Тоқаев қолдап отыр
Өткен жылы Қызылорда облысына 400 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылып, осы көрсеткіш бойынша еліміздегі үздіктер қатарынан көрінді.
– «Ел Президенті мен Үкіметтің Сыр өңірін ерекше қолдауының арқасында тың жобалар жүзеге асуда. Облыс 2023 жылдың 4 айы қорытындысымен әлеуметтік-экономикалық дамудың макрокөрсет[1]кіштері бойынша оң динамикаға қол жеткізді. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 1,6, өңдеу өнеркәсібінің көлемі 1,9 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі 2,4, сауда көлемі 2,5, инвестициялар тарту 42,1 және құрылыс жұмыстарының көлемі 44 пайызға артты.
Бүгінде Қызылорда облысының бюджеті 593 млрд. теңгені құрайды, бұл 2022 жылғы бюджетпен салыстырғанда (387,3 млрд теңге) 205 млрд. 700 млн теңгеге, яғни 53 пайызға артық. Бюджеттің 64 пайызы немесе 378,6 млрд. теңгесі әлеуметтік салаға бағытталған», – деді Н.Нәлібаев.
Өнеркәсіп өндірісінің 70%-ға жуық үлесін алатын тау-кен секторында мұнай өндіру қордың сарқылуы салдарынан 2013 жылдан бері 6,5 млн. тоннаға азайған. Мәселен 2013 жылы 10,5 млн. тонна мұнай өндірілсе, 2022 жылы оның көлемі небәрі 4 млн. тонна болды.
Қазір жаңа кен орындарын игеру үшін «Шу-Сарысу» бассейнінде геологиялық-геофизикалық зерттеу жұмыстары аяқталып, Арал бассейнінің «Батыс» және «Шығыс» бөлігінде жалғасуда.
Мұнан бөлек өңірде шикізатқа тәуелділікті азайту үшін экономиканы әртараптандыруға бағытталған жобаларды іске асыру жалғасын таппақ. Атап айтқанда, индустрияландыру аясында өңірде құны 607,7 млрд. теңгені құрайтын 34 жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалар 6,3 мың адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Жалпыұлттық бірыңғай жобалар пулы қалыптасып, оған құны 907 млрд. теңгеден асатын 36 жоба енгізілді. Өткен жылы құны 5,1 млрд. теңге болатын 4 жоба іске қосылды. Олар – «Үй құрылысы комбинаты», «350 орындық мектепті кеңейту», «Балық өңдеу цехы», «Көкөніс сақтау қоймасы» жобалары. Биыл Сыр өңірінде құны 13,4 млрд. теңгенің 9 жобасы жүзеге асырылады. Бұл өңірге инвестиция тарту қарқынын арттыруға мүмкіндік береді.
Атап өту керек, өткен жылы Қызылорда облысы инвестиция тарту қар[1]қыны бойынша республика көлемінде алдыңғы қатардан көрінді. Өңір экономикасына 409,5 млрд. теңге инвестиция салынып, облыс еліміз бойынша 1-ші орынға шықты. Биыл 424 млрд.теңге көлемінде инвестиция тарту жоспарлануда.
“Үлгілі елде мекенге” трактор беріледі
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған қоғамда экологиялық құндылықтарды орнықтыруға үн[1]дейтін «Birge: Taza Qazaqstan» акциясы аясында Сыр өңірінде үздік елді мекендер мен үлгілі шағын аудандар анықталып, бағалы сыйлықтармен марапатталады.
– «Конкурс елді мекендерде адам өмiрi мен денсаулығы үшiн қолайлы орта қалыптастыру, жұртшылықтың қоршаған ортаны қорғау мен орнықты даму мәселелерiн шешуге жан-жақты қатысуын қамтамасыз ету, тазалық пен көгалдандыру шараларына ынталандыру үшін өткізілуде. Жеңімпаздарды «Үлгілі ауыл», «Үлгілі аудан орталығы», «Қызылорда қаласының үлгілі шағын ауданы» номинациялары бойынша тәуелсіз сарапшы комиссия анықтайды», – деп хабарлады аймақ басшысы.
Конкурс шарттары бойынша «Үздік аудан орталығы»,«Үздік ауыл» және қаладағы «Үздік шағын аудан» анықталып, жеңімпаздарды қоғамдық ұйым өкілдері, экобелсенділер мен еріктілерден құралған тәуелсіз комиссия таңдайтын болады.
«Үздік аудан орталығы» номинациясы бойынша І орынға арнайы жол тазалағыш КАМАЗ және қалдық тасымалдаушы МАЗ автокөлігі, ассенизатор мен кран-манипулятор берілмек. Ал ІІ орынға қалдық тасымалдаушы көлік, ассенизатор және жол тазалаушы трактор тағайындалған. ІІІ орынға ассенизатор мен жол тазалаушы трактор сыйға берілмек.
“Үздік ауыл” номинациясын иеленген үш ауылға да бағалы сыйлықтар табысталады. І орын алған ауылға жер қазатын трактор мен самосвал ЗИЛ автокөлігі, ІІ орынға жер қазатын трактор мен тіркеме, ал ІІІ орынға жер қазатын трактор беріледі.
“Үздік шағын аудан” номинациясы бойынша І орын алған шағын аудан[1]ға сквер, спорт алаңы салынады. ІІ орынға абаттандыру мен спорттық ойын алаңы сыйға берілсе, ІІІ орынға абаттандыру жобалары тарту етіледі.
Конкурс нәтижесімен жеңімпаздарға 14 техника табысталады.
Бұдан бөлек, озық шыққан елді мекенге скверлер мен спорттық алаңдар салынып, көше-аулалары жарықтандырылады. Алдағы уақытта бұл конкурс дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіледі деп жоспарланған.
Жастар баспаналы болады
Аймақ жастарының баспаналы болуын қолдау үшін облыс әкімінің тапсырмасымен арнайы қабылданған «Сыр жастары» бағдарламасы аясында алғаш рет 100-ден астам жас отбасыға жеңілдетілген ипотекалық несие берілмек. Ол үшін жергілікті бюджеттен 1,2 млрд.теңге, «Отбасы» банкі арқылы 500 млн.теңге, барлығы 1,7 млрд.теңге қаражат бөлінді. Бағдарлама бойынша қызылордалық жастардың төмендетілген пайыздық мөлшерлемемен қолжетімді тұрғын үй сатып алуға мүмкіндігі бар.
Бағдарламаға 18-35 жас аралығындағы облыс жастары қатыса алады. Жеңілдетілген несие 19 жылға 5% үстемемен «Отбасы банк» арқылы беріледі, қатысушының банкте үй бағасының 10%-ын құрайтын салымы болса жеткілікті.
Бағдарламаға білім, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет, журналистика саласының мамандары, мемлекеттік және азаматтық қызметшілер, ғылыми қызметкерлер, ұлттық холдингтердің жергілікті филиалдарының, екінші деңгейлі банктердің, құрылыс, қоғамдық тамақтану және басқа да қызмет көрсету саласының қызметкерлері мен әлеуметтік қызметкерлер қатыса алады. Жолдама беру баллдық жүйемен жүзеге асырылады.
Жанашыр меценаттар құрылыс салуда
Мемлекет басшысы туған жеріне жанашыр кәсіпкерлерді елдің экономикасын дамытуға үлес қосуға шақырғаны белгілі. Сыр өңірінде жергілікті кәсіпкерлер бұл істе белсенділік танытып, қайырымдылық шараларына, туған жерін түлетіп, көркейтуге барынша атсалысуда.
– «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы туған жеріне жанашырлықпен қарайтын кәсіпкерлерді патриотизм мен әлеуметтік жауапкершіліктің үлгісін көрсетіп, елдің экономикасын дамытуға үлес қосуға шақырған болатын. Осы жұмыстарға Сыр өңіріндегі жергілікті кәсіпкерлер, облыстан шыққан меценаттар белсенді араласып, қайырымдылық шараларына, туған жерін түлетіп, көркейтуге бар күш-жігерлерін салуда. Атап айтқанда, Болат Өтемұратовтың демеушілігімен 15 млрд.теңгеге «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалы салынуда. Қызылорда қаласында белгілі кәсіпкер, меценант Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен құны 1,5 млрд. теңгені құрайтын «Анаға тағзым» орталығының құрылысы жүруде. Жерлесіміз, белгілі кәсіпкер Асқар Әубәкіровтің қолдауымен 1,5 млрд.теңгеге орталық алаң жаңғыртылады», – деді аймақ басшысы.
Өткен жылы Жаңақорған ауданында құны 790 млн. теңге болатын заманауи демалыс паркі, Сырдария ауданы Нағи Ілиясов ауылында құны 450 млн. теңге болатын «Еңбекшілер паркі» бой көтерді. Ал Арал ауданының Тоқабай ауылында жеке инвестор есебінен апатты мектептің орнына жаңасы салынуда. Құны 500 млн. теңге болатын жаңа мектеп тамыз айында пайдалануға берілмек.
Сәуір айында Қызылорданың Түркістан облысымен шектесетін тұсынан демеушілік есебінен құны 230 млн. теңге болатын облыстың кіреберіс қақпасы ашылды. Мұнан бөлек, 7 мың адамға арналған «Қайсар» футбол командасының жаңа стадионы бой көтереді. «Қазгермұнай» ұлттық компаниясымен келісім нәтижесінде Қызылорда қаласында 2 млрд. 500 млн.теңгеге заманауи үлгідегі «Оқушылар сарайының» жобасы басталады.
Мемлекет басшысы жариялаған «Балалар жылында» аймағымыз[1]дың демеушілері 1,6 млрд. теңгеге 80 спорт-ойын алаңын салып, балдырғандардың игілігіне пайдалануға берді.
Өткен айдан бері демеушілердің қолдауымен 1 млрд. 100 млн. теңгеге облыс орталығындағы 50 үйдің қасбеттері заманауи панелдермен қапталуда. Сондай-ақ, демеушілер 1 млрд. теңгеге 20 көпқабатты тұрғын үйдің аулаларын абаттандыруда, яғни заманауи спорт алаңдары, тротуарлары, жарық бағаналары жаңартылуда.
(Астанада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингтен)
Толық нұсқасын «Ақмешіт ақшамы» газетінен оқи аласыздар