Қызылорда қалалық прокуратурасының ресми мәліметі бойынша Қызылорда қаласы прокуратурасының қадағалау актілері негізінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасау фактілерімен лауазымды тұлғалар жауаптылыққа тартылған. Нақтылағанда, Қызылорда қаласы білім бөлімінің басшысымен лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану арқылы 2022-2023жж. аралығында 5 қызметкерді конкурссыз білім беру ұйымдарына педагог ретінде жұмысқа қабылдау туралы заңсыз бұйрық қабылданған.
Қадағалау актілерін қарау нәтижесінде білім бөлімінің басшысы лауазымынан босатылса, бөлім басшысының орынбасары «қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жауаптылыққа тартылды.
Білім ошақтарын былықшылық жайлап алғаны туралы ақпарат жиілеп кетті. Небір жаға ұстататын жағдайлар тіркеліп жатыр. Бұған бір ғана мұғалімді кінәлау, «жығылғанға жұдырық сілтегенмен» бірдей. Мәселенің түп төркінін мемлекеттік деңгейдегі идеологиялық жүйенің іріп-шірігеннен көрсек, тамырды басып, кеселді тура тапқан тәуіптің өзіндей болармыз.
Анығы, «көзге шыққан сүйелдей» бадырайып тұрған қоғамдағы індет, ашкөздік, жемқорлық, сұғанақтықтың етек жайғаны, лауазымды тұлғалардың этикадан, эстетикадан ауытқып, қол астындағыларды қойдай жуасытып, жылқыдай жусатуы қоғамдағы идеологияның кескін-келбетін көрсетіп тұрған жоқ па? Соның бір көрінісі білім ордаларындағы лауазымды тұлғалардың іс-әрекеттері, әдепсіздіктері, қомағайлықтары қоғамда қызу талқыға түсуде.
Бұған дейін Қызылорда қаласында білім саласына қатысты бір емес бірнеше айтуға ауыз бармайтын жасөспірімдер арасындағы қылмыс тіркелді. Тіпті төбелестен оқушы өліміне дейін орын алды. Бұл тұрғыда облыстық білім басқармасының басшысы сол мезетте-ақ №189 мектеп директоры мен орынбасарларын қызметтен босатқаны белгілі. Әрине оқушы өліміне әкелген жағдай оңайға түспесі анық.
Бұл оқиғадан кейін де қалалық білім бөлімінің басшысы лауазымын осы уақытқа дейін сақтап қалды. Немесе Боданов мырзаның кейбір жағдайлардан хабары болмаған да сияқты.
Бейресми мәліметтерге сәйкес Ерлан Боданов ақысыз еңбек демалысына шығып, әрі қарай өзінің лауазымынан босатылған. Алдағы уақытта бір мектептің директоры болуы ықтимал деген бейресми ақпараттар тарап жатыр. Енді білім бөлімінің басшысы лауазымына кім келеді? Қайдан келеді деген сұрақ көп көкейінде жүр.
Шынында да, соңғы жылдары өңірдің білім саласындағы бейберекетсіздік қоғамда үлкен пікірталас тудырып жүр. Осындай кейбір лауазымды тұлғалардың келеңсіз әрекеттерінің салдарынан саладағы жетістіктер суға сіңіп барады…
Мұхаммедшах Маратұлы