Өткен апта қуанышты әрі қызықты күндерге толы болды. 1 айға жуық тойланған облысымыздың 85 жылдығы мен қаламыздың 205 жылдығы соңы гала-концертпен қорытындыланды. Жұма күні Нартай Бекежанов атындағы драма театрда «Алтын дән-2023» іс шарасы өтті. Астықты өлкедегі Сыр елінің шаруалары биыл су тапшылығының қиындықтарына қарамастан мол өнім алды. Салтанатты шара облысымыздың 85 жылдық мерейтойына тұспа-тұс келген мерекеде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев дала еңбеккерлерін марапаттап, олардың еселі еңбегін атап өтті. Сыр өңірінің қамбасын толтырған барша азаматтардың адал ісін жоғары бағалап, жылы лебізін білдірді.
- Алты алашқа ана болған Сыр өңірінің облыс болып құрылғанына биыл 85 жыл. Қызылордалықтар бұл мерейтойға үлкен табыспен жетті. Жақында облысқа іссапармен келген Мемлекет басшысы аймақтың дамуына жоғары баға берді. Қасым-Жомарт Кемелұлы Нағи Ілиясов ауылында өткен еңбек адамдарымен кездесуде: «Шын мәнінде, еңбек адамдары – халқымыз үшін ең қажет азаматтар. Ең алдымен, біз еңбек адамдарына құрмет көрсетуіміз керек. Сіздер ақ күріштің атасы – Ыбырай Жақаевтың жолын жалғап жүрсіздер. Сондықтан мен сіздерді қолдаймын»,– деп қошемет білдірді. Президент Сыр өңірінің бренді – күріш өндірісін көру үшін «Алтын орда» зауытында болды. Ауыл шаруашылығы тауарөндірушілерінің өнімдерімен танысып, диқандар мен шаруалардың еңбегіне табыс тіледі. Бұл – барша еңбек адамдарына берілген оң баға, көрсетілген құрмет, – деді облыс әкімі.
Салтанатты шарада аймақ басшысы Премьер-министр Әлихан Смайыловтың Сыр диқандарына жолдаған арнайы Құттықтау хатын оқып берді. Бүгінде аймағымыздың даму көрсеткіші мақтап айтуға тұрарлық десек болады. Облысымызда 9 айдың қорытындысымен ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі 157 млрд. теңгеге жетті. Ал ішкі өнімдегі осы саланың үлесі 6 пайызды құрады. Сөздің шыны керек биыл диқандарға су тапшылығы қатты сезілді. Су тапшылығына қарамай диқаншыларымыз егістік көлемін өткен жылға қарағанда 4 мың 800 гектарға ұлғайтып, 193 мың 400 гектар жерге егін екті. Оның ішінде күріштік алқап 89 мың 100 гектар. Жиын-терім науқаны аяқталып, әр гектардан орта есеппен 56,5 центнерден өнім алынды. Қамбаға 503 мың тонна астық түсті.
Дәстүрлі мерекенің ең басты құрметі еңбек адамдарына көрсетілді. Күрішшілер, сушылар, комбайыншылар, механизаторлар, диқандар, малшылар сахна төріне шығып, марапатқа ие болды. Мерекеде сала қызметкерлері Премьер-министрдің Алғыс хатымен, Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен, «Ауыл шаруашылығының үздігі» төсбелгісімен, Құрмет грамотасымен марапатталды.
Мерекелік марапат алғандар:
ҚР Премьер- министрінің «Алғыс хатымен»:
Жақып Бегеш Бисенұлы– Су шаруашылығы саласының ардагері
Төлепов Орынбасар Өтепұлы– «Жаңажол» ЖШС-нің директоры, Қармақшы ауданы
Қуанышбек Нұрсұлтан Қуанышбекұлы– «Ер Әлі» шаруа қожалығының күрішшісі, Жалағаш ауданы
Құбашев Айхожа Қамысбайұлы– «Ерлан» шаруа қожалығының малазықтық дақылдарын өсірушісі, Жаңақорған ауданы
Бертайұлы Марал– «Бертай» шаруа қожалығының шопаны, Қармақшы ауданы.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігің «Еңбек ардагері» медалімен:
Диханов Серік Нағашыбайұлы– ауыл шаруашылығы саласының ардагері, Арал ауданы
Мықанов Қалықберді Жұмабайұлы– «Халық» шаруа қожалығың төрағасы, Шиелі ауданы.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен:
Саяғұлов Ерболат Тұяқұлы– «Жақсылық» шаруа қожалығының төрағасы, Арал ауданы
Назымбеков Күнтілес Айдарбекұлы– Қазалы ауданы әкімінің орынбасары
Саметов Балтабай Мақсатұлы– «Жаңажол» ЖШС-нің гидротехнигі, Қармақшы ауданы
Жалғасов Шағдат Әптайұлы– «Егінші» ЖШС-нің директоры, Жалағаш ауданы
Дәрібаев Алтынбек Тұрмағанбетұлы– Жалағаш аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы
Болатов Алмат Қайратұлы– «Ақжарма и К» фермерлік қожалығы төрағасының орынбасары, Сырдария ауданы
Шахизадаев Қуат– «Аруана Агролидер» ЖШС-нің технологі, Қызылорда қаласы.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Құрмет грамотасымен»
Жарекеев Досжан Найзағұлұлы– «Думан» шаруа қожалығының агрономы, Арал ауданы
Оспан Айбек Әбубәкірұлы– «Рза-Агро» ЖШС-нің бригадирі, Қазалы ауданы
Жарқындосов Әскербек Әуезханұлы– «Сәрке батыр» ЖШС-нің күрішшісі, Жалағаш ауданы
Жәрменов Асылбек Ойнарұлы– «Таң ЛТД» ЖШС-нің бригадирі, Жалағаш ауданы.
Агроөнеркәсіптік кешені бойынша үздік жетістіктерге жеткен озаттар:
«Озат агроном» номинациясы бойынша Қазалы ауданы, «РЗА-Агро» серіктестігінің агрономы Сулеев Амантай Кеңесбайұлы марапатталды. Шаруашылық бойынша 4866 гектар жерге егілген ауыл шаруашылығы дақылдарының барлық түрлерінен жоғары өнім жинауға қол жеткізген.
«Озат су маманы» номинациясы бойынша «Жаңақорған сушар» өндірістік учаскесінің бөлім басшысы Бегемет Абдул-Аят Абдул-Әдиұлы марапатталды. Ауыл шаруашылығы дақылдарын суармалы сумен қамтамасыз етуде жоғары деңгейде жұмыс ұйымдастырды.
«Озат теледидар тілшісі» номинациясы бойынша «РТРК Қазақстан» АҚ облыстық филиалының сарапшы-редакторы Қозы-Көрпеш Жасаралұлы марапатталды. Ауыл еңбеккерлерінің тыныс-тіршілігін, игі істерін шеберлікпен бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануын қамтамасыз етуде белсенді атсалысты.
«Озат газет тілшісі» номинациясы бойынша «Сыр бойы» газетінің тілшісі Төлеуов Мадияр Жалғасұлы марапатталды. Ол облыстың экономикалық және әлеуметтік даму мәселелерін жергілікті басылымда жариялануына атсалысты.
«Озат күріш өсіруші» номинациясы бойынша Сырдария ауданы, «Шаған жер» серіктесгінің күрішшісі Бексейітов Уалихан Тойбазарұлы марапатталды. Өзіне бекітілген 39 гектар күрішті агротехникалық талапқа сай күтіп- баптап, әр гектардан 88 центнерден өнім алуды қамтамасыз етті.
«Озат жатка машинисі» номинациясы бойынша Қазалы ауданы, «Сыр Маржаны» серіктестігінің жатка машинисі Сәрсенбай Омар марапатталды. Науқан кезінде 1200 гектар күрішті жалға салған.
«Озат комбайншы» номинациясы бойынша Шиелі ауданы, «Алтын дән Шиелі» ШҚ-ның комбайнері Даткенов Құрманғали Әбдуәлиұлы марапатталды. Науқан кезінде 61 мың центнер астық бастыруды қамтамасыз еткен.
«Озат бригадир» номинациясы бойынша Сырдария ауданы, «Мағжан и К» серіктестігінің егіс бригадирі Қыдыралиев Қонысбек Төлепбергенұлы марапатталды. Бригада ұжымы егілген 595 гектар Сыр маржанын агротехникалық шараларға сай күтіп-баптап, оның әр гектарынан 85,8 центнерден өнім жинаған.
«Озат өңдеу кәсіпорны» номинациясымен бойынша Қызылорда қаласы, «Байдала» серіктестігі марапатталды. Директоры Байдалиев Қанат Жылқайдарұлы. Өңдеу кәсіпорны бойынша биылғы жылдың тоғыз айында 15 мың тонна күріш өңдеп, жоғары нәтижеген қол жеткізген.
«Озат тұқым шаруашылығы» номинациясы бойынша Жалағаш ауданы, «Ер Әлі» шаруа қожалығы марапатталды. Төрағасы Бекжанов Әліби Бақытбекұлы. Шаруа қожалық бойынша үстіміздегі жылы егілген 1366 гектар күріштің әр гектарынан 85,5 центнерден өнім алып, аймағымызда күріштің украиналық 3 сортын аудандастырып, облыстың күріш өндірісімен айналысатын шаруашылықтарды қажетті тұқыммен қамтамасыз етуде.
«Озат егін шаруашылығы» номинациясымен Қармақшы ауданы, «Жаңажол» ЖШС марапатталды. Директоры Төлепов Орынбасар Өтепұлы. Шаруашылық бойынша егілген
3100 гектар күріштен 21700 тонна өнім жинап, орта өнімі әр гектарынан 70 центнерді құрады.
«Ауыл шаруашылығы саласында Үздік жетістіктерге жеткен озат аудан» номинациясы:
Облыс көлемінде төрт түлік санының өсу динамикасын қалыптастырған және олардың өнімдерін өндіруде жоғары жетістіктерге жеткені үшін Арал ауданы марапатталды. Аудан әкімі Сермағамбетов Серік Сағитжанұлы.
Егін шаруашылығы саласы бойынша өндірілген өнімнің 23,4 пайызы ауданның үлесінде және егістікті әртараптандыру бағытында, су үнемдеу технологияларын өндіріске енгізуді ұйымдастырып, жоғары өнімділікке қол жеткізгені үшін Шиелі ауданы марапатталды. Аудан әкімінің міндетін атқарушы Апетов Ерсұлтан Амантайұлы.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласы бойынша жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, облыс бойынша өңделген сүттің 95,4 пайызын, өңделген еттің 53 пайызын өңдегені үшін Қазалы ауданы марапатталды. Аудан әкімі Оразбаев Мұхтар Әуесұлы.
Агроөнеркәсіп кешенін дамытуда биылғы жылы ең жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген үздік аудан номинациясымен Жаңақорған ауданы марапатталды. Аудан әкімі Тлеумбетов Мұрат Жолкелдіұлы.
Бұдан соң мерекелік кеш концерттік бағдарламаға ұласты. Сахна жұлдыздары дала еңбеккерлерінің құрметіне әсем ән шырқап, мерекені думанға бөледі.
Іс шара аяқталғаннан кейін, орталық алаңда ветеринариялық ұйымдарға 30 қызметтік автокөлік, облыс шаруашылықтарында жоғары көрсеткішке қол жеткізген еңбек адамдарына демеуші кәсіпорындар тарапынан 17 автокөлік табысталды. Аймақ басшысы сала қызметкерлерін құттықтады.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында ветеринария саласын жетілдіруге аса үлкен мән берді. Ветеринария қызметі қазіргі заман талабына сай болмаса, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын арттыру мүмкін емес. Бұл түптеп келгенде ауылдағы ағайынның әл-ауқатына және облыстың агроөнеркәсіп саласының дамуына әсер етеді. Бүгінде аса қауіпті 14 түрлі жұқпалы мал ауруына бөлінген ветеринариялық препараттар жеткізіліп, бекітілген жоспарға сәйкес алдын ала егу жұмыстары жүргізілуде. Сапалы жұмыстардың нәтижесінде Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымы өңірімізге аусыл ауруынан таза аймақ мәртебесін берді. Эпизоотиялық ахуалды тұрақтандыру жолында аянбай еңбек ететін ветеринар мамандарға, ақ күріштен тау тұрғызған еңбек озаттарына алғысымды білдіремін. Жаңа автокөліктер игіліктеріңізге қызмет етсін, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Ветеринария саласындағы жұмыстарды ілгерілету үшін «Жол картасы» жасалды. Ал ұйымдарды материалдық-техникалық жабдықтау мақсатында былтыр облыстық бюджеттен 73 млн теңге, биыл 250 млн теңге бөлініп, автокөлік пен құрал-жабдықтар алынды. Жер-ананы күтіп-баптаған адам қашан да мол табысқа кенеледі. Жаз бойы егін даласын дүбірге бөлеген диқан қауымы ел несібесін еселеуде аянбай еңбек етті. Ал осы салтанатты шарада олардың бірқатары көлік кілтін иеленді.
Мұхаммедшах Каюп