Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің төрағалығымен сауданың цифрлық трансформациясы, ана мен бала өлімін төмендету жөніндегі шаралар талқыланған Үкімет отырысы өтті.

Аталған мәселелер бойынша тиісті министрлік министрлері баяндама жасады. Баяндамалар негізінде Үкімет басшысы О.Бектенов тапсырмалар берді. Мәселен сауданың сандық жүйеге келуіне орай «Кәсіпкерлер сертификаттау рәсімдерінің ашық болмауы мен қағаз құжаттардың қайталанатынын айтуда. Бұл мәселелерді сертификаттау, ак­кре­дит­теу және стандарттау тетігін жаңғыртуға бағытталған Е-ТРМК техникалық реттеу жүйесі шешуге тиіс. Осыған байланысты сауда, қаржы және цифрландыру министрліктері биылғы жылдың соңына дейін Е-ТРМК жүйесін салалық мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен толық интеграциялауды қамтамасыз етуі қажет. Тауарлардың көптеген тобына таңбалауды енгізу мәселесіне қатысты бизнес тарапынан сұрақ­тар аз емес. Тауарларды цифр­лық таңбалау жобасы ішкі нарықты контрафактілік және сапасыз өнімдерден қорғауға, отан­дық өндірушілердің бәсеке­ге қабілеттілігін арттыруға бағыт­талған. Меніңше, Сауда және интеграция министрлігі тарапынан таңбалаудың маңыздылығы мен оң әсері туралы кәсіпкерлерге тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілмеді. Сондықтан ақпараттық-түсіндіру науқанын күшей­тіп, таңбалауға жататын тауарлар тізбесін кеңейтуді жалғастыру керек», — деп, Үкімет басшысы бұл мәселедегі кемшіліктерді ашық айтып, оны жөндеуге тапсырма берді.

Мәжіліске облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режимде қатысты.

Үкімет отырысынан кейін аймақ басшысы облыс әкімдігінде арнайы жиын өткізіп, жауапты сала басшы­ларына тапсырмалар жүктеді.

– «Бүгінгі Үкімет отырысында сауданың цифрлық трансформациясы, ана мен бала өлімін төмендету мәселелері қаралды.

Өңірімізде электронды сауданы дамыту бағытындағы жұмыстарды әлі де күшейтуіміз қажет.

Кәсіпкерлік палатасы, жергілікті кәсіпкерлерді электронды сауда негіздеріне оқытуды тұрақты түрде жалғастыру керек. Қала, аудандарда «Қазпошта» желісінің мүмкіндіктерін кеңінен насихаттап, тауар өндіруші кәсіпкерлердің «Постмаркет» плат­формасына тіркелуін қамтамасыз етіңіздер – деп, жиындағы бірінші мәселе бойынша тиісті басшыларға ол да тапсырма берді.

Қазіргі таңда өңірімізде тауарлар мен қызметтерді өткізу үшін интернет-ресурстарды пайдаланатын 12 кәсіп­орын тіркелген (оның 3-і ресми сайт, 9-ы маркетплейс пайдаланушылар). Олар өткен жылы 48 мыңнан астам тапсырыс жасап, сауда айналымы   292 млн. теңгеге жетті. Тапсырыстарды сақтау мен жеткізу бағытында интернет дүкендердің тарату пункттері жұмыс істейді. Интернет дүкендер өткен жылы 1 млн-нан астам тапсырыс қабылдаған. Өңірімізде «Қазпошта» желісінің  11 супер­маркеті бар.

Жиында қаралған екінші мәселе ана мен бала өлімін төмендету бағытында облыс әкімі: Ана мен бала денсаулығын қорғау бағытында жоспарлы әрі жүйелі жұмыс бар.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы, статистика департаменті, Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығының филиалы, Қызылорда қаласы, аудан әкімдік­терімен бірлесіп, аймақтағы демогра­фиялық көрсеткіштердің нақты әрі біркелкі болуын қатаң бақылауға алыңыздар.

Ана мен бала денсаулығын сақтау саласындағы негізгі көрсеткіштер жыл соңына дейін толық орындалуы тиіс. Жүкті әйелдер мен балалар денсаулығын нығайтуда медициналық көмек сапалы әрі қолжетімді болуы өте маңызды», – деді.

Ана өлімі көрсеткіші соңғы 5 жылда 12 есеге дейін төмендеді. Қабылданған нақты шаралар нәтижесінде нәресте өлімі өткен жылмен салыстырғанда 9 жағдайға, соңғы 5 жылда 21 пайызға азайды.

Көпбейінді облыстық аурухана база­сында жоғары қауіп тобындағы жүкті әйелдерге акушерлік көмек көрсететін 70 төсектік перинаталды бөлімше ашылып, жұмыс жасауда. Жергілікті бюджеттен 1 млрд. 500 млн. теңге қаржы бөлініп, бөлімшеге заманауи құрал-жабдықтар алынды.

Соңғы 3 жылда жергілікті бюджеттен медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға 375 млн. теңге қаралып, оның 192 млн. теңгесі мамандарды шет елдерде оқытуға бағытталды.

Ана мен бала саулығына қажетті материалдық-техникалық базаны нығайту мақсатында медициналық мекемелер 4 млрд. 700 млн. теңгеге құрал-жабдықтармен қамтылды.

Балаларға стационарлық меди­циналық көмектің қолжетімділігін арттыруда облыс орталығынан қалалық балалар ауруханасын ашу жұмыстары басталды. Аурухана базасында даму бұзылыстары бар 3 жасқа дейінгі балаларға арналған ерте араласу орталығын ашу үшін «Қазақстан халқына» қоры арқылы 125 млн. теңгеге құрал-жабдықтар алынып, мамандар біліктік жетілдірді.

Аталған қордың қолдауымен Жаңақорған ауданында «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылды. Осындай орталық жақын күндері Арал ауданында пайдалануға беріледі.

Одан бөлек «Сәби» қайырымдылық қоры арқылы облыстық балалар ауруханасына 700 млн. теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп (қабылдау бөлімі, жарақат бөлімі, операциялық блок), құрал-жабдықтар алынады.

Жиында облыс әкімі жаңа оқу жылы қарсаңындағы міндеттерді пысықтап, тапсырмалар берді.

– «Қала, аудан әкімдері 1 апта ішінде білім беру нысандарының аумағындағы жол белгілерін, жаяу жүргіншілер жолдарын қалыпқа келтіріп шығыңыздар.

Облыстық білім, мәдениет, архивтер және құжаттама, дене шынықтыру, спорт және туризм, денсаулық сақтау, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқар­малары, Қызылорда қаласы, аудан әкімдіктерімен бірлесіп, өздеріңізге қарасты мекемелердің ғимарат­тарындағы ағымдағы жөндеу, күрделі жөндеу жұмыстарын 20 тамызға дейін аяқтау керек», -деді Н.Нәлібаев.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған