін жаңғырту, көлеңкелі экономиканы төмендету шаралары талқыланды. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысты. Үкімет жиынынан кейін осы және өзге де мәселелелер бойынша өткен облыс әкімдігінің жиынында облыс әкімі осы мәселелер бойынша сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

– «Жылдың аяқталуына аз уақыт қалды. Тиісті шаралар қабыл­данып, міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру саласының негізгі нысаналы индикаторлары толық орындалуы керек. Арнайы санаттағы азаматтарды жұмыспен қамту, сақтандыру, жалпы әлеуметтендіру өте маңызды.

Президентіміз экономикаға қауіп төндіріп, залал келтіретіндердің жолын кесу шараларын үздіксіз жүргізуді тапсырғаны белгілі. Жоспарланған жұмыс көлемінің нақты орындалуы, бюджет қаржы­­сының мақсатты пайдаланылуы бюджеттік бағдар­лама әкім­шілерінің, «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпора­ция­сының, мемлекеттік кірістер, ішкі мемлекеттік аудит департамент­терінің ұдайы бақылауында болуы тиіс.

Бюджеттік бағдарлама әкімшілері қаржы бөлінгеннен бастап түпкілікті нәтижеге қол жеткізілгенге дейінгі іс-қимылдарды цифрландырып, оның ашықтығын қамтамасыз етуі керек. Тұрақты мониторинг жүргізіліп, бюджет қаржысы мақсатты жұмсалуы қажет.

Мемлекеттік кірістер департаменті Қызылорда қаласы, аудан әкімдіктерімен бірлесіп, заңсыз айналымдардың алдын алу шараларын күшейтіп, мемлекеттік бюджетке түсетін түсімдер көлемін арттырыңыздар.

Жылу беру маусымының басталуына бір апта уақыт қалды. Өткен мәжілісте көмір қорын жасақтауды тапсырғанмын. Жылу беру маусымында қатты отын, көмір қорына қатысты ешқандай мәселе туындамауы тиіс. Көмір жеткізу, қажетті қорды жасақтау жұмыстарын күшейтіңіздер.

Биыл бюджеттен тұрғын үй құрылысы мен жеке салушылардан дайын 3 800 пәтерді сатып алуға 58 млрд. 785 млн. теңге қаржы бөлінді. Жаңа тұрғын үйлердің сапасына қатысты да ешқандай мәселе болмауы тиіс», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған