Мемлекеттің тыныс – тіршілігінің маңызды салаларының бірі – сот жүйесі. Ал, Заң мен тәртіп – бұл құқықтық мемлекеттің негізін құрайтын маңызды ұғым, бұл соттардың өз кезегінде сот төрелігін жүзеге асырудың кепілі болып табылады.
Сот жүйесінің қалыптасуы Қазақстан өз Тәуелсіздігін алған жылдары болды. Содан бері азаматтардың қонституциялық құқықтары мен бостандықтарын нығайту және оны іске асыруды қамтамасыз ету бағытында үлкен серпіліс жасалды. Сот билігі Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылады және оның мақсат-міндеті азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды, Қазақстан Республикасының Конституциясының заңдардың және өзге де нормативтік-құқықтық актілерінің, халықаралық шарттардың орындалуын қамтамасыз ету. Ал негізігі міндеті – қоғам мен мемлекет өмірінде туындайтын жанжалдар мен дауларды шешу, бұзылған құқықтарды қалпына келтіру, заңдардың талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілікке тарту.
Цифрлық технологиялар ғасырының басталуымен Қазақстан Республикасының сот жүйесі өзінің жаңа кезеңі – модернизацияға ене бастады. Осы кезеңде сот ісін жүргізуді оңайлату рәсімдерін жүргізу, мамандандырылған соттар құру, алқабилердің қылмыстық істерін қарауға тарту, үшінші бейтарап емес тарап – медиацияның қатысуымен дауды баламалы реттеу құралын енгізу бойынша шаралар қабылданды.
Қазіргі уақытта елімізде сот жүйесін Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты, жергілікті соттар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Конституциясына және «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңға сәйкес құрылған соттар құрайды.
Судьяға сот төрелігін уақытылы және сапалы жүзеге асыру, істі обьективті, жан – жақты және толық қарау үшін ең үлкен жауапкершілік жүктелген. Судьяның жеке қасиеттері де бұл ретте маңызды рөл атқарады. Сот төрелігін іске асыру кезінде судья адал әрі бейтарап болуға, тек Конституцияға және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына ғана бағынуға тиіс.
Бұл дегеніміз, мықты және тәуелсіз сот билігі – мемлекет пен азаматтық қоғамның үйлесімді өзара іс – қимылдың қағидатты кепілдіктерінің бірі, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғаудың басты құралы. Яғни, Қазақстан Республикасы Конституциясы, сондай-ақ оның негізінде қабылданған заңдар мен өзге де заңнамалық актілердің тұтас топтамасы сот жүйесін жетілдіруге барынша елеулі түрде әсер ете отырып, елде сот төрелігінің қағидаттық жаңа құрылымын жасауға бағытталғаны белгілі.
Қорыта айтқанда, «Әділ іс ағын судың арнасындай, әділ сөз болат семсер алмасындай» сот билігінің халық пен қоғам үшін құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызы өте зор деп санаймын.
А. Жақыпбек
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының бас маман сот отырысының хатшысы