— Сапар, сен немене… шошып қалдың ба?

Сафура менің бетіме төніп тұр екен. Оның қысқа етіп қырыққан шашы төгіліп, маңдайымды қытықтайды.

— Иә, менмін. Танымай жатырмысың?

— Сіз… сізге не керек?

— Маған ба? Маған ештеңенің де қажеті жоқ. Мен сенің ұйықтап жатқан кезіңді ұнатамын. Сен ұйықтағанда ерекше сұлу­ланып кетесің.

— Оны… оны ертең айтарсыз. Ұят қой, ұят қой, Сафура апай. Үйге барыңыз.

— Үйге ме? Оған асығыс не? Мен сенің қасыңда біраз отырғалы ғана келдім. Аузынан ана сүті кетпеген жас балаша сонша неге шошынасың?

— Сонда да, Құлахмет ағайдан ұят қой, өлім ғой бұл!

— Һм-һм-һм!..

Сафура аузын ашпай тұншыға, сыңғырлай күлді.

— Сен әлі тым жас бала секілді екенсің. Құлахмет ұйықтап жатыр, зеңбірек атсаң да оянбайды. Даланы қарашы, қандай тамаша! Осындай түнде сен сияқты боз­балаға ұйықтау да күнә емес пе? Қарашы, басыңды көтерші!

Ол оттай ыстық алақанымен менің қолымнан тартты.

— Сендей жас болсам, мен мынадай түнде көз ілмес едім. Тіпті, жалғыз болсам да оңаша отырып тәтті қиялға шомар едім. Қиял деген өмірдің өзінен де тәтті. Менің ойымда талай-талай тәтті қиял бар делік, ол қиял болғандықтан тәтті. Егер балдай боп көрінген қол жетпес сол арманың орындала кетсе, оның күнделікті көріп-біліп жүрген нәрсеңнен түк те артықшылығы болмай қалады. Кей кезде одан жиреніп теріс те айналасың. Сондықтан арман атаулының бәрі бірдей, орындала бермегені жақсы. Ал сен… — ұйықтап жатсың!..

—Сафура апай, сонда маған не айт­пақсыз?

— Аңқаусың, ессізсің сен! Айтшы, мен әлі жаспын ба?

— Әрине, әрине… әлі жас қыз секілдісіз…

— Демек, біреуге ғашық болуға қақым бар екен ғой.

— Неге болмасқа… Сіз не айтып тұрсыз!? Ұят қой, масқара ғой бұл! Сіздің еріңіз бар, қызыңыз бар. Сіздің олай деп айтуға қақыңыз жоқ! Сафураның сықылық­таған күлкісі сөзімнің соңын көміп кетті.

— Ә-ә, білемін, сен заң тұрғысынан айтып тұрсың ғой. Сен қарсы бол, қарсы болма, егер өзім қаласам, дегеніме жетпей тынбаймын. Сондықтан, айта ғой, мен өзге біреуге ғашық бола аламын ба?

— Ім-м, кім біледі. Мен мұндай нәрсе жайлы ешқашан ойланып көрген емеспін.

— Ойлан, ойлан, Сапар, — деп ол сы­быр ете түсті де, төсіме басын сүйеді.

— Ой, мұныңыз не, Сафура апай, мұныңыз не?

— Сен… сен мені апай демеші, өтінемін, онда менің жүрегіме ине қадал­ғандай болады.

Ол кенет басын көтеріп алып, екі қолын тараштап, желкемнен қыса құшақтады.

— Мен… мен сені жақсы көремін, Сапар!.. Ол осыны айтты да, мені ыстық сүйісімен көміп жіберді.

— Босатыңыз, босатыңыз мені! Сұмдық қой бұл, Сафура апай!

— Жо-жоқ, сен мені апай демеші, тек «Сафура» деші, тым болмаса бір-ақ рет аташы.

— Жо-жоқ, сіз менен сегіз жас үлкенсіз. Мен олай атай алмаймын.

— Мен өтінемін, солай аташы, «Сафура» деші. Қане, қайталап айтшы менің сөзімді.

— Са-фу-ра…

Сафура ештеңе айта алмай жылап жіберді. Жылап болған соң:

— Мен сені сүйемін, Сапар, бірақ, мен бұл махаббаттан ешқандай қайыр күтпеймін, оның опат боларына көзім жетеді. Сен мені кінәламашы, өзін сүйген еркекті әйел заты жазғырмайды, сен де мені жазғыра көрме. Мен дәл бүгінге шейін күйеуі­ме ақ-адал болып келдім. Маған талай жігіттер сөз салып, талай жігіттер жүзік те сыйламақ болды. Бірақ бірде-біріне ықылас білдірмедім. Қайда барсам да көңілімде сен тұрасың. Алғашқы кезде мен сені үйден шығарып жібергім де келді. Сол себепті, есіңде ме, сенімен жиі-жиі жүз шайысып қала беретінмін. Бірақ олай ету қолымнан келмеді. Содан бері мен сені әрі сүйе­мін, әрі қызғанамын, әрі жек көремін.

—Онда, сіз… маған бүгін-ақ «кете бер» деуіңізге болады ғой.

— Олай деме. Мен сені сүйгендіктен жек көремін, бәрібір мендік болмайтыныңды ойлап жек көремін.

— Олай болса сіз менен неге, «Мені сүйесің бе?» деп сұрап көрмейсіз.

— О, қорқамын, қорқамын олай деп сұрауға!

— Сонда қалай, еріңіз бола тұрып ғашық болуға батылыңыз жетеді де, «сүйе­сің бе?» деп сұрауға жүрексінесіз бе?

— Иә-иә… Жо-жоқ. Мен ештеңеден қорық­­паймын. Айтшы, сен… сен сүйемісің мені!

— Жоқ.

— Оһ!..

— Сафураның көкірегі қарс айрылып, жылап жіберді. — Бұдан гөрі жүрегіме қанжар сұғып өлтіргенің жүз есе жеңіл болатын еді ғой. Мен сенің осылай жауап береріңді біліп едім, мен осы сөзіңнен ғана қорқып ем…

— Қойыңыз, Сафура апай, біреу-міреу естіп жүрер, жыламаңыз. Үйге барыңыз…

Ол менің аяқ жағымда едәуір уақыт отырды да, ақырын көтеріліп үйіне кетті. Мен таң аппақ атқанша кірпік айқастыра алмадым. Көз алдымнан сұлу, тәкаппар Сафура бейнесі кетпей қойды. Оны жек көрдім және іштей жақсы да көрдім. Ал, Құлахметті мейлінше аядым. Ол байғұс қойнындағы әйелінің өзі ұйықтап жатқанда пәтерші бір инженерге не айтқанын, оны аймалап, көз жасын көл қылғанынан мүлде бейхабар-ау! Сол әйелін ол таң атқан соң, «періштем, еркем, ақылдым» дейді-ау! Егер ол осының бәрін білсе ше? Бәлкім, ол қызғаныштан біреумізді жайратып та салар! Жо-жоқ, әңгіме өлімде емес, өлімнен де күшті ар-ұятта ғой. Мен оның алдында қалай ғана адамдық арымды ақтап алмақпын? Әйелін ессіз сүйетін Құлахмет ағайдың ақ сезімін, сәби көңілін қалайша аяққа таптап жүре бермекпін! Жо-жо-оқ, әңгіме өлімде емес, әңгіме о дүниеге де қызармай, тұнжырамай баруда.

…Сол бір айлы түннен бастап Сафура менімен сөйлескен емес. Көп ұзамай үйді босатуымды сұрайтын шығар деп іштей күтіп жүрдім. Бірақ олай етпеді. Есесіне бұрынғыдан да ашушаң, тұйық боп алды. Дәл осы түнде Құлахмет ағай екеуміз оны келіп қалмады ма екен деп қақпа алдында болғанда, сол үшін байғұс Құлахмет ағайдың алдында өзімді кешірілмес күнәкардай сезіндім.

* * *

Ертеңінде мен әлдеқандай бір себеппен жұмыстан кеш оралдым. Күн әлдеқашан батып, қараңғылық үйіріліп қалған шақ. Қақпадан енген бетте есік алдында сабыр­сызданып, тағат таппай жүрген Құлахмет ағайға көзім түсті. Ауланың да, бөлмелердің де шамы жағылмапты. Мені көрген бетте маған қарсы жүгірді.

— Міне, міне, ақыры келдің-ау, сен де! Мен сені түстен бері күтудемін. Тапшы, менің қолымда не бар?

— Қызыл алма шығар.

— Жо-жоқ!

— Ім-м, онда… Нәзікетке әдемі лента алған боларсыз?

— Әрине, әрине, оған мен бүгін алқызыл лента алдым. Бірақ қолымдағы ол емес.

— Онда… Онда ол хат! Сафура апайдан келген хат!

— Дәл, дәл үстінен түстің. О, мен бүгін қандай қуаныштымын! Мен бүгін көгер­шіндерімнен хат алдым. Күн батқанша ашпадым. Сен келген соң екеулеп оқып, рахатқа батпақ едім. Ол бақ ішіндегі шайланың шамын жақты.

— Жүр, анда отырып оқиық.

Құлахмет ағай қуаныштан алып-ұшып, ауыз жаппай сөйлеп жүр.

— Ұмытпайды ғой, ұмытпайды мені көгершіндерім. Менің Нәзікетім қандай болды екен? Ол өсіп те кеткен шығар. Менің Нәзікетім бар ғой, нағыз әдепті, ұяң қыз болады. Апырмау, ол осында жүріп те ұялатын еді ғой. Ал, мінезі ше? Айнымай Сафураның өзіне тартқан. Түу, осы Сафурада да ес жоқ білем, екеуі суретке түсіп салып жіберсе қайтеді. Кел, Сапар, отыр­шы. Саған да маза бермейтін болдым ғой. Сен Сафурашымның жазуын жақсы түсінетін емес пе ең, қане оқышы. Мен әлгінде ешнәрсе аңғара алмадым. А-а, мен де ес қалмаған шығар, сірә, хатты әлі саған бермеген екенмін ғой. Әй, мына жеріне алманың шырыны қайдан жұғып жүр екен, әкел, өзім тазалап жіберейін.

Ол қағаздың жазу түспеген ашық жеріндегі кішкене сарғыш дақты ала­қанымен, сонан соң бет орамалымен тез-тез сүртіп жіберді де, өзі бір сәтке тынышталып, сәкіге шалқалай отырып көзін жұмды. Хат әрі асығыс, әрі қысқа жазылыпты. Мен дауыстап оқи бастадым. «Құрметті Құлахмет!»..

— А? Құрметті Құлахмет дейді? Ах-ах-ах! Құрметті Құлахмет!».. Айта… айтады ол. Ол бар ғой, әдейі, әдейі жазып отыр. Иә, әрмен қарай… »

Аман-есенсің бе? Хал-жағдайың жақсы ма? Ана пәтерші жігіт сенімен бірге тұрып жат­қан болар. Біздін жаңалығымыз жоқ. Нәзікет осында, бірінші класта оқып жүр.

Мен бұдан әрі хатты оқи алмадым: Сафура Құлахметпен ажырасатынын айтып­ты.

— Сапар, сен… неге үндемей қалдың? Қолдарың неге дірілдеп барады?

—А… Жо-жо… Жай, Сафура аздап сырқаттанып қалыпты.

— Сырқаттанып дейді! Япырмай, аман-есен сауығып кетсе болғаны. Шырақтарым-ай, сонау бір алыста… Келеміз демеп пе өздері?

 — Иә, келеміз депті. Жақын арада кеп қалар.

Құлахметтің қуанышында шек болмады.

* * *

Біз Сафураның келуін күттік. Ол өзінің келетіндігі жайлы телеграмма бермейтіндігін, келген соң да бұл үйде екі-үш күннен артық кідірмей, ол дегенде кеудесіндегі ақ жүрегін суырып бере салуға дайын Құлахмет ағайды мәңгі жалғыз қалдырып, өзге біреудің жары боп кете баратынына көзім жетіп жүрді. Сафураның келер уақыты жақындады-ау деген сайын жүрек аттай тулап, әлдеқалай себеппен сол күннің аз уақытқа болса да кідіре тұруын іштей тілейтін секілдімін. Құлахмет ағай болса Сафураны жақсылап күтіп алудың қамында жүр. Аула ішін ине түссе көрінердей етіп сыпырып тастады. Үй ортасына екі столды жалғастыра қойып, шағаланың қанатындай ақ матамен жапты. Үстіне қызыл алмалардан толтыра үйіп, күні бойғы базар аралап жүріп тауып келген әртүрлі тәтті тағамдар мен жеміс-жидектерін тау ғып үйіп тастады. Шаршау дегенді мүлде ұмытқан сияқты. Сафураның «жақын арада барып қалармын» деген хатын алғалы бері Құлахмет ағай екеуміз түннің көп мезгілі өткенше бақ ішінде темекі тартып, қоңыр үнмен баяу сейлесіп, ұзақ отыратын болдық. Шатыр іші сүттей жарық. Кей кезде ойыма өткен оқиға елестеп, Сафураның үні құлағыма әлдеқайдан талып естілгендей болады. Қала ұйқыға еніп, көшедегі жүріс басылған шақ болатын. Әдеттегідей Құлахмет екеуміз бақ ішіндегі шатырда отырдық. Осы кезде қақпа сарт жабылып, Сафура кіріп келді. Оның соңынан ұзын бойлы ер адам көрінді.

— Қорықпа, жүре бер, ит байлаулы, — деген Сафураның құлаққа таныс үні де естілді. Оның даусын есіте салысымен-ақ, Құлахмет ағай орнынан ұшып тұрып, қақпаға қарай домалай жөнелді. Көзді ашып-жұмғанша-ақ Сафураның қасына жетіп барды.

— Сафура, келдің бе, келдің бе, әйтеуір!

 Ол әйелін құшақтай кетті. Ай сәулесінің астында қалбиып тұрған ұзын бойлы кісі жансыз дененің көлеңкесі секілді қатып қалыпты.

— Болды, болды, жетеді! — деді Сафура күйеуін өзінен сәл ғана итеріп.

— Смағұл, сен неге селтиіп қалдың, үйге жүр.

— А-а, кешір, кешіре гөр мені Сафура-ау! Қайдан… қайдан ғана білейін сенің қасыңда қонақ бар екенін. Сасқалақтап жүргенде… Сіздің есіміңіз Смағұл бола ма? Жүріңіз, жүріңіз үйге. Қане, чемо­даныңызды маған беріңіз. Сапар-ау, сен неге қалшиып қалғансың. Сафура апайың келді ғой, қонағы да бар.

Мен шайла алдында тас мүсіндей қатып қалғанымды сонда ғана аңғарыппын. Желкемнен әлдекім итеріп келе жатқандай аяқтарым алға қарай әрең қозғалды.

— Сәламатсыз ба, Сафура апай? — дедім оның қасына жақындап.

— Ә-ә, сәламат па? Қалай, жұмысың жақсы ма?

— Жаман емес.

Мен оның қолынан үлкен-үлкен екі чемоданын алдым да, үйге бастап кірдім. Ішке енген соң ғана бейтаныс еркектің жүзіне көз тоқтаттым. Жасы қырық-қырық екілер шамасында көрінеді. Соған қарамастан өзін жас жігіттей сылап-сипайтындығы байқалып тұр. Жирен шашын жылтырата майлап, тілмен жала­ғандай жоғары қайырып қойыпты. Ат жақты, ашаң жүзіне шам сәулесімен шағылысқан көзілдірігі суықтық пен қаталдық сеуіп тұр. Неге екені белгісіз, айналасына паңдана қарап, тамсанып қояды. Менің бұларға қандай туыстық қатынасым бар екендігін білгісі келді ме, ол Сафураға сұраулы пішінде мойын бұрды.

— Бұ кісі… бұ жігіт осында жатып жұмыс істейді. Пәтерші. Инженер, — деді Сафура мені оған таныстырып. Ол маған қайтып назар аударған да жоқ.

— Імм-м — деді әлден соң ол маған көзінің қиығын тастап, — аты-жөніңіз кім?

— Сапар.

—Толығымен айтқанда? Мәселенки… менің аты-жөнім — Смағұл Толыбаевич Утешов…

—Кешіріңіз, мен әлі аты-жөнімді құрметтеп атайтын дәрежеге жете қойған жоқпын, — дедім оның сөзін бөліп. Смағұл қырсығып жауап бергенімді сезіп қалды да, көзілдірігін түзеген боп, Сафураға бұрылды.

— Біз бұл жерде көп кідірмеспіз деп ойлаймын?

— Әрине, әрине…

— О не дегендеріңіз, бұл қай айтқан­дарыңыз, қымбаттыларым-ау! Көп кідір­мес­піз дегендерің қалай? Сөке…

— Смағұл Толыбаевич деңіз…

— Кешірерсіз… Смағұл Толыбаевич… сіз немене, сонша асығыс па едіңіз? Отырсаңызшы, тым болмаса мына дастарқаннан дәм татыңыз. Сафура, жаным-ау, бөтен үйге келгендей состиып тұрғаның не? Үйге келген қонақты жатырқатпасаңшы. Міне, сен жақсы көретін қызыл алмаларды мен жаз бойы жинаған жоқпын ба?

Құлахмет ағай бәйек боп, Смағұл мен Сафураға орындық ұсынды.

— Беу, Сафуражан-ай, тым болмаса хабарлап келсең қайтеді. Сенен хат алғалы бері біздің екі көзіміз төрт болды ғой. Үй сыртынан дүрсіл естілсе де, қақпаны жел сықырлатса да, сен келіп қалды екен деп Сапар екеуміз үдере түрегелеміз. Рас па, Сапар?

— Рас қой…

— Сапар да сені қатты сағынды. Екеуміз анау шайла ішінде әтеш шақырғанша өзің жайлы әңгіме шертіп отырамыз. Мейлі, мейлі, не болса да келдің ғой, әйтеуір. Уһ, сенсіз қандай көңілсіз болды десеңші маған! Айтпақшы, Нәзікетті неге ертіп келмегенсің, ол неге қалды? Ол папасын сағынбады ма? Оның бұл сұрағына Сафура жауап бермеді. Қызыл алманы жіп-жіңішке етіп тілгілеп отыра берді. –Сафура-ау, айтсаңшы, папасын сағынбағаны ма оның?

–Сафура, жауап берсеңші, — деді Смағұл өктемдеу үнмен.

–Мен сияқты сен де жауап бере аласың. Мұндай сұрақты естігім де келмейді. Құлахмет ағай әуелі маған, сонан соң Смағұлға, Сафураға қарап шықты. Сонан соң маған тоқталып:

— Сапар-ау, Сафуражан не айтып тұр? Сен есіттің бе? Әлде менің саңырау болғыр құлағым тас боп бітіп қалған ба? Смағұл То… Толыбаевич, мүмкін, сізге анығырақ естілген шығар, сіз оған жақын отырсыз ғой? «Естігім келмейді» дегені рас па? Смағұл өзіне төніп қалған Құлахмет ағайдан сасқалақтап, абдырап қалды. Ол оның бір қолы жоқ екенін енді ғана аңғарды ма, көздерінің шарасы ұлғайып, кеудесін кейін тарта берді. — Ж-о-о… Иә-иә, рас, солай дегені рас. Сіз… немене, ауыр алып қалдыңыз ба? Нәзікет… Нәзікет оқып жатыр. Анда, — деп ол өздері келген жаққа қолын сілтеді. — Кейде ол сізді ауық-ауық еске түсіріп…

— Смағұл, жетер енді! Жас баланың балдырын сөз еткелі отырмысың? Ал сен, — деп ол Құлахмет ағайға қарады, — жоқтан өзгені қазбалай берме!

— Сафу… Сафура-ау, сонда маған Нәзікетті де сағынба дейсің бе? Ол үшін мына менің кеудемдегі жүрек емес, қара тас болуы керек қой, қара тас! Нәзікетім, Нәзікетім менің! Ол менің өмірімнің алданышы ғой!

— Мәссаға-ан! Сен бұлай жылтыр сөйлеуді қайдан үйреніп алғансың? Мұның бәрін құлағыңа құйған анау пәтерші досың шығар?!

— Сен оны араға кірістірме, Сафура. Саған айтатын сөзді үйрету былай тұрсын, жұмысынан қолы босамайды. Тек дем алуға шыққанда ғана сен туралы сөйлесіп жүрмедік пе? Ол сені шын жақсы көреді. Сенен хат келгенде жүрегі жарыла жаздап, әрбір сөзіңді қайталап оқып берді.

Мен Сафураның жүзіне көз тастадым. Ойлағанымдай-ақ, Құлахмет ағайдың соңғы сөздерінен қымсынғандай жанарын төмен түсіріп, астыңғы ернін жай ғана тістелеп отыр екен. Үйден кеткен бес айдың ішінде өзі бұрынғысынан толықсып, ажарлана түсіпті. Ол мен жаққа ұрлана бір қарап қойды да, жанары маған соқтығыса кетіп, қайта төмен қараған сәтте аппақ беттері жаңа пісіп келе жатқан алмадай қызарып сала берді. Мен де қысылып төмен қарадым. Төмен қарап тұрып кексе тартудың орнына Сафураның жасарып, құлпыра түскендігіне таңдандым. Сонымен бірге, Смағұлдың Сафурамен бірге келген қонақ емес, онымен о дүниеге дейін бірге баруға ниет етіп жүрген «қонақ» екенін сездім. Сол ойдан денем түршігіп, өз бөлмеме қарай жүре бергенімде Сафура­ның: «Сапар» деген өтінішке толы үні естілді.

— Сен… кешір мені. Әйел адам ашуланғанда артық сөздерді де айта салады. Менің сөзіме ренжіген жоқсың ба?

— Кешірім өтінетіндей сіз менің алдымда кінәлі бола қойған жоқсыз ғой. Мен тек…

— Иә, сен тек?.. — Мен тек… сізді дәл осындай қалыпта көремін деп ойламап едім. Мен сол үшін ренжимін. Ал бұл ренішімді жадырату сіздің қолыңыздан келмейді, өйткені, сіз бәріне бел байлап кеп отырсыз. Кісі күлерлік нәрсе екен-ау! «Менің ренішімді жадырату!..» Менің ренішімнің сізге қаншалықты қатысы бар еді десеңізші!

— Түу-у, Сафура, Сапар, сендерге не болған түге? Дәл қонақ келіп отырғанда… Басқа уақытта да екеуің айтыса жатасыңдар ғой. Сәке… а-а, Смағұл Толыбаевич, сіз басқаша ойлап қалмаңыз, бұл өзіміздің арамызда бола беретін әңгіме ғой, тәйірі. Қане, доғарайық мұны, сіздер жолдан шаршап келдіңіздер ғой. Сапар, жүр, екеуміз шай жағын қамдастырайық.

Құлахмет осыны айтты да сыртқа шығып кетті. Сәлден соң мен де шықтым.

— Сафураның мінезін білесің ғой, өкпе­шіл, оны ренжітіп қайтесің, әрі қонақ отыр, — деді Құлахмет примустың ішіне бір қолымен ауа айдап жатып. Есік алдына Сафура шықты. Оны көрісімен Құлахмет ағай: «Сафура, сен көйлекпен ғана шығыпсың ғой, суық тиіп қалады. Қазір күз екенін ұмыттың ба? Үйге кір» — деп бебеу қақты.

— Жоқ, суық тие қоймас, мен жас бала емеспін ғой. Үй қапырық екен, таза ауа жұтқым келді. Сапар қайда жүр?

— Ол әлгінде ғана осында еді. Сапар! Мен бақ арасынан бері шығып, олардың қасына келдім.

— Сафура апайың сені іздеп жүр ғой. Ал не айтпақ едің оған? Сафура біраз үнсіз тұрды да: –Сапар, аз ғана уақытқа қыдырып келсек қайтеді? —деді.

– Несі бар, қыдырып келсек қыдырып келейік.

— Оған дейін шай да дайын болар. Ал сен екеуің әңгімелесе тұрыңдар. Ол жағынан қам жеме. Сендер келгенше біз жақсылап танысып аламыз. Абай бол, көгершінім-ау, суық тигізіп алып жүрме!

Ол бізді қақпадан шығарып салып қала берді. Мен артыма қарамасам да оның ұзақ уақыт бойы сол орнынан тапжылмастан бізді көзбен шығарып салып тұрғанын сездім.

* * *

Түнгі қаланың табиғаты тамаша еді. Көшеде қыбыр еткен жан жоқ. Зәулім терек­тер мен қайыңдар тәтті бір ұйқыға шомып, сыбдырсыз, мүлгіп тұр. Қаланың шет­кері жағы болғандықтан бұл маңай у-шудан аулақ, кеш батса-ақ болды кеуде біткен­ді сезім мен қуанышқа толтырып, құлпырып сала береді. Төбеде ай қалқып барады. Бірақ оның күміс сәулесі сансыз көше жарықтарының тосқауылын бұзып өте алмай, алыста, сонау терек пен қайың бастарының ар жағында тұр. Қаланың әлдеқайда бір шетінен кезекші автобустар мен трамвайлардың гүрілдеген үні ауық-ауық естіліп қалады. Көше аралап сай­раңдап жүрген сылқым самалдар оқтын-оқтын қарсы кездесіп, беттен аймалап өтеді.

— Біз қайда барамыз? — дедім үйден біраз ұзаған соң.

— Алысқа емес, осы маңайда-ақ сөйле­серміз. Немене, сен асығып келе­місің?

— Жо-жоқ, ертең демалыс. Сізбен таң атқанша сөйлесуге дайынмын.

— Міне, бұл тіптен тамаша! — деп Сафура дәл бұрынғысындай сыңғырлап бір күліп алды.

— Мына көпірдің ар жағындағы скверге барып отырайық.

Скверге жеткенше бір-бірімізге тіл қатпадық. Оңаша сәкіге кеп отырған соң да бірнеше минутқа дейін сөз тиегі ағытыла қоймады.

— Ой, бүгін табиғат қандай тамаша! — деді ол әлден соң аспанға қарап.

— Иә, өте тамаша, — дей салдым айтылар әңгіменің бұл емес екендігін аңғартып.

— Біз көп кешігіп қалармыз.

«Солай ма» дегендей Сафура жүзіме бір қарады да қайтадан үнсіз қалды. Аспанға тағы бір қарап, білдірмей ғана ақырын бір күрсінді. Сонан кейін екі қолын тараштап, желкесіне қойды да, сәкіге шалқалады. Сол қалпы ұзақ отырды. Әлден соң:

Жалғасы бар

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған