Қызылорда облысы әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастаған делегацияның Абай еліне сапары Шығыс Қазақстан облысында жалғасты.
Меймандарды ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов қарсы алды. Делегация мүшелері ең әуелі Өскемендегі Халифа Алтай атындағы мешіттің сәулеттік құрылымымен, ішкі жұмысымен, діни ағартушылық қызметімен танысты.
Одан кейін Жеңіл атлетика манежіне барды. Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакованың аты берілген спорттық нысан 2014 жылдан бері жұмыс істейді. Онда жеңіл атлетиканың түрлі бағытында жаттығатын өлке спортшылары жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Делегация назарына ұсынылған Жекпе-жек кешені де – Шығыс Қазақстандағы озық спорт нысандардың бірі.
Содан соң қонақтар өз өнімдерін тек өңірге ғана емес, республика аумағына саудалайтын “Шығыс сүт” ЖШС-ға барды.
Бүгінде мұнда 80 түрлі өнім шығарылады. Қызылордалықтар корпорацияның тарихымен, жабдықтарымен танысып, жұмыс барысын бақылады.
Делегация мүшелері ШҚО әкімдігі ғимаратының алдындағы Абай Құнанбайұлы ескерткішіне тағзым етіп, жуырда ашылған «Алтай» көтерме-тарату орталығына барды. Шығыс өңіріндегі ең ірі сауда орталығы ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге және бағаның тұрақталуына оң септігін тигізуде.
Өңірлер арасындағы байланысты күшейте түсетін осындай делегациялар сапары Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған болатын. Игі дәстүр бұдан кейін де үзілмей, жалғасын таба бермек.
ӨСКЕМЕНДЕ «СЫР ӨҢІРІ – ТҮРКІ ӨРКЕНИЕТІНІҢ АЛТЫН БЕСІГІ» АТТЫ КӨРМЕ ӨТТІ
Абайдың 180 жылдығына арналған «Сұлу Сырдан – шырайлы Шығысқа» атты Қызылорда облысының өнер күндері Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскеменде жалғасты.
Шығыс Қазақстан облыстық филармониясында «Сыр өңірі – түркі өркениетінің алтын бесігі» атты көрме ашылып, Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов және өскемендіктер Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі қорындағы құнды жәдігерлермен танысты.
Кейінгі жылдары музей қоры ежелгі қалалар орнынан табылған жәдігерлерді негізге алып қайта жаңғыртылған «Шірік Рабат сақ жауынгері», «Сығанақ ханшайымы», «Түгіскен көсемі», «Жетіасар ақсүйек әйелі» археологиялық реконструкцияларымен толыққан болатын. Бүгінгі көрмеге келушілер осы жәдігерлерге ерекше назар аударды.
Археологиялық экспедициялар кезінде табылған алтындар коллекциясы да осы жерден орын алған. Ежелгі өркениеттің бесігі саналатын Шірік Рабат және Бәбіш мола қалашықтарынан табылған алтын жапсырмалар сол дәуірдің көзіндей. Сондай-ақ, көрмеге орта ғасырларда сауда-саттық пен мәдениеті өркендеген Сығанақ қалашығынан табылған алтын сырғалар, тұмар, түймелер және маржан моншақтардың түпнұсқа коллекциясы қойылған. Шығыс жұртшылығы Жанкент, Асанас, Қышқала, Сығанақтан табылған терракоталар, глазурлі қаптамалар, қыш ыдыстар және Бидайықасар қалашығынан табылған қоссаз домбыра көшірмесін де қызыға тамашалады.
Көрмедегі зергерлік және тұрмыстық бұйымдардың орны бөлек. Өңіржиек, жырға, алқа, ағаш жиһаздар, ыдыстар, тері бұйымдары Сыр бойында қолөнердің бай мұрасы сақталғанын көрсетеді. Қару-жарақ коллекциясындағы қылыш, айбалта, семсер, шоқпар, найза, қалқан, жебе тарихтан сыр шертеді.
«Деде Қорқыт» кітабының Дрезден нұсқасы, нар қобыз, ЮНЕСКО сертификаты, кәдесыйлар, Марал ишанның көк асасы, Керей ерінің түпнұсқасы, Қалқай ишан, Сердалы Бекшорин, Ер Сейтпенбет, Бұқарбай батырдың мөрлердің көшірмелері де көрмеге келушілер қызығушылығын туғызды.
Сондай-ақ, Абайдың 1922 жылы жарық көрген өлеңдер жинағы мен Қызылорданың астана болған кезеңінің фото және архив құжаттары көрме құндылығын арттыра түсті.
«СҰЛУ СЫРДАН – ШЫРАЙЛЫ ШЫҒЫСҚА» АТТЫ ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ӨНЕР КҮНДЕРІ ӨСКЕМЕНДЕ ЖАЛҒАСТЫ
Шығыс Қазақстан облыстық филармониясына жиналған көрерменге өнерпаздар ән-жырдан шашу шашты.
Аймақ басшысы ұлт руханияты мен мәдениетінің, әдебиеті мен өнерінің қайнар бастауындағы тұлғалар түлеген Шығыс жұртшылығына ізгі тілегін білдірді.
– “Өз заманынан көш ілгері ойлайтын Шәкәрім Құдайбердіұлынан «Сыр – Алаштың анасы» деген нақыл қалған. Қилы заманда, зұлматқа толы күндерде, ақтабан шұбырынды кезеңінде, ел ішін ашаршылық жайлағанда бүкіл қазақ баласы көш-керуенінің басын Сырға бұрып, Сырды анасындай паналаған. Сол себепті, Алашқа ана болған Сырдың қазақ үшін орны да, жөні де бөлек.
Күллі түркі әлемінің алтын бесігі саналатын Алтай төріндегі шырайлы шығыс өлкесі – түркілердің сана-сезімін қалыптастырған, рухани ұясында талай ұлы тұлғалар тәрбиеленген қасиетті мекен.
Ырыс аунап, құт қонған Шығыс Қазақстан – қазақ халқының жан-дүниесінің тереңдігін айқындайтын киелі өлке.
Шыңғыс тауының бөктерінде ұлы Абайдың 180 жылдығы Президентіміздің қолдауымен жоғары деңгейде атап өтілуі де осының айқын дәлелі.
Мемлекет басшымыз «Ұлы Абай – біздің еліміздің мақтанышы ғана емес, әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Оның өлеңдері мен қара сөздері – ұлттық болмысымыздың айнасы» деген болатын.
Баршаңызды қазақтың біртуар ұлы ақыны, «адамзаттың Абайы» атанған ағартушы, рухани реформатор Абай Құнанбайұлының жалпыхалықтық тойымен Сыр жұртшылығының, Өзімнің атымнан шын жүректен құттықтаймын!!», – деді Н.Нәлібаев.
Мерекелік басқосуда Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов сөз сөйлеп, өнер күндерін өткізуге қолдау білдірген облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевқа, атсалысқан өнерпаздарға алғысын жеткізді.
Концертте Қорқыттың сарыны қылқобыздан төгіліп, «Күлтегін» жырының үзіндісі орындалды, көрермен қошеметіне ие болған «Қорқыт–қобыз» әні шырқалды.
«Ұлы дала поэмасы» хореографиялық қойылымын қойған «Томирис» би ансамбліне ерекше құрмет көрсетілді.
Сыр сүлейлерінің толғауларына сусаған көрерменге Нұртуған жыраудың «Өсиеті», Нартай ақынның «Өздерің білер Нартаймын», Ақ Кете Шернияздың «Сөз сөйлейін бөлмелеп» термелері ұсынылды.
«Бүлдірген», «Сұрша қыз», «Сырдың қараторғайы», «Ауылың сенің іргелі» сияқты халық әндері, әлемдік классиканың жауһар туындылары орындалды.