Жұлдызды қалашықта Кеңес дәуірінен сыр шертетін орындар аз емес. КСРО заманында Ұлы көсеміміз деп санамызға сіңірген Лениннің ескерткіші әлі күнге дейін осы жұлдызды қалашықтың орталық алаңында тұрғанын көпшілік біле бермейді.
Негізінен ғарышты аймақтың орталық алаңының жолдары жабырқау тартып, сұрықсыз күйде тұр. Сонау кеңес кезеңінде төселген тас жол сол күйі жатыр. Жергілікті жұртшылық Ресей меншігіндегі алаңға әлі күнге дейін жөндеу жұмыстары жүргізілмегенін алға тартты. Ал Қазақстан тарапынан оны қайта жаңғыртуға рұқсат етілмейді.
Орталық алаңдағы Лениннің еңселі тас мүсіні алыстан менмұндалап, ерекше көзге түседі. Кеңестік заманда кез-келген қала пен ауылдардан табылатын мұндай ескерткішті бүгінде сирек те болса кезіктіру мүмкін емес. Тіпті Ресейдің кейбір қалаларында да коммунистердің мүсінін әлдеқашан тұғырдан түсіргені белгілі. Ал әзірге жұлдызды қалашықта ғана Лениннің мүсіні өз маңыздылығын жоймаған секілді.
Сондай-ақ, бір кездері Гагариннің ғарыш кеңістігіне самғаған Союз зымыранының түпнұсқасы да осы Байқоңыр қаласының орталық көшесіне қойылыпты. Алайда еліміз үшін маңыздылығы жоғары ескерткіштерді Байқоңырдан кезіктіру оңай болмады.
Алақандай ғана аумақта Ұлы Абайдың шағын ғана бюсті тұр. Бюсттің алдына кітап пішінді ескерткіш тақта орнатылып, оған ақынның өлеңі екі тілде жазылған. Осы жерде Лениннің тас мүсіні секілді қазақ ақынына да бір еңселі ескерткіштің бұйырмағаны ойлантады.
Алайда сол көшенің қиылысына ақынның үлкен бильборды ілініпті. Айналасы жасыл шөппен көмкерілген. Халықтың айтуынша, бильбордтың төңірегіне жаз мезгілінде қазақ жастары жиі шоғырланып, көк шөптің үстінде демалып отырады екен.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ