немесе облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың Аралға арнайы іс-сапары

Кешегі аптада аралдықтар үшін тағы бір жақсы жаңалық болды. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың Аралға арнайы іс-сапары барысында Арал ауданына қарасты Ақбасты елді мекеніне ауыз су қосу рәсімі өтті. Басқосуға Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Ұлттық музей директоры Берік Әбдіға­лиұлы, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеуімбетов, жауапты сала басшылары, зиялы қауым өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты.

Аймақ басшысы тұрғындардың өмір сапасын арттыруда атқарылған жұмыстарға тоқталып, құттықтауын жеткізді.

– «Бүгін – аралдық ағайын үшін айтулы күн. “Ақбасты” ауылына таза ауыз су қосамыз.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Үкімет пен облыс әкімдеріне мемлекет тарапынан жасалған барлық қолдауды тиімді пайдаланып, ауыл халқының табысын арттыру, тұрмыс-тіршілігін жақсарту жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Өткен жылдың қорытындысымен орталықтандырылған ауыз суға қосылған халық 98,6 пайызға жетті. Биыл 9 елді мекенге ауыз су тартып, облыс тұрғындарын орталықтандырылған ауыз сумен 100 пайыз қамтамасыз етеміз. Оның ішінде, Арал ауданындағы Ақбасты, Абай, Тоқабай, Ерімбетжаға, Тастүбек елді мекендеріне 12 млрд. 700 млн. теңге бөлінді.

Бүгін өздеріңізбен бірге Ақбасты ауылының тұрғындарына ауыз су қосу рәсімінде бас қостық. Жоба құны 3 млрд. 100 млн. теңге. Бұған дейін тұрғындар ауыз суды жерасты құдығынан тасымалдап, тұтынып келді. Енді сол қиыншылықтардың барлығы артта қалды. Президентіміздің қолдауымен ауыз су әрбір тұрғын үйге жеткізілді.

Ауыл тұрғындарын орталықтан­дырыл­ған ауыз судың қосылуымен құттықтаймын!», – деді Н. Нәлібаев.

Рәсімде Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен Ұлттық музей директоры Берік Әбдіғалиұлы көптен күткен игіліктің іске асуымен құттықтап, қоғам қайраткері, Имамадин Оңғарбаев бата берді. Ауданның дамуына елеулі үлес қосқан азаматтар мен ауыз су тарту жұмыстарын сапалы әрі мерзімінде жүргізген мердігер мекеме қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Елді мекенді ауыз суға қосу рәсімінен кейін аймақ басшысы тұрғындармен кездесті. Әлеуметтік-экономикалық дамудың бағыт-бағдары, инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асу барысы туралы айтып, ой-пікірлерді тыңдады.

Жалаңаштың жаңа мек­­те­бі­­нің іргетасы қа­лан­ды

Мем­лекет басшысының бастамасымен іске асырылып жатқан «Жайлы мек­теп» ұлттық жобасы аясында аймағы­мызда 3 мың орындық 6 мектеп ел игілігіне берілді. Тағы 4 мектептің құры­лысы аяқталып, олар жаңа оқу жылы қарсаңында ел игілігіне табыс­та­лады. Атап айтқанда, Арал қала­сында бой көтерген 300 орындық №292 орта мектеп жыл басында пайдалануға берілсе, алдағы күндері Сексеуіл кентіндегі «Жайлы мектеп» оқушыларды қарсы алады.

Мемлекет басшысы “Жайлы мек­теп­тер” салумен қатар жалпы білім беретін мектептер құрылысын салуды, оларды күрделі жөндеуді, жаңғыртуды жалғастыру қажеттігін де жергілікті билікке тапсырған болатын.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың Аралға іс сапар барысында Арал ауда­нына қарасты Жалаңаш елді меке­ніндегі 150 орындық мектептің іргетасын қалау рәсімі өтті. Оған Ұлттық музей директоры Берік Әбдіғалиұлы, облыс­тық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеуім­бетов және зиялы қауым өкілдері арнайы қатысты.

Аймақ басшысы жиналған жұрт­шылықты құттықтап, басталған іске сәттілік тіледі.

– «Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Сапалы білім – жетістікке жетудің жолы әрі экономиканы дамытудың басты құралы. Жеті түрлі ілім білетін ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі күннің негізгі міндеті», – деген болатын. Шәкірттерімізге сапалы білім, саналы тәрбие беруге бағытталған жүйелі жұмыстар атқарылуда.

Аймағымызда соңғы үш жылда білім беру саласына бөлінген қаржы 304 млрд. 600 млн. теңге болып, 32 пайызға артты. Біздің ең бірінші мінде­тіміз – балаларымыздың білім алуына қолайлы жағдай жасап, жайлы орта қалыптастыру. 2023 жылы Қызылорда қаласындағы 4 мектепке 1 850 орындық қосымша құрылыс салу есебінен үш ауысымдық мектептер мәселесі түбе­гейлі шешімін тапты. 2024 жылы Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры, жергілікті бюджет, жеке инвестор есебі­нен 13 білім беру ұйымы пайдалануға берілді.

Алаш арысы Міржақып Дулатовтың Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды, – деген жақсы сөзі бар. Жаңа бой көтеретін білім ошағынан болашақта алдыңғы буынның ізгі жолын жалғайтын, ел үмітін ақтайтын білімді, талантты шәкірттер шығатынына сенімдіміз! Санасы сергек, ойы ұшқыр, бәсекеге қабілетті оқушыларымыз көп болғай!», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Шарада Берік Әбдіғалиұлы құттықтау сөз сөйлеп, Мергенсай ауылдық окру­гінің жергілікті қоғамдастық кеңесінің төрағасы Әсемхан Аққалиұлы батасын берді. Сондай-ақ, Тоқабай ауылындағы демеушілер қолдауымен салынған 100 орындық жаңа мектеп ашылуға дайын.

РУХАНИЯТ ОРТАЛЫҒЫ” АШЫЛДЫ

Арал қаласындағы “Руханият орталығының” ашылу рәсімі өтті. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Ұлттық музей директоры Берік Әбдіғалиұлы, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеуімбетов және зиялы қауым өкілдері арнайы қатысты.

Аймақ басшысы жиналған жұртшылықты жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, мәдениет саласында атқарылған жұмыстарға тоқталды.

– “Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы “Мәдениет – ұлттың төлқұжаты. Жаһан жұрты елімізді, ең алдымен, өнеріміз арқылы танып біледі. Біз – Ұлы далада тамыр жайған бірегей мәдениеттің заңды мұрагеріміз. Қазақ жерінен шыққан қайталанбас өнер иелерінің теңдессіз туындылары тұтас ұлтты тәрбиеледі. Қазір төл мәдениетіміз дүние жүзіне танылып жатыр”, – деген болатын. Өткен 2024 жыл өңірімізде «Руханият жылы» деп жарияланып, мәдени-көпшілік шаралармен бірге көптеген ауқымды жобаларды жүзеге асырдық.

Облыс орталығында Қызылорданың көзайы­мына айналған «Анаға тағзым», «Отбасы орта­лығы», «Өнер» орталығы” салынып, ел игілігіне берілді.

Бүгін өздеріңізбен бірге Арал ауданындағы «Руханият орталығын» ел игілігіне табыстаймыз.

Орталықта ақ жаулықты аналарымыз, ардақты ардагерлеріміз бен жігерлі жастарымыз бір жерде бас қосып, ұрпақтар сабақтастығын жалғайды. Баршаңызды «Руханият орталығының” салтанатты ашылуымен тағы да құттықтаймын!”,- деді Н.Нәлібаев.

Биылғы жыл басынан бастап аудандарда “Руханият орталықтары” пайдалануға беріле бастады. Солардың соңы Арал Руханият орталығы да халыққа қызметін бастады.

МЕДИЦИНАЛЫҚ МЕКЕМЕ ҒИМАРАТТАРЫ­НЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Аралға жұмыс сапары кезінде көпбейінді аудандық орталық аурухана ғимаратын жаңғырту жұмыстарымен, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында қолға алынған жапсаржай құрылысымен танысты.

Аурухана ғимаратын «СМП Қызылорда» серіктестігі қайта жаңғыртуда. Бас жобалаушысы «Мекен және Компания» , ал техникалық қадағалауды «Шебер Құрылысшы» серіктестігі қамтамасыз етеді.

Екі қабатты ғимаратта 21 төсектік инсульт, 21 төсектік кардиология бөлімі, сондай-ақ МРТ және КТ кабинеттері қарастырылған. Бұл бөлімшелер тұрғындарға сапалы және жедел медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Қазір нысанның қабырғасы қалануда. Құрылыс сәуір айында басталған. Жоспар бойынша 8 айда аяқталуы тиіс.

Әрі қарай облыс әкімі жапсаржайдағы жұмыс қарқынын көрді. Құрылыс «Иман» ЖШС мердігерлігімен, «БС Строй Холдинг» ЖШС жоба­лауымен, «СК Энерго-OIL» серіктестігінің техникалық қадағалауымен жүргізілуде. Қыркүйек айының соңына дейін пайдалануға берілмек. Ғимарат 25 төсектік инфекциялық бөлімшеге арналған. Мұнда жұқпалы ауру жұқтырған науқас­тарды оқшаулап емдеуге барлық жағдай жасалады.

Бүгінде іргетасы құйылуда, құрылыс барысы кестеге сай.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған