Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы су тасқыны салдарынан орын алған ауыр жағдайға байланысты «Осындай қиын-қыстау кезде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару айрықша маңызды. Бір ел, бір халық болып жұмылып, бұл апатты еңсереміз. Бұл біздің қолымыздан келеді» деп Үндеу жариялаған болатын.
Әрдайым жабырқағанның жанынан табылатын барша Сыр жұртшылығы Үндеуге үн қосып, «Күшіміз – бірлікте» акциясы аясына бірікті.
Гуманитарлық көмек жөнелткенде әр өңірдің сұранысына, қажеттілігіне сәйкес бірінші кезектегі керек заттарды жіберу маңызды. «Ырыс ынтымаққа жолығады, Дәулет бірлікпен толығады» дегендей Сыр жұртшылығы су тасқыны болған алғашқы күндерден бастап зардап шеккен аймақтардағы ағайынның амандығына алаңдап, гуманитарлық, қаржылай көмек көрсетуге атсалысуда.
Бұған дейін Ақтөбе қаласы мен аталған облыстың Қобда ауданына 25 жүк көлігімен 83 млн. теңгенің 112 тонна гуманитарлық көмегі, 50 млн. теңгенің 20 тонна жем-шөбі жеткізілді.
Қостанай, Ақтөбе облыстарында 66 қызылордалық құтқарушы әріптестеріне кәсіби көмек көрсетуде. Сыр өңірінен апарған арнайы техникалар, қайықтар, мотопомпалар да құтқарушылардың жұмысын жеңілдетті. Атырау облысына қажетті 50 мың қап жеткізілді.
Осы игі істердің жалғасы ретінде «Торғай Петролеум» акционерлік қоғамы Атырау, Ақтөбе, Қостанай, Батыс және Солтүстік Қазақстан облыстарына 50 млн. теңгенің 120 тонна қайырымдылық көмегін жіберді.