Сыр елінің бас қаласы Қызылорда бүгінде әлеуеті артып, экономикасы өрістеген, мәдени әрі рухани байлығы кемелденген қалалардың біріне айналғаны рас. Соңғы жылдары қаламыз адам танымастай жаңарып, жасарып, бейнесі айшықталып келеді. Сәулеті мен сәні жарасқан, зәулім ғимараттар мен көзтартар құрылыстар көңілге қуаныш сыйлап, заманауи үлгіде дамып келе жатқаны сөзсіз. Бірақ шет аймақтарға әлде де көңіл бөліне қоймаған секілді…
Осыдан бірнеше күн бұрын қалада болған жаңбыр аралас дауылдың салдарынан әлеуметтік желіде тұрғын үйлердің шатыры ұшып кеткені туралы бейнежазба тарап кеткен болатын. Бұл бейнежазба Тасбөгет кентіндегі «Тасарық» мөлтек ауданының тұрғын үйлері болып шықты.
Біз арнайы «Тасарық» мөлтек ауданына барып шатырсыз тұрғын үйлерді көріп, тұрғындармен тілдесіп көруді ұйғардық. Барған кезімізде шатыры жоқ тұрғын үйлерден бөлек, әйнегі сынған терезе мен суға толған тұрғын үйдің жертөлесі бірден көзге түсті. Ең сорақысы балаларға арналған футбол алаңы бар болғанымен сапасы өте нашар. Алаңға кіретін есік қирап қалған. Қара жер болғандықтан арам шөптер өсіп, алаңның ортасы қоқысқа толып, сасық иіс шығады.2022 жылды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Балалар жылы» деп жариялаған болатын. Сол кезде өз сөзінде «Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы-біздің жалпыұлттың міндетіміз» деген болатын.
Бірақ бұл сөзбен Тасбөгет кентінің әкімдігі келіспейтін секілді…
Мөлтек ауданды аралап жүргенімізде шенділердің көзіне түсе бермейтін көп дүниені байқадық. Шатыр ұшқан күндері Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Ғалымжан Еркебай келіп кеткен. Сол кезде журналистер қауымына:
– Қазіргі таңда барлық ақаулар есептеліп, қазір зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Ұшып кеткен шатырлардың орны тазартылып, қала әкімдігінің тарапынан жұмыстар жүргізілуде,-деді.
Арада 10 күннен аса уақыт өтті. Бірақ бұл құр сөз болып қалған секілді. Ұшып кеткен шатырлар жан-жақта шашылып жатыр. Тұрғындардың қала әкімінің орынбасарынан кейін әлі ешкімді көрмедік деген сөзін естідік.
– Қазір бұл үйде тұруға қорқамыз. Бір күні басымызға құлап, адам шығыны болса, әкімшілік сол кезде әрекет жасайтын секілді. Бұл күні шатырсыз қалдық. Жаңбыр жауған жағдайда үйімізді су басып кете ме деп қорқамыз,-дейді Тасарық мөлтек ауданның тұрғыны.
Тағы бір тұрғын әкімшілік тарапынан ешқандай көмек көрсетілмей жатқанына арызданды.
– Мен әкімшілікке екі рет арыз жаздым. Бірақ әлі ешқандай нәтиже жоқ. Жертөлеміз суға толы. Оның сасық иісі үйімізге келеді. Тез уақытта бұл тұрғын үйлерді бұзуға жіберіп, бізді қауіпсіз жерге көшірмесе, арты қайғылы оқиғаға әкеліп соқтырмауына кім кепіл,- дейді тағы бір Тасарық тұрғыны.
Соңғы кездері қала орталығындағы тұрғын үйлердің қасбеттері жаңартылып жатқаны белгілі. Алайда қаламыздың тұрмысы төмен санаттағы тұрғындары тұратын апатты деп саналатын тұрғын үйдің сиқы осындай адам шошырлық. Сыртын әспеттемек түгілі, жергілікті билік мойын бұрып та қарауға шамасы жоқ секілді. Тұрғындар тарапынан естігеніміз әр таңды қорқынышпен қарсы алады екен. Алдағы уақытта жергілікті әкімдік халықты қауіпсіз жерге көшіруді тезірек қолға алса екен дейміз. Айта кету керек, қала әкiмдiгiне салмақ салатын ауқымды жұмыстардың бiрi – орталықтағы ескі үйлерді жаңалау. Ол үшiн бiрнеше бағыттағы жұмыстар қарастырылмақ. Ескi және құлау алдында тұрған үйлердi бұзу, жаңа үйлердiң жобасын жасау және салу үшiн де жүйелi жоспар қажет. Инженерлiк-коммуникациялық инфрақұрылымды жобалау және салу көп уақыт алатын болса, керісінше апатты үйлердің тұрғындары жаңа пәтерлерге тезірек көшуді қалайды. Егер бұл шаралар өз кезеңiмен жүзеге асып, апатты үйлер азайса, Тасбөгеттің сәулеттiк келбетi жақсаратыны сөзсіз.
Мұхаммедшах Каюп