Әңгіме облыс әкімі Нәлібаев туралы емес. Егер ол туралы айтар болсақ әңгімеміз біразға созылып кетері анық. Өйткені, Нұрлыбек Машбекұлы 50-ге толар-толмас өмірбаянында біраз қызмет жолдарынан өтті. Оның әрқайсысына баспа-бас тоқталмағанда, бір ғана 2013-2021-ші жылдары Қызылорда қаласының әкімі болғанының өзі бір кітаптан астам жүк болары анық.
Әңгіме Н.Нәлібаев Қызылорда облысына әкім болып тағайындалғанына екі жылдан асып бара жатқан уақыт аралығындағы қызылордалықтардың жетістіктері жайында. Шынын айтқанда Н.Нәлібаев аймақ басшысы болып келген 2022-ші жылдың 7 сәуірінен бергі Қызылорданың қарқыны, өзгерісі, жақсы жаңалықтары өзімізді қойып, өзгелерді де қайран қалдырады.
Осыдан біршама уақыт бұрын Қызылордада айналдырған екі жыл уақытта соңғы кездері салынып пайдалануға берілген дәрігерлік, мәдени, спорт нысандарын айтпағанда бір ғана “Өнер орталығы” салынып, пайдалануға беріледі десе, сенбеген болар едік. Есімі көпшілік арасында атала бермейтін, кәсібін жүргізіп, өзінің айналасына жағдайын жасап, өз жайымен жүрген кәсіпкердің бірі “Анаға тағзым” үйін салып береді деген кімнің ойына келген? Жастар үшін жақсы жаңалық болған “Отбасы” ғимараты да тіпті біз армандауға қорқып жүрген қажеттілік еді.
Ия, бұдан біршама уақыт бұрын экономикалық көрсеткіштері жағынан еліміздегі өңірлер арасында рейтинг соңында жүрген сырбойылықтар үшін жылдар бойы арман болғандар қазір нақты іске айналды, қажеттіліктен пайдаға жарады.
Екі жыл ішінде көз алдында болып жатқан керім дүниелердің, салынып жатқан, салынған көркем ғимараттардың әсері болар қызылордалықтар бүгінде жоғары деңгейде ойлай бастады, армандар да көкке көтерілді. Содан да болар салып жатқан құрылыстардың да қарқыны ғана емес, биіктігі де биіктеді. Бүгінде Қызылордада бір емес, он алты 7 қабатты үй салынуда. Бизнес үйлер пайдалануға беріледі. Демек біз бұрынғыдай үй сала салмаймыз. Оған да өзінше реңк беріп, бөлек талғаммен жасаймыз. Өйткені екі жыл уақыт бұрынғыдан өзгеше өлшемдермен, басқаша көзқарастармен өмір сүре бастадық… Ескіден жаңаға, бұрынғыдан қазіргіге көштік.
Әр күні бір жаңалыққа толы қызылордалықтар құр армандамайды, олар сол арманға жету жолдарын да қарастырады. Мәселен, экономикада ең бірінші орында есеп пен үнем, оның айқын көрінісінің бірі: мектептердегі оқушы тығыздығын шешу үшін 3 млрд-қа бір мектеп салу орнына, тығыздылығы басым мектеп жанынан 700 млн. теңгеге қосымша ғимараттар салып, екі мәселені бірден шештік. Ақша да үнем, әрі мектепте орын да жеткілікті. Сондай-ақ мектептен шалғай тұратын балаларға білім алуға кедергінің бірі көлік мәселесін шешу үшін шетел киноларындағыдай сары автобустар алынды. Шеттен білім алам деген ауыл баласының арманы болған Корей жоғары оқу орындарының филиалдары Қызылордада ашылғалы жатыр. Әзірге Сеултехтің жасанды интеллект және информатика жоғары мектебі білім беруде.
Мүмкін емес мүмкін болды дегендей күні кеше жаңа Автовокзал пайдалануға берілді. Бас-аяғы екі жылдың ішінде. Бір қызығы енді қызылордалықтар «ел мен елдің, ағайын мен туыстың арасын жалғайтын татулықтың тұтқасы ғана емес, сауда-саттық пен іскерлік байланыстың алтын көпірі осы Автовокзал арқылы халықаралық және ел ішіндегі 38 бағыт бойынша сапарға шыға алады».
Сөз ретінде айта кетейік, ресми ақпараттарға зер салсақ бұған дейін Қызылорда қаласындағы қоғамдық көлік мәселесін шешу үшін жаңадан 300 автобус, аурухана, емханаларға 70 жедел жәрдем көлігі, орманшыларға 95 техника, ветеринарларға 30 көлік, құқық қорғау орындарына 100-ге тарта қызметтік көлік, төтенше жағдайлар қызметіне 17 арнайы техника берілген. Екі жыл уақыт өлшеміне аз емес…
Енді ауылдардағы дәрігерлік пункттерге 200 санитарлық көлік беріледі.
Тұрғындардың таксиге қатысты біраздан бергі талап тілектерін шешу жолы да креативный болып тұр. 1 млрд. теңгеге 100 экотакси алынады. Электр қуатымен жүретін бұл экотаксилер айнала қоршаған ортаны газбен ластамайды. Әрі бір орталықтан басқарылатындықтан әрқайсысы әртүрлі баға айтып, әрқалай қызмет көрсетпейді.
Аймақ басшысының бұл тараптағы ойы такси қызметі әрі арзан болады.
Жалпы Сыр бойындағы қордаланған мәселелердің шешілу үрдісі екі жылдан бері бұрынғыға еш ұқсамайды. Мәселен, талантты жастарды өнерге, музыкаға баулитын музыкалық колледждің ғимараты ескірді, тозды. Ұжымның күрделі жөндеуді сұрап жүргеніне жылдан жыл өтіп жатыр. Жергілікті биліктің шешімімен колледж ғимараты қайта салынады. Әрине, экономика заңдылығы бойынша ескіні жамап-жасқағаннан гөрі жаңадан салған тиімді.
Жалғасы келесі номерде