Дат, тақсыр! Сөз бостандығының далалық үлгісі. “Бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ!”. Қазақ пайымы. Айтудан бұрын сөздің мүдіретін де, бастан бұрын тілдің кесілетін кезеңіне де келіп тұрмыз…

Әдемі сөз айтуға жақсы. Ойлы сөз қимылға жақсы. Ал, шындық сөз ше?

Әр жылдың 5 мамыры “БАҚ-тың дүниежүзілік бостандық күні” аталады. Биылғы жылы осы күн қарсаңында халықаралық “Шекарасыз тілшілер” ұйымы дәстүрлі жыл сайынғы прессаның сөз бостандығының дүниежүзілік индексін жариялады.

Сөз бостандығын саралауға әлемнің 180 елі қатысқан болса, соның ішінде Қазақстан былтырғы жылы 122-ші орында тұрса, биыл 12 орынға төмендеп, 134-ші орынға тұрақтаған. Ал, Қырғыз елі бір жыл ішінде 50 орынға кейін жылжып, 72-ші орыннан 122-ші орынға түскен. Өзбек елі 133-ші орыннан 137-ші орынға, Тәжік елі 152-ші орыннан 153-ші орынға жылжыған. Түрікмен елінің деңгейі 177-ші орыннан бір саты көтеріліп, 176-шы орынға жеткенімен, сарапшылар пікірінше, “сөз бостандығы жоқ” Мьянмо, Иран, Эритрея, Вьетнам, Сирия, Қытай, Солтүстік Корея елдерімен қатар тұр. Өйткені Түрікмен еліндегі барлық БАҚ билік бақылауында, ал тәуелсіз ақпарат құралдарының бәрі шетелдерден ақпарат таратады.

Норвегия, Ирландия, Дания, Швеция, Нидерланды, Литва, Эстония, Португалия. Шығыс Тимор сөз бостандығы жөнінен көш бастап алдыңғы ондықта.

Украина бұрын 106-шы орында болса биыл 79-шы орынға көтерілген. Ал, Белорусь елі керісінше 153-ші орыннан 157-ші орынға төмендеген. Ресей де 155-ші орыннан 164-ші орынға кеткен.

Негізі “Шекарасыз тілшінің” штаб пәтері Парижде. Сараптамада 40- тан астам негізгі көрсеткіштер қамтылады екен. Бастысы журналистер мен БАҚ-тарға қысым көрсету деңгейі, қаржылық тәуелділік, құқықтық ортаның қалыптасуы, немесе азаматтардың ақпаратқа қолжетімділігі…

Ұйымның биылғы сараптамасы қорытындысы бойынша әлемде сөз бостандығы жыл сайын нашарлап барады делінеді. Мәселен сараптама жасалған 180 елдің биыл 31-інде сөз бостандығы төмендеген. Ал, былтыр журналистерге қысым көрсеткенді ұнататын елдер 21 болған.

Тіпті, демократиялымыз деп кеуде ұрып жүрген елдердің өзі де “Дат, тақсырыңа” пысқырмайтын болған.

Енді елдерді сөз бостандығы деңгейі бойынша бөлгенде 2022-ші жылы 8 елде жақсы екен, ал алдыңғы жылы олардың қатары бұдан көп болған. 2021-ші жылы 12 ел сөз бостандығымен мақтана алған. 2021-ші жылы 36 елде қанағаттансақ, арада бір жыл өткенде олардың қатары көбейіп 44-ке жетіпті.

Проблемалы елдер де 55-тен азаймай тұр. Сөз бостандығы қиын елдер алдыңғы жылмен салыстырғанда 10-ға азайған, былтыр 42 болған. Ал, жазарыңды жаза алмайтын, айтарыңды айта алмайтын, билікке қарсы еркін пікір, сын айтсаң қудалайтын, қысым көрсететін елдер қатары алдыңғы жылдан 10-ға көбейіп 31-ге жетіп отыр екен.

Әлемнің 180 елі ішінде 31-інің сөз бостандығы жоқ есепті болуы расында да алаңдатады.

Өзімізбен көршілес Ресей қазір осы елдер қатарында. Билікті қолдамаған БАҚ-қа бақ қонбайды, не жабылады, не шетелге тығылады. Беларус, Тәжік елі, Түркие да осы топта. Мәселен, өзін демократиялы елміз деп жүрген елдер арасында осы елде абақтыда отырған журналистер көп екен. Үнді елінде де барлық БАҚ билікке жақын олигархтардың қолтығында…

Бәрінен де Таяу Шығыстағы сөз бостандығының жәйі мүшкіл көрінеді.

Ал, Еуропа бойынша Норвегия жеті жыл бойы сөз бостандығы бойынша көш бастап бірінші орында тұр екен. Одан Нидерланды да қалыспайтын көрінеді.

Ал, АҚШ пен Ұлыбританияның сөз бостандығы қанағаттанарлық деңгейде.

БҰҰ-ның мәліметінше жер беті тұрғындарының 85%-ның шындық ақпаратқа қол жеткізуі қиын. Жаңалықтарды ой-қырға, дауылға, жауынға қарамай тез тарататын сандық технологияның баяу дамуы да ақпараттық қолжетімділікке қолбайлау.

Өтірік пен шындықтың, жасампаздық пен шынайылықтың, ойдан шығару мен факті арасындағы айырма адамдардың ақпаратқа деген құқығына қауіп төндіруде. Оның үстіне мәтінге биліктің бақылауы, араласу мүмкіндігі де журналистика саласын сын көтермейтін етті дейді “Шекарасыз тілшілер” өз баяндамасында.

С.БИХОЖА

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған