Осы аптаның дүйсенбісі күні Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Ғалымжан Еркебай бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен бірге қаланың орталық және шет аймақтарындағы көшелерде, сондай-ақ, Қызылжарма ауылдық округінде жүргізіліп жатқан жол жөндеу жұмыстарымен танысып қайтты.

Айта кету керек бүгінде облыс орталығында ауқымды құрылыс жұмыстары жүруде. Биылғы жылы бюджеттің барлық көздерінен 10 млрд. 541 млн. теңге бөлініп, қала мен қалаға қарасты кент және ауылдық округтерде жалпы ұзындығы 184,9 шақырымды құрайтын 264 көше жөндеуден өтуде.

Жөнделіп жатқан жолдардың 80 пайыздан астамы шет аймақтарға, кенттер мен ауылдарға тиесілі. Яғни, елді мекендердегі жалпы ұзындығы 111,2 шақырым болатын 161 көше жаңалануда. Сонымен қатар, қаланың шет аймақтарында 48,1 шақырым болатын 86 көшеде жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Алдымен Ғалымжан Еркебай БАҚ өкілдерімен бірге Н.Назарбаев даңғылында жасалып жатқан жол жөндеу жұмыстарымен танысты. Қазіргі таңда жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Жұмыс барысы қалай болып жатқандығын бізге жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан «УАД» ЖШС өкілі таныстырды.

– Н.Назарбаев даңғылы 4,2 шақырымды құрайды. Жолдың 2 шақырымы аяқталып қалды. Шілде айында бастау алған құрылыс жұмыстары тамыз айының соңында аяқталады деп жоспарлап отырмыз. Жоба құны 758,1 млн. теңге. Қазіргі таңда 30 техника, 50 адам жұмыс жасап жатыр,-деді «УАД» ЖШС өкілі Самат Қарымсақов.

Араға тоғыз жыл салып енді жасалып жатқан жол жөндеу жұмыстары тұрғындардың көңілінен шығып, халық риза болады деген ойдамыз.

Сонымен қатар, құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатқан орталық көшелердің бірі Астана даңғылы. БАҚ өкілдері бұл көшенің де жөндеу жұмыс барысымен танысты. Жалпы 2,8 шақырымды құрайтын жолдың жобалық құны 1 млрд. 210,5 млн. теңге. Мердігер мекеме «Қыран» ЖШС. Шілде айында басталған жөндеу жұмыстары қыркүйек айында аяқталады деп жоспарланып отыр. Айта кету керек, Астана даңғылында он бес жылдан бері енді жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Мұнан соң БАҚ өкілдері қала әкімінің орынбасары Ғалымжан Еркебаймен бірге қаланың кіре беріс қақпаларының бірі С.Бейбарыс көшесінде жасалып жатқан жол жөндеу жұмыстарымен танысты. Осы уақытқа дейін екі жолақты болған көшенің сыйымдылығы кеңейтіліп, төрт жолақты болады. Сонымен қатар, жол жиегіндегі жылу құбырлары алынып жер астымен жүргізіліп жатыр. Жоба құны 2 млрд. 349,7 млн. теңге болса, ұзындығы 4,2 шақырымды құрап отыр. Наурыз айында басталған жол жөндеу жұмыстары тамызда аяқталып халық игілігіне беріледі.

– С.Бейбарыс көшесінде жасалып жатқан жол жөндеу жұмыстары көңілімнен шығып жатыр. Бұрында көше екі жолақты болса, қазір төрт жолақты болып кеңейіп жатыр. Қаламызда көптеген кептелістер болып жатыр. Бірақ алдағы уақытта тезірек жол жөндеу жұмыстары аяқталады деп ойлаймын,-деді қала тұрғыны Ораз Нұрдаулет.

Атап өтетін мәселе, интенсивтилігі жоғары орталық даңғылдардың жол жабындыларын төсеу жұмыстары көшелердің жарамдылық мерзімінің жетуіне байланысты жасалуда. Осы күндері мердігер мекемелер жолдарды жөндеуді екі ауысыммен атқаруда.

Содан кейн, БАҚ өкілдері қаланың шет аймақтарында жасалып жатқан қарқынды жол жөндеу жұмыстарымен танысты.

Алдымен Саяхат мөлтек ауданындағы жөндеу жұмыстары аяқталған Ш.Бәкірова көшесіне бардық. 1 шақырымды құрайтын көшенің жобалық құны 37,8 млн. теңге. Көше орташа жөндеуден өтіп, шілде айында пайдалануға берілген.

– Жол сапалы салынып жатыр. Саяхат мөлтек ауданының тұрғындарының атынан сіздерге алғыс айтамын,-деді қала тұрғыны Көшербаев Марат.

Еркебай неге кешірім сұрады?

БАҚ өкілдері КБИ мөлтек ауданында орналасқан Қорқыт ата №6 көшесінде болды. Орташа жөндеу жұмыстары Қорқыт ата 13 көшесінен Достық көшесі аралығында мамыр айында жүргізілген. Ұзындығы 800 метр болатын жобаның құны 28 млн. теңге.

Әрі қарай Шанхай мөлтек ауданында орналасқан орталық көшелердің бірі Жанқожа батыр көшесінің жол жөндеу жұмыстарымен таныстық. Жобаның құны 55,9 млн. теңге ұзындығы 1,1 шақырым болатын жөндеу жұмыстары маусым айында жүргізілген. Тұрғындар тарапынан алғыс айтқандар жетерлік.

Бұдан әрі Әл-Фараби мөлтек ауданында орналасқан Жұлдыз және Болашақ көшелерімен таныстық. Аталған көшелердің жөндеу жұмыстары 90 пайызға аяқталған. Қазірде жол ескертпе белгілерін орнату жұмыстары жүргізіліп жатқанын көрдік. Тұрғындар үшін көше қолданысқа тамыз айында беріледі деп жоспарланып отыр.

Қалаға қарасты ауылдық елді мекенде тыс қалмады. Қызылжарма ауылдық округіндегі Есахаев көшесінде жасалған жол жөндеу жұмыстарын көрдік. Айта кететіні аталған көшеге осы уақытқа дейін жол салынбаған.

Пресс тур соңында Қызылорда қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жеңісбек Файзуллаев БАҚ өкілдеріне қысқа сұқбат беріп кетті.

– Биыл Қызылорда қаласында барлығы 264 көшеге жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қалаға қарасты ауылдық елді мекендердің 161 көшесінде тас, асфальт төсеу, жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қаланың шет аймақтардағы 86 көшеге жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал қаланың 17 орталық көшелерінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жұмыс атқарылып жатқан барлық көшелер тамыз айының соңында немесе қыркүйек айының бас жағында аяқталады деп жоспарлап отырмыз,-деді Жеңісбек Файзуллаев.

Пресс тур соңында қала әкімінің орынбасары Ғалымжан Еркебай қала ішілік жол қозғалыстарының қолайсыздық тудырғандары үшін қала тұрғындарынан кешірім сұрап, жол жөндеу жұмыстары сапалы әрі уақытылы аяқталатынын айтты.

Мұхаммедшах Каюп

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған