Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен осы аптадағы Үкімет отырысы көлеңкелі экономиканы төмендету бойынша қабылданып жатқан шараларды қарады. Бұл ретте Қаржы министрі Мәди Такиев баяндама жасапты.

Министрдің айтуынша «Бүгінгі таңда шағын және орта бизнес секторында салықтарды барынша аз төлеу және төлеуден жалтару схемалары әлі де сақталып қалып отыр. Мысал үшін, бір заңды мекенжай бойынша бірнеше компанияны тіркеу белең алған. Деректерге сәйкес тек 3,5 мың мекенжайда 20 мыңға жуық компания тіркелген, олардың салықтар бойынша берешегі 60,4 млрд. теңгені құраған. Қазір іс жүзіндегі қызметін анықтау үшін салықтық тергеп-тексерулер жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ көптеген кәсіпкерлердің кассалық тәртіпті сақтамауы да үлкен мәселе болып тұр. Бұл ел бюджетіне түсетін салықтар сомасының төмендеуіне тікелей әсер етеді. Азаматтардың кәсіпкерлерден фискалдық чек талап ету бойынша мәдениетін көтеруге ерекше назар аударған жөн, өйткені бұл, бірінші кезекте, олардың тұтынушылық құқықтарын қорғауға жатады. Мәселен, 2024 жылы 402 мыңға жуық чек бермеу дерегі тіркелді, бұл – есепке алынған бақылау-кассалық машиналардың жалпы санының 39%-ы. Сонымен қатар, 16,7 мың бақылау-кассалық машина POS-терминалдар мен QR-төлемдер бойынша түсімдер болғанымен чек бермеген. Бір ай бойы күн сайын тек бір ғана чек шығарып келген немесе түсімнің бірдей сомасын көрсетіп келген 260 мыңға жуық салық төлеуші анықталды. Айта кету керек, тиісті жұмыстар нәтижесінде биыл жағдай өзгерді және заң бұзушылықтар азайып келеді. Осы жылы 400 мың кассаның ішінен 70 мың кәсіпкер чек бере бастады. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады. Осылайша, жоғарыда келтірілген цифрлық шешімдерді енгізу аталған фактілерді жедел анықтауға және жолын кесуге мүмкіндік береді».

Салық саласын цифрландырудың пайдасы зор екендігі қазірден-ақ байқалса керек. «Мәселен, электронды шот-фактуралар беру кезінде биометриялық жеке басын анықтау талабының енгізілуі 33 миллиард теңгеден астам сомаға жалған шот-фактуралар жазу әрекетінің алдын алған. Е-таңба жобасы арқылы енгізілген автоматтандырылған қадағалау жүйесі ҚҚС теңгерімін тексеруге және «сұр» схемаларды ерте бастан анықтап, жолын кесуге мүмкіндік берген. Қазірдің өзінде 250 млн. электрондық шот-фактура және 500 млн. төлем өңделген. Жоба нәтижесінде бюджетке жылына 100 млрд. теңгеге дейін түсім түседі деп күтілуде». Одан бөлек 2024 жылдан бері Ұлттық Банкпен бірлесіп «Цифрлық қосылған құн салығы» пилоттық жобасын жүзеге асырылуда. Цифрлық теңгемен есеп айырысу ақшаны көлеңкеге жасыру жолын бұғаттап, барлық жеткізу тізбегін ашық етеді екен.

Үкімет басшысы Олжас Бектенов: Бізге таза, әрі ашық экономика керек…

– «Мемлекет басшысы биыл Жалпы ішкі өнімдегі көлеңкелі экономика үлесін 15%-ға дейін азайту міндетін қойды. Бұл көрсеткішті одан әрі төмендете беруге тиіспіз. Бізге таза әрі ашық экономика керек. Осы бағытта барлық мемлекеттік органдар мен бизнес субъектілерінің жұмысын күшейту қажет. Бұл жұмыс тек хат-хабар алмасып, есеп берумен ғана шектелмеуге тиіс. Экономика және салық тұрақтылығы, цифрландыру, сондай-ақ бизнес жүргізуді оңайлату ісінде сапалы әрі кешенді шешімдер қажет».

«Қаржы министрлігі акцизделетін тауарлардың көлеңкелі айналымына қарсы жүйелі шаралар ретінде таңбаланған тауарларды өткізуге қойылатын талаптарды қатаңдатты және таңбалау ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілік қарастыру туралы бастама көтерді. Мәселен, 2025 жылдың 9 айында 1 млн. литрден астам алкоголь, сомасы шамамен 4 млрд. теңге болатын 6,6 млн. темекі қорабы және 55,6 мың тонна болатын мұнай өнімдері тәркіленді. Тексерістер нәтижесінде есептен тыс қалған 7 млрд. теңгеден астам акциз қайтадан есептелді. Жалпы салмағы 152 келі болатын есірткі заттарын әкелудің 55 фактісінің жолы кесілді, — дейді министр.

Бұдан бөлек цифрландыру арқасында «агроөнеркәсіптік кешенде бюджеттік кредиттер мен субсидияларды мақсатына сай пайдаланбау, яғни мәмілелерді растамастан мал мен жабдықтар сатып алуға кредит беру; қаражатты мақсатына сай пайдаланбау, кредиттерді депозиттерге орналастыру фактілері анықталған. – Мысал үшін «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 2 мыңға жуық қарыз алушы 13 млрд. теңге несиесін ауыл шаруашылығын дамытуға қатысы жоқ мақсатқа жұмсағанын айтуға болады. Мемлекет қаражаты сұлулық салондарын, сауналар мен мейрамханалар, дүкендер ашуға жұмсалған. Бірқатар жағдайда инвестициялық жобаларды дамытуға берілген кредиттер түпкі мақсатқа қол жеткізбей пайдаланылған. Айталық Батыс Қазақстан облысында 2 млрд. теңгеге мал мен жабдықтар сатып алынбаған, ал Алматы облысында төмен пайызбен 1 млрд. теңге бюджеттік кредит алған қарыз алушы оны депозитке салып, 80 млн. теңге пайда тапқан», — деді Мәди Такиев.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған