Ұлттық музейінің директоры Берік Әбдіғалиұлы, облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов Жанкент қалашығындағы археологиялық қазба жұмыстарының барысымен, жаңадан табылған тарихи-мәдени жәдігерлермен танысып қайтты.
Сапар барысында Ұлттық музейдің басшысы мен облыс әкімінің орынбасары археологтармен кездесіп, жұмыс нәтижелерін жоғары бағалады. Бірлескен жобаларды жүзеге асыру, табылған жәдігерлерді сақтау мен оны қорға алу жолдарын талқылады. Қазба барысында табылған жәдігерлер ортағасырлық кезеңнің сауда, мәдениет және діни салттарын зерттеуге тың серпін береді.
Жанкент қалашығы – Қазалы ауданындағы республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші. Қазақстанның ортағасырлық, соның ішінде түркі-оғыз тайпаларының тарихын зерттеудегі маңызды нысанның бірі. VІІ–XII ғасырлардағы Сыр бойындағы ірі қалалардың бірі, Оғыз қағанатының астанасы саналған. Мұнда 2014 жылдан бері қазақстандық және шетелдік археологтардың қатысуымен кешенді зерттеу жүргізілуде.
Жанкент қорғаны — республикалық сипаттағы археологиялық ескерткіш. Қазалы ауданы территориясындағы Өркендеу ауылдық округінің орталығына іргелес жатқан биік төбе сияқты топырақ басқан қорғанның орнында VІІ – ХІV ғасырларда Жанкент, Янгикент қаласы өмір сүрген.
Ресми деректер бойынша Жанкент қаласының орнын бірінші рет қазып, зерттеген орыс ғалымы П. И. Лерх. Ол көрген кезде қаланың ескі қабырғалары, кейбір архитектурасы, көшелерінің ізі әлі жоғала қоймаған. Сыртынан қарағанда, Жанкент қаласының түрі үлкен төбе сияқты үйінді болып жатқан. Оның аумағы төрт бұрышты, жан-жағы тұтасымен биік қыш қамалмен қоршалған. Қамал қабырғасының қалыңдығы 6 метрдей. Ең жақсы сақталғаны: оңтүстік қабырғасы. Онда қатар – қатар тізбектеліп, бірнеше биік мұнаралар, оқ ататын тесік көздер сақталған. Ең биік мұнара оңтүстік батысында болған. Қаланың ортасында жан-жағын қоршаған ескі сарайдың орны. Онда ел басқарушылары тұрған.
Үйлердің орнын, қабырғасын аршып көргенде, одан көптеген архитектура үлгісі, қабырғаға түсірілген суреттер, күйдірілген кірпіштер, көк, қызғылт шынымен жапқан көзе тақталар, терракоталар, ғанышпен жасалған өрнектер, көзе сынықтары, араб жазуымен әшекейленген сауыттар, тағы сол сияқты өнер өрнектері табылған.
Облыста 567 тарихи-мәдени мұра нысаны мемлекет қорғауына алынған, оның 31-і республикалық, 256-ы жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген, 280 нысан алдын ала есепке алынған.
Мәдениет және ақпарат министрлігі «Жібек жолы: Ферғана-Сырдария дәлізі» сериялық трансұлттық номинациясы бойынша Сығанақ, Жанкент қалашықтары мен Жетіасар мәдениет ескерткіштерін ЮНЕСКО-ның негізгі тізіміне енгізу жұмыстарын жүргізуде.
Облыстық бюджет есебінен жыл сайын ежелгі Бәбіш мола және ортағасырлық Жанкент, Сығанақ қалашықтарында кешенді археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, музейлер қоры 10 мыңға жуық экспонатпен толықтырылды. Табылған жәдігерлердің негізінде «Шірік Рабат сақ жауынгері», «Сығанақ ханшайымы», «Түгіскен көсемі», «Жетіасар ақсүйек әйелі» тарихи реконструкциялары жасалды.
«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында тарихи мәдени мұраларды сандық форматқа көшіру және желі қолданушыларына қолжетімді ету үшін 3D форматтағы интерактивті карта (virtualmap.xyz) жұмыс жасайды. Сайт 2018 жылдан бері қолданыста.
Қала, аудан орталықтарына жақын орналасқан республикалық және жергілікті маңызы бар 194 ескерткішке QR-код орнатылып, қонақтар мен туристерге толық ақпарат ұсынылған.
Жанкент қаласын қазғанда табылған өзгеше нәрсенің бірі – сол ескі дәуірлерде әдемі дүние жасайтын шеберхананың орны. Оны қазғанда ішінен кірпіш күйдіретін, көзе сауыт күйдіретін, әдемі глазурь шыныларының шеберхана орындары табылған. Олардың барлығында сол кезде өндірісте істеген жұмыстардың қалдығы көп табылған. Соның бірі – араб әрпімен жазылған кірпіш. Шеберханада табылған қызық нәрсенің тағы бірі – глазурь қорытатын пештің қалдығы. Оның үстінде шойын қазан сақталған, оның іші қатып қалған глазурьдің ізі. Олардың бірталайы ХІІІ – ХІV ғасырдағы Алтын Орда (Дешті Қыпшақ) заманы мәдениетінен хабар береді. Жанкентте мыстан, күмістен жасалған ХІІІ – ХІV ғасырлардың теңгеліктері табылған.
Зерттеушілердің пайымдауынша, Жанкент Ұлы Жібек жолында жатқан сауда – саттықтың үлкен қаласы болған. Мұнда хан сарайлары салынған. Жанкент әдемі кілем шығарудың, тұскиіз жасаудың, ат сайманын, садақ, жебе жасаудың, көзе – сауыт шығарудың орталығы болған.
Кеңес үкіметі кезінде Жанкентті зерттеп, одан осы сияқты көп заттар тапқан ғалым – С.П.Толстов.
Тағы бір деректер бойынша Жанкент қаласы Мауереннаһр жерін Еуропамен, Индиямен, Иранмен байланыстыратын ұлы керуен жолында жатқан. Жанкент қазіргі Арал теңізі өңірінен шыққан ас тұзын шет елдерге саудаға шығарған. Еуропа елдері осыдан мың жыл бұрын ас тұзын осы Жанкент шаһарынан алдыртқан, оған дейін еуропалықтар тамақты тұз салмай пайдаланған екен. Жанкент қаласын, барша оғыздардың даңқын әлемге паш еткен Қорқыт Ата. Ғұлама ғалым Әлкей Марғұланның айтуынша, Қорқыт ҮІІ – Х ғасырларда Сыр бойын мекендеген Қаңлы ұлысының бір табы – Оғыз руы – Қияттардан шыққан. Ол кезде бұрынғы қаңлылар енді «Қаңлы – Қыпшақ» немесе «Оғыз – Қыпшақ» аталып, олардың астанасы Сырдарияның жағасындағы «Жанкент» қаласы болған. Қорқыттың туып – өскен қаласы осы – Жанкент.
Күншығыс әдебиетіне белгілі болған атақты күйші – музыкант Әбу Наср әл – Фараби, әдебиет, тарих, этнология, археология ғылымдарының теңдесі жоқ білгірі корифей ғалым, академик Әлкей Марғұланның анықтауы бойынша, Қорқыт тәрізді ол да осы Жанкентте туып, Отырарда өскен. Сондықтан кейін атақты ғалым өзінің лақап атын Фараби, не әл-Фараби деп атаған.
«Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» кітабында: Жазба деректерде Жанкент алғаш рет араб тарихшысы Ибн-Рүстемнің еңбегінде аталады. Сондай-ақ араб географы Ибн-Хаукал «Оғыздардың басты қаласы Жанкент болды, оны ирандықтар Нау-Керде, арабтар Әл-Харият, сарматтар Дахи Нау деп атаған»,– дейді. Жанкент атауының өзі Янгикент-Жаңакент-Жанкент (Жаңа қала) деген мағынаны білдіреді. Жанкент тарихы ғасырлар қойнауында жатыр. Қаланың гүлдену дәуірі ІХ ғасырдың 2-жартысы мен ХІ ғасырдың алғашқы ширегі.
Жанкент шаһары – аумағы 15-20 гектар, егіншілігі, саудасы мықтап өркендеген қала болды. Қала маңындағы суландыру жүйесі егіншіліктің шаруашылықтағы негізгі басты саласы болғандығын дәлелдейді. Ол кезеңде Арал теңізін Жент теңізі деп атаған. Жанкент тұрғындары осы теңіз маңынан үлкен тұз көзін тауып, Қытай, Иран, Үндістан елдерімен сауда қатынастарын жасаған. Қыпшақ-қимақ тайпалары мыңдаған малдарын айдап, Карлан өткелі арқылы Жанкентке келіп, сауда жасап отырған.
Шаһардың төрт қақпасы болған. Әрбір жұма күні шаһар орталығындағы базар алаңында сауда қызу жүріп отырған. Жанкенттің шығыс пен батысты жалғастырып жатқан Ұлы Жібек жолы бойындағы тоғыз жолдың торабына орналасуы қаланың географиялық, экономикалық маңызын арттыра түсті. Қытай жібектері, Үнді маталары мен жемістері, араб елдерінің құрмасы, науаты осы қалада сатылымда болған. Осылайша, Оғыздарда қалалық мәдениет жоғары дамыды.
1219 жылдың күзінде Сыр бойындағы оғызқыпшақ қалалары моңғол шапқыншылығы салдарынан күл-талқан болып қирайды. 400 жыл бойы қалалық мәдениет жасаған оғыз-қыпшақ тайпалары тағы да көшпелі өмірге түседі. Моңғолдар салған ойран басылмай жатып-ақ, Жанкент сауда мен қолөнер орталығының бірі ретінде қайта көтеріліп, ХІV ғасырда гүлдену шегіне жетті – делінген.
Бірқатар жыл бойы осы Жанкент қаласының орнында археологиялық қазба жұмыстары жүріп жатқаны белгілі. Бұл ретте тарих ғылымдарының кандидаты, “Археолог және этнография” ғылыми орталығының жетекшісі Ә.Тәжікеев осыдан 3 жыл бұрын «Бұған дейінгі деректерде көне қаланың ІХ-ХІ ғасырларда бой көтергені айтылса, жаңа зерттеулер шаһардың іргетасы VІІ ғасырда қаланғанын көрсетті. Ескерткіш бүгінде төрт жерден қазылып, археологтар заманауи инновациялық құрал-жабдықтардың көмегімен зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Табылған жәдігерлер археологиялық зерттеулер зертханасында өңделіп, облыстық тарихи-өлкетану мұражайына беріледі»,- деген болатын.
Жанкенттен кейін Берік Әбдіғалиұлы мен Шахмарман Байманов Қазалы ауданындағы «Руханият орталығына» барды.
«Руханият орталығындағы» неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйі келушілерге қызмет көрсетуде.