Қызылорда облысы әкімі Нұрлыбек Нәлібаев еліміздің Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Аэроғарыш комитетінің төрағасы Баубек Оралмағамбетовпен кездесті.
Кездесуде еліміздің ғарыштық әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды жобалардың бірі – «Бәйтерек» ғарыш-зымыран кешенінің құрылысы талқыланды. Аймақ басшысы бұл жоба өңір экономикасына тың серпін беретінін және жаңа жұмыс орындарының құрылуына жол ашатынын атап өтті.
– «Қазақстан мен Ресейдің бірлескен бұл бастамасы – қос мемлекеттің ғылыми-техникалық ынтымақтастығының жарқын үлгісі. Жоба «Байқоңыр» кешенінің, оның ішінде қаланың өркендеуі үшін аса қажет. Себебі, жобаны іске асыруда жаңа жұмыс орындары ашылып, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін берілетіні сөзсіз. Сонымен қатар, ғарыш-зымыран кешенінде экологиялық таза тасымалдағыштарды пайдалану – жалпы экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам. «Байқоңыр» кешені туризм, оның ішінде халықаралық туризмді дамыту тұрғысынан да ерекше тартымдылыққа ие. Осы орайда, Аэроғарыш комитеті туризмді дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізгенін ерекше атап өткім келеді.
Кешеннің туристік әлеуеті жоғары нысандарына баруды ресімдеуге арналған онлайн-платформа әзірленуде, туристік мақсатта пайдалануға болатын бірнеше ірі нысандар – «Гагарин старты» алаңы, «Гагарин беседкасы», «Энергия-Буран» монтаждау-жанармай құю кешені, динамикалық сынақтар стенді жалдан шығарылып, жаңа туристік маршруттар әзірленді. Бұл бастамалар өңіріміздің туристік әлеуетін арттыруға қосылған елеулі үлес деп есептейміз»,- деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Ресми ақпараттар бойынша “Бәйтерек” ғарыштық зымыран кешені биыл қолданысқа беріледі. Жыл соңында ұшыру аймағына сынақ жүргізіліп, алғашқы әуе кемесі ғарышқа аттанады. Шынын айтқанда, қазақстандықтар бұл сәтті көптен бері асыға күтіп жүр. Өйткені жаңа ғарыштық зымыран кешені еліміздің ғарышты игерудегі жаңа қадамы. Ғарыш саласында ешкімге тәуелді болмай , жаңа мамандар жаңа технологияларды игеріп, өз ғарышкерлерімізді аспан әлеміне зерттеуге еркін жібере аламыз деген үміт бар. Оның үстіне коммерциялық жобалар арқылы қаржылық тұрғыдан да тиімді болады.
Негізі ғарыштық зымыран кешенінің құрылысы “Союз – 5” жаңа зымыран тасығыштарын ұшыруға арналған “Зенит-М” инфрақұрылымы базасында жүргізілуде. Кешенді 2028-ші жылдың мамырына дейін бітіру жоспарланған. Ал, биылғы жылдың желтоқсанында алғашқы ұшу сынақтары басталады. Кешен жылына 6-8 зымыран ұшыра алады.
Аэроғарыш комитеті төрағасы Б. Оралмағамбеттің айтуынша “Союз-5” зымыраны жер орбитасынан 17 тонна жүк жеткізе алады. Демек коммерциялық тапсырыстардың толық орындалуына мүмкіндік бар. “Бәйтерек” жобасында, яғни зымыран ұшыру айлағында бүгінгі күні 150 қазақстандық инженер мамандар жұмыс істеп жатса, алдағы уақытта ғарыш айлағындағы қазақстандық мамандар қатары 350-ге жетеді деген жоспар бар.
“Бәйтеректің” тағы бір ұтымды тұсы оның экологияға қауіпсіздігі. Мәселен осы кешеннен ғарыш аппараттарын ұшырған кезде авиациялық керосин және сұйық оттегі түріндегі отын пайдаланылады.
Қазір елімізде 5 ғарыш аппараты бар екен. Олар спутниктік байланыс орнатып келеді. Енді “Бәйтерек” кешені пайдалануға берілгенде отандық ғарыш саласы жаңа деңгейге көтеріледі.
Жер кіндігі Байқоңырда отырып, ғарышты неге өзіміз игермейміз деген халық арманының орындалар күні де жақын.
Кездесуде Баубек Оралмағамбетов екіжақты әріптестіктің алдағы уақытта да нығая түсетініне сенім білдіріп, жоспарларды бөлісті.