Қыркүйек айының 18-ы күні Қызылорда қаласының әкімі Асылбек Шаменов қалаға қарасты ауылдық округ пен кент тұрғындарымен кездесіп талап-тілектерін тыңдады. Алдымен жоспарланған кездесу Тасбөгет кентінде басталды.
Бүгінде Тасбөгет кентінде жағымды жаңалық көп. Алдымен қала әкімі Тасбөгет кентінде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.
Облыстық және қалалық бюджет есебінен 1 млрд. 811,2 млн. теңгенің жұмыстары атқарылуда. Облыстық бюджеттен бөлінген 242,0 млн. теңгеге Қызылорда қаласы бойынша 14 техникалық ұңғыманы бұрғылау жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде, Сабалақ саяжайындағы 1 техникалық ұңғыма бұрғыланды. С.Сейфуллин, Н.Өткелбаев, А.Жангелдин, А.Жанкин, Ж.Әбілқасымова және З.Мамбетова көшелерінің жарық бағаналарының құрылғысын салуға облыстық бюджеттен 04,0 млн. теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды. Құрылыс жұмыстары қазан айында бастау алады.
Сондай-ақ Тасбөгет кентінде бюджеттен тыс қаражат көздерінен 4 млрд. 705 млн. теңгенің жұмыстары атқарылуда. Жеке кәсіпкердің өз қаражаты есебінен 4 млрд. теңгеге 5 қабатты 338 пәтерлі 4 тұрғын үй құрылысы басталды. Орталық саябақ аумағында жалпы құны 100 млн. теңгені құрайтын Биометриялық зертхана құрылысы жүргізілуде. Демеушілік көздері есебінен орталық саябақ маңынан «Құддыс Ишан» мешіті ғимаратының құрылысы салынуда. «AЭS and Limited» ЖШС демеушілігімен 100 млн. теңгеге Сабалақ саяжайына табиғи газ желісін тарту жұмыстарының жоба-сметалық құжаттары әзірленуде. Демеушілік есебінен 1,5 млн. теңгеге кенттегі оң жақ магистралды каналының көпірі жөндеуден өткізілді. «Еңбек» және «Өркендеу» саяжайларының негізгі 3 көшесіне демеушіліпен 3,5 млн теңгеге жарық шамдарын орнату жұмыстары жүргізілді. Кенттің кіреберісіне жалпы құны 300,0 млн. теңгеге сауда кешенін салынуда.
Тасбөгет тұрғындарының көптен бері көтеріп жүрген емхана мәселесі қала әкімінің кездесуінде қайта қозғалды.
– Кентімізде көптеген жұмыстар жасалып жатыр. Бірақ Тасбөгет тұрғындарының 15 жылдан бері айтылып жүрген мәселесі емхана. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Мұрат Ергешбаев келген кезде де айтқанбыз.
Бұл сұраққа Денсаулық сақтау басқармасының өкілі жауап берді.
– Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Искаков Тасбөгет кентіндегі емхана бойынша Денсаулық сақтау министрлігіне барып, тиісті қаражат сұрады,-деді өкілі.
– Кентімізде жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Осыдан 20-30 жыл бұрын қандай жерде тұрып едік, ал қазір қандай жерде тұрып жатырмыз. «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» ел тыныш болсын. Кент әкімі Семсер Сыздықов қолынан келгенше жұмыстарды жасап жатыр,-деді кент ақсақалы.
Сонымен қатар кент ақсақалы «Шауқаман бағындағы» мәселені көтерді.
– Мен «Шауқаман бағында» күнде кешкілік отырамын. Осы демалатын жерге бейнебақылау қойып берсеңіздер. Кешкілік мотоциклде, көлікте осы бақтың ішінде тұрады. Балаларымыз ойын алаңында ойнап жатады, ал көліктер оған қарамайды. Балаларымызды басып кете ме деп қорқамыз. Сосын мектеп оқушылары ойын алаңын қиратуға дейін барады,-деді ақсақал.
– Ойын алаңын сырттан келіп ешкім қиратпайды. Өзіміздің балаларымыз, өзіміздің мектеп оқушыларымыз. Бейнебақылау мәселесі бойынша зерттеп тексереміз, тиісті адамдарға тапсырма беремін,-деді Асылбек Шаменов.
P.S. Емхана мәселесін 15 жылдан бері айта-айта талай адамның қартайғаны анық…