Осы аптаның сейсенбісінде өткен жиынында Үкімет биылғы жылдың екі айындағы экономиканың өсуіне талдау жасады. Әзірге құрылыс, ақпарат, байланыс, көлік және қоймалау салаларында өңдеу өнеркәсібінде жақсы өсім бар екендігі атап айтылды.
Үкімет басшысының талабы «Министрліктер мен өңірлердің бірінші басшылары Жоспарды сапалы әрі уақытылы іске асыру үшін қажетті шараларды қабылдауға тиіс. Үкімет жұмыла жұмыс істеп, экономиканың барлық саласын тиімді үйлестіруі керек».
Содан да әр ай сайын инвестициялар тарту, құрылыс қарқынын арттыру, ауыл шаруашылығын, өңдеу өнеркәсібін тағы да басқа салаларды саралап, оның үстіне өткен ай қорытындысымен таразылап, экономиканың мықты және осал тұстарын анықтауда. Сырт қарағанда өңірлер әкімдері де бір-бірімен бәсекеге түскендей. Бір-бірінен қалып қоймауға тырысып, жанталасып-ақ жатыр. Алайда Үкіметтің талап үдесінен шығу да оңай емес.
Өңірлер бойынша қаңтар-ақпан айларының көрсеткіштерін саралап, оны қаңтармен таразылаған Үкімет басшысының айтуынша барлық негізгі макрокөрсеткіш Қызылорда, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Абай облыстары мен Астана қаласында өсті. Ең төмен көрсеткіштер Маңғыстау, Атырау, Ақмола облыстары мен Алматы қаласында байқалып отыр.