Қазақстан бойынша сұйытылған мұнай газын тұтыну 2022 жылғы 1,8 млн. тонна болса, 2024 жылы 2,4 млн тоннаға дейін жетті.

Мысалы, аймағымызда 2022 жылы сұйытылған мұнай газын тұтынатын 7 290 автокөлік тіркелсе, 2025 жылы 35 690 автокөлік тіркелген, яғни 5 есеге артты.

Одан бөлек сұйытылған газ өндірісінің өзіндік құны тоннасына 70-80 мың теңгені құрайды. Ал өндіруші зауыттар үшін шекті көтерме баға тоннасына 59 722 теңге деңгейінде белгіленген. 

Айта кету қажет, Қызылорда облысы басқа өңірлермен салыстырғанда сұйытылған мұнай газының ең төменгі бағасы бойынша бірінші бестіктің қатарында орналасқан. Еліміздің 12 облысында газ бағасы 117 теңгеге дейін көтерілген.

Әкімдік тарапынан шілде айында бірнеше рет операторлармен мәжіліс өткізіп, нәтижесінде қолайлы келісімге қол жеткізілді.

Біріншіден, шілде айында алған газ қалдығы ескі бағамен, яғни 85-90 теңгеден сатылды. Бүгінгі күнге газ құю бекеттерінде ескі бағамен алынған 586 тонна газ қоры бар. Одан басқа Атырау зауытынан 648 тонна жолда келе жатыр.

Айта кету қажет еліміздің бірқатар өңірлерінде тамыздың бірінші күндерінен бастап газ көтерілген бағамен сатылуда.

Екіншіден, шекті бағадан 5 теңгеге төмендетіп, облыс орталығында газды 1 литр үшін 97 теңгеден (бекітілген 102 теңге), ал аудандарда 102 теңгеден (бекітілген 102 теңге), сатуға операторлар ұсыныс білдірді.

Жалпы тамыз айына министрлік тарапынан 7562 тоннаға жуық газ бөлінді.

Газ тапшылығының алдын алу үшін әкімдік тарапынан бірнеше шаралар атқарылуда:

– мемлекеттік мекемелерде газды отын ретінде пайдаланатын автокөліктерге бензин жанар-жағармайын пайдалануға ұсыныс жасалды (бүгінгі күнге АИ-92 бензиннің қалдығы – 7 797 т., АИ-95 – 1655);

– полиция департаментімен М-32 автодәлізінде көршілес өңірлермен шекаралық облыстары бағыттарында (Арал, Жаңақорған) және «Қызылорда-Жезқазған» автожолында арнайы бекеттері қойылды;

– және де операторлар газ құю бекеттерінде ауыр жүк көліктерге (Газель, Зил, Автобустар) 3 мың теңгеге дейін сатуға шектеу қоюды ұсынды;

– Энергетика министрлігімен келіссөздер жүргізіліп, нәтижесінде тамыз айына қосымша 1044 тонна газ көлемі бөлінді («ПКОП» зауыттың ресурсынан). Бұл бағытта әрі қарай жұмыс жүргізілетін болады.

Одан басқа өңірде газдың ресурстық базасын ұлғайту мақсатында, Энергетика министрлігімен және «Казгермұнай» компаниясымен үш жақты меморандум жасалды.

Меморандум аясында «Казгермұнай» сұйытылған мұнай газдың көлемін 60 мың тоннадан 120 мың тоннаға дейін ұлғайту қарастырылған.

«Казпетрол групп», «Галаз и Компания» және «Тұзколь мұнай газ оперейтинг» компаниялары ағымдағы жылдың қыркүйек айында өз кен орындарынан «Казгермұнай» зауытына газды жібере бастайды.

Нәтижесінде сұйытылған мұнай газдың көлемі айына 200 тоннаға ұлғаяды. Яғни, айына 5200 тонна газ шығарып жатса 5400 тоннаға жеткізіледі.

Сонымен қатар 2025-2026 жылдары «Эко энерджи плюс» (Арал, Шиелі) және «Алаш метан» (Арал, Қызылорда қаласы, Жаңақорған, Қармақшы) серіктестіктері облыс аумағында жалпы 6 автомобильдік газ толтыру метандық станциясын салу көзделуде.

Оның 2-і жыл соныңа дейін пайдалануға беріледі.

Алдағы уақытта қалалық және аудандық коммуналдық және жеке мекемелердің техникаларын (қоқыс таситын көліктер, суару машиналары, т.б.) метан газына ауыстыру жұмыстары жүргізіледі.

Қазіргі таңда аймақ сұйытылған мұнай газбен толығымен қамтылған. Әкімдік тарапынан күнделікті мониторинг жүргізілуде.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған