Бүгін «AMANAT» партиясы Шиелі аудандық филиалының кезектен тыс XLІІ (42-ші) конференциясы өтті.Конференция жұмысына арнайы «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Наурызбай Байқадамов сонымен қатар, бастауыш партия ұйымының жетекшілері, партия белсенділері, партия ардагерлері, аудандық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшелері мен «Жастар Рухы» жастар қанатының өкілдерінен 120 делегат қатысты. Аталған жиынның күн тәртібінде «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасының Шиелі ауданы бойынша көрсеткіштерінің орындалысы туралы аудан әкімінің есебі тыңдалып, 5 қарашада өтетін аудан әкімдері сайлауына «AMANAT» партиясы қоғамдық бірлестігінен Шиелі ауданының әкімі лауазымына кандидатура ұсыну мәселелері қаралды.Конференция жұмысын партияның аудандық филиалының төрағасы Болат Сыздық жүргізіп отырды. Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша Шиелі ауданының әкімі Нұржан Ахатовтың есебі тыңдалды.Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша конференция жұмысына 3 үміткер ұсынылып, қатысқан делегаттардың ашық дауыс беруі нәтижесінде Шиелі ауданының әкімі лауазымына кандидат ретінде Нұржан Ахатов таңдалды. Алдағы күндері ол аудандық сайлау комиссиясында тіркеуден өтеді.Жиын барысында сөз алған партияның облыстық филиалының төрағасы Наурызбай Байқадамов еліміздегі сайлау жүйесінің жетілуі бойынша атап өтті. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстанда сайлау жүйесі жетілдірілуде. 2021 жылдан бастап елімізде ауыл әкімдерін тікелей сайлау тетігі іске қосылды. Енді міне аудан әкімдерінің сайлауы да ашық түрде халық таңдауына түскелі отыр. Биыл өңірімізде Шиелі және Сырдария аудандарының әкімдерін тікелей сайлау арқылы азаматтардың саяси белсенділігін арттырмақпыз. Алдағы сайлау науқаны саяси мәдениет пен бәсекелестікті арттыратыны анық», – деді «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Наурызбай Байқадамов.Жалпы конференцияның күн тәртібіне ұсынылған мәселелер толық қаралып, тиісті қаулылар қабылданды.#AMANAT