Биыл әкімдер сайлауы өтетін 2 ауданда «AMANAT» партиясы бастауыш партия ұйымдарының жиындары өткізілуде. Жиын барысында партия мүшелері «AMANAT»-тың аудандық филиалдарының конференциясына делегаттар ұсынуда. Бүгін партияның Сырдария аудандық филиалына қарасты «РБ Тереңөзек» бастауыш партия ұйымында арнайы жиын өтіп, онда партия мүшелері конференцияға қатысатын делегаттарды сайлады.Сондай-ақ шара барысында Президент Қ.Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауын жүзеге асыру мәселелері талқыланып, ондағы «Ауыл аманаты», «Жер аманаты», жобалары бойынша атқарылған жұмыстар сараланып, алдағы уақытта іске асырылатын шаралар туралы айтылды. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында еліміздің сайлау жүйесін жетілдіруді тапсырған болатын. Осы саяси реформа аясында былтыр ауыл әкімдерін тікелей сайлау механизмі іске қосылды. Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін тікелей сайлау – азаматтардың конституциялық құқықтарын толыққанды іске асырудағы белсенділігін арттыруға, халықтың билікке деген сенімін және әкімнің халық алдында есеп беруін күшейтуге, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын толық көлемде іске асыруға мүмкіндік береді. Осындай саяси шарада әрбір партияласымыздың таңдауы маңызды деп білемін»-деді бастауыш ұйым төрағасы Жалғасбек Үсенов.Қазіргі таңда өңірде 45051 партия мүшесін бір арнаға тоғыстырған 206 бастауыш партия ұйымы бар.
#AMANAT