Темір жол саласының Қазақстан экономикасын дамытудағы маңызы бұрын қандай болса, еліміз экономикасын әртараптандырып, индустрияландыруға көшіп жатқан қазіргі уақытта да, келешекте де оның салиқалы салмағы бір мысқал да кемімесі айқын. Жаз мезгілінде теміржол көлігіне деген халықтың сұранысы күрт артады. Жазғы демалысын пайдаланып қалғысы келген халық көбінесе жолаушылар пойызын ыңғайлы көреді. Себебі, ұшақ билетінің бағасы кез келгеннің қалтасына сәйкес келе бермейді. Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан аса уақыт өтті. Осы шамада қаламызда қарапайым халықтың қала мен аудан арасында қатынайтын вокзал аумағының төмен деңгейде болуы күлкіні келтіреді. Шет елдерде дамыған барлық талапқа сай пойыздар адамдарға қызмет жасап жүрсе, біздің елде ескі-құсқы пойыздар қызмет жасап жүреді. Осыдан кейін дамыған мемлекетіміздің теміржол мен пойыздардың мәселесін шеше алмай жатқаны қызық…
Қаламыздағы ескі Теміржол ғимаратының аумағы шаһар көркін бұзуда. Темір жол бекетіне бағытталған баспалдақтар көрікті деп айтуға келе қоймас. Бірақ адамдар мініп түсіп жатады. Ал шет жақтағы баспалдақтың бейнесі адам шошырлық. Өзге өңірден келген меймандарды мұндай көрініспен қарсы алу ұялтатыны анық. Басшылар пойызбен жүрмейді, пойызға мінсе, вокзалға басқа есікпен кіреді. Егер вокзалға кіргенде, олар бұл мәселені бұрын шешер еді. Бірақ, ең сорақысы халық тұтынатын тағамдардың қандай жағдайда сатылып жатқаны билік өкілдерін еш қызықтырмайды.
Қызылорда темір жолындағы вокзал ішінде бірнеше жеке кәсіпкер орнығып алған. Олар ұзақ жылдар бойы азық-түлік, әшекей мен техника сатып отыр. Оның адамдарға пайдасынан гөрі зияны көбірек деп айтуға болады. Мәселен сөреде сатылып тұрған тағамдардың беті ашық, ешқандай санитарлық талапқа сай келмейді. Екінші бір мәселе сатылып тұрған заттардың бағасы өте қымбат. 1 литр қара судың өзі 500 теңге тұрады. Осы мәселелер әдеттегідей біреу зардап шегіп немесе уланып қалған жағдайда ғана қарала ма?
118 жыл тарихы бар темір жол вокзалы қазіргі таңда реконструкциялаудан өтуде. Ресми мәліметке сүйенсек, жөндеу жұмыстарына 873 млн. теңге бөлінген. Алдағы уақытта бұл қаржының жартысын «шенділер» қалтасына баспай, вокзалдың ажарын кіргізетін жұмыстарға жұмсалады деп сенеміз…
Поезд ішіне кірмей жатып қаншама мәселе қозғалды. Ал, оның арғысын қозғасақ ондағы шикіліктің көрінісі бізді әсте таңғалдыра қоймасы анық.
Алып қосар тағы бір мәселе базар дүңгіршіктерінің жанындағы қоқыстар, қашан тазалатыны белгісіз канализация иістері. Еліміз жасыл экономиканы дамытуды алдына мақсат етіп қойғаны баршаға мәлім. Алайда жұртшылық бұл сала қоқыс өңдеу саласымен тығыз байланысты екеніне назар аудармай отырған тәрізді. Тау-тау болып үйілген қалдықтардың экологияға кері әсер ететіні белгілі. Біз қала келбетіне көп мән береміз деп,оның экологиялық жағдайын ұмытып кетеміз. Әрине қала келбеті өзіміз үшін де, біздің қаламызға келіп отыратын қонақтар үшін де сәнді болуы шарт. Қызылорда қаласы сәулетті үйлермен, жасыл желекті саябақтармен безендірілген. Бірақ та бұл сәннің, тазалық жоқ жерде мәні болады ма?
Мұхаммедшах Маратұлы