Қызылорда қаласының тұрғыны, 4 баланың анасы сотқа жүгініп, өзін банкрот деп тануды сұраған.
Белгілі болғандай, марқұм күйеуі банктен несие алып, оны техникалық қызмет көрсету станциясының қосымша құрылысына және қажетті құрал-жабдықтар сатып алуға жұмсаған.
Дегенмен, күйеуі кенеттен қайтыс болып, несие қарыздары мұрагерлік бойынша әйеліне өткен. Қазіргі таңда әйелдің несие бойынша қарызы 8 миллион теңгеден асқан.
Әйел қалалық сотқа берген өзінің арызында денсаулығына байланысты жұмыс жасамайтынын, тұрақты табысы жоқтығын, күйеуі қайтыс болғаннан кейін, несиені жалғыз өзі төлей алмай келе жатқанын, отбасында күйеуінің қарт анасын және төрт баласын бағып отырғанын, асыраушысынан айырылуына байланысты берілетін әлеуметтік жәрдемақыдан басқа кіріс жоқ екенін көрсетіп, сот арқылы банкроттық рәсімін қолдануды сұраған.
Банк өз пікірінде несие қарызын талап ету құқығы коллекторлық серіктестікке берілгенін білдірген. Ал, серіктестік өз кезегінде әйелдің несие қарызын өтемей отырғанын көрсеткен.
Сот отырысында әйелдің атына жылжымайтын мүліктер тіркелмегені және әйелдің жұмыс жасамайтыны анықталған.
Әйелдің банк алдындағы несие мөлшері заңнамада белгіленген 1 600 айлық есептік көрсеткіштен асқан, банк алдындағы міндеттемелер бойынша қатарынан он екі ай бойы өтеу және жеті жыл бойы соттан тыс немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану фактісі анықталмаған.
Анықталған мән-жайлардың заң талаптарына сәйкестігі ескеріліп, әйелдің арызы қанағаттандырылып, сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы шешім шығарылды.
Осылайша, 4 баланың анасы банкрот деп танылды.
Өмірдегі түрлі жағдайларға байланысты азаматтар несие міндеттемелері бойынша қарызын өтей алмай, қиын жағдайға тап болуы мүмкін. Мұндай жағдайларда әр істің мән-жайы жан-жақты зерделенеді. Бұл ретте банкрот деп тану туралы рәсімдерді жауапкершіліктен жалтару мақсатында қолдануға жол берілмейтінін біле жүрген абзал.


Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған