Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласындағы құрылыс алаңдарына барды.
Алдымен аймақ басшысы «Өнер орталығының» құрылысымен танысты. Өткен жылдың тамыз айында Қызылорда қаласындағы Сұлтан Бейбарыс көшесінің бойынан 3,7 млрд теңгеге 1000 орындық орталықтың құрылысы басталған еді. Онда өнер иелерінің, шығармашылық ұжымдардың ұлттық, академиялық, симфониялық және эстрадалық бағыттағы концерттері, түрлі форматтағы қоғамдық және мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізіледі. Нысан алдағы желтоқсан айында пайдалануға берілмек.
Облыс орталығындағы сыйымдылығы 600 орындық Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық-академиялық драма театры аймақтағы көрермен залы ең үлкен өнер ордасы болып есептеледі. Халық саны өскен сайын мұнда орын тапшылығы туындағалы біршама уақыт болды. Осы жағдайды ескере келе аймақ басшысының бастамасымен жаңа заманауи ғимарат құрылысы басталды.
Әрі қарай Нұрлыбек Машбекұлы сол жағалаудағы жаңа автовокзал құрылысымен танысты. Құны 975 млн теңгені құрайтын заманауи үлгідегі автовокзалда жолаушыларға барлық қолайлы жағдай жасалып, қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Ғимаратта тек жолаушылар залы ғана емес, сонымен қатар ірі сауда және қоғамдық тамақтандыру орындары, автокөлік жөндеу цехтары жұмыс істейтін болады. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін 124 рейс бойынша 55 автобус маршруты ашылады. Олардың арасында Ташкент қаласына қатынайтын 1 халықаралық, Астана, Алматы, Шымкент, Жезқазған, Түркістан, Сарыағаш, Жібек жолы (Черняевка) және Ақтөбе қаласына 8 республикалық, сондай-ақ 46 ішкі ауданаралық рейс бар. Автовокзал жаз мезгілінде күніне 3700-ден астам, қыста мыңнан астам жолаушыға қызмет көрсете алады.
Мұнан әрі аймақ басшысы сол жағалаудағы Қан орталығына барды. Өткен жылы тамыз айында құны 2 млрд 700 млн теңгені құрайтын орталықтың іргетасы қаланды. Нысан жылына 5000-10000 адамға қызмет көрсетеді. Орталықтың салынуы – аймақтың денсаулық сақтау саласы үшін маңызды әрі ұтымды шешім, тұрғындардың денсаулығын сақтау және қорғау бағытындағы нақты іс-шараның бірі. Нысан 2024 жылдың басында пайдалануға берілмек.
Облыс әкімі 300 орындық жатақханасы бар 400 орындық физика-математика бағытындағы мектеп-интернат құрылысын да көрді. Жалпы 8 млрд теңгеге салынатын жаңа мектеп оқушыларға сапалы білім беруге қажетті заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Мердігер мекеме «Промстройсервис Е» компаниясы ғимаратты 2024 жылы аяқтап, пайдалануға береді деп жоспарлануда.
Еске салсақ, өткен жылдың желтоқсан айында Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Сыр өңіріне арнайы жұмыс сапары кезінде Қызылорда қаласында дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернатының құрылысын бастауға қолдау білдірді. Осы тізімге №101 Ә.Мүслімов және №2 Абай атындағы мектептерге қосымша құрылыс салу, «Бәйтерек» шағын ауданындағы 600 орындық және Шиелі ауданы Байсын ауылындағы 250 орындық мектеп құрылысын аяқтау енгізілді.