Өткен жылы Шиелі ауданы бойынша барлығы 30 301 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылып, диқандарымыздың тынымсыз еңбегінің арқасында, егін жинау науқанында ауданымыз «Үздік аудан» номинациясын иеленіп, жоғарғы көрсеткішке жетті. Биылғы жылға 30 511 гектарға егін егу жоспарлануда. Сонымен қатар көктем айларында облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының тапсырмасына сәйкес, азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында, көкөніс, бақша, картоп өнімдерін егуге ниет білдірген аудан тұрғындары үшін 5 мың гектардан астам жерді жыртып, егін егуге дайындап беретін боламыз.
Тұрғындарды баспанамен қамту мақсатында ауданымызда «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында Көкшоқы мөлтек ауданында 18 пәтерлі 4 тұрғын үй құрылысы жүруде. Сәтін салса, биыл көктем айларында 72 отбасына пәтер кілті табысталатын болады. Әрі, кезекте тұрған көпбалалы отбасыларға арнап, Шұғыла мөлтек ауданынан 20 тұрғын үйді пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Тағы бір айта кетерлігі, биыл «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 414 млн теңге қаржы бөлініп, 80 жас маманға тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік несиелер беріледі. Сондай-ақ, біз аудан тұрғындарымен кездесулерде көтерілген өзекті мәселелерді жинақтап, жан-жақты саралап, тұрғындардың өтініштерін қанағаттандыру мақсатында бірлескен жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Осы ретте, аудан орталығына басымдық бере отырып, басты 12 көшеге абаттандыру, көркейту-көгалдандыру, көшелерді жарықтандыру, инфрақұрылым жүйелерін жаңарту, жаяу жүргінші жолдарын қалыпқа келтіру жұмыстарын жүргізуге аудандық бюджеттен қаржы қаралмақ.
Кентішілік көшелерді жөндеуге облыс әкімінің тікелей қолдауымен облыстық бюджеттен 563 млн теңге қаржы қаралып отыр. Сондай-ақ, Сұлутөбе елді мекеніне кіре беріс жолды күрделі жөндеуден өткізуге 264 млн теңге қаржы жұмсалмақ. Сонымен қатар, «КАП логистик» ЖШС-ның «Шиелі – Сұңқар» филиалы есебінен Еңбекші жолының 13 шақырымына 2 млрд теңгеге жөндеу жұмыстары жоспарланып, ағымдағы жылға 6 шақырымын жөндеу үшін 1 млрд теңге, одан өзге, аудандық вокзалдан Көкшоқы мөлтек ауданына баратын темір жол бойындағы көшені жөндеу үшін 300 млн теңге, кенттегі Ж.Тұрабаев көшесіне жаяу жүргіншілер жолы мен түнгі жарық шамдарын орнатуға 38 млн теңге қаржы бөлінді. 22 ауылдық округтерге электр-энергиясының қуатын арттыру үшін қосалқы станция орнатуға аудандық бюджеттен 79,2 млн теңге қаражат бөлініп, барлық ауылдық округтерге трансформаторлар алынды. Кенттің ішкі желілерін қайта жаңғыртуға жоба сметалық құжаттары әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынып, тиісті министрлікке ұсынылды. Жобаның жалпы құны 808 млн теңге. Сонымен қатар аудандық электр желілері станциясын күрделі жөндеуге 4,5 млрд теңге қаржы қарастырылуда.
Бүгінде Шиелі кенті және Ы. Жақаев, Бидайкөл, Байсын, Н. Бекежанов, Ш. Қодаманов, Ақмая, Алғабас ауылдары, яғни аудан халқының 68 пайызы көгілдір отынға қосылған. Жалпы құны 1 млрд 62 млн теңге болатын 4 елді мекенді газбен қамтамасыз ету бойынша жобалар тиісті министрліктерге тапсырылып, оның ішінде Еңбекші (270 356 мың теңге) және Жиделіарық (172 157 мың теңге) елді мекендерінің жобасы қолдау тауып, жалпы республикалық бюджеттен 442 млн 513 мың теңге қаржы қаралды. Сондай-ақ, Алмалы және Ә.Тәжібаев елді мекендерін газ құбырының және орамішілік газ тарату желілерінің құрылысын жүргізуге барлығы 1 млрд 710 млн теңгеге бюджеттік өтінім тиісті министрлікке тапсырылды. Өткен жылы құны 2,1 млрд теңгені құрайтын Мұстафа Шоқай автоматты газ реттегіш станциясының құрылысын бастадық. Тартоғай (демеушілер есебінен), 5 Майлытоғай елді мекендерінің (ішкі және сыртқы магистралды газ құбыры) жобалық сметалық құжаттары дайындалуда. Аудандық бюджеттен 23,1 млн теңге қаржы бөлінді. Жоғарыда аталған жобалар іске асқан жағдайда аудан халқының 85 пайызы газбен қамтылатын болады. 2023 жылы Шиелі кентіндегі және Алғабас ауылындағы 2 мектептің бөлек бу қазандықтарын газға ауыстыру жұмыстары басталады. 2 жобаның құны 94 млн 515 мың теңге.
Бүгінгі күнде Шиелі ауданы бойынша сапалы ауыз сумен 34 елді мекеннің 88 пайызы, 85 мыңнан аса тұрғынның 98 пайызы қамтамасыз етілген. Оның ішінде, орталықтандырылған ауыз су жүйесімен 23 елді мекен, жергілікті су көздері (скважина) арқылы 7 елді мекен қамтылған. Аудан тұрғындарын толықтай ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында құны 752 млн теңге болатын 3 жоба Ақтам, Қызылқайың және Қосүйеңкі елді мекендерінде жүзеге асырылмақ. Бұл үшін тиісті министрлікке бюджеттік өтінім тапсырылды.
Шиелі ауданы бойынша жалпы білім беретін 40 мектеп жұмыс жасайды. Оқу процесі екі ауысымда жүргізіледі. Аудан бойынша үш ауысымдық және апатты мектептер жоқ. Жансейіт елді мекеніндегі 100 орындық мектеп құрылысына болжамды жоба құны 990 млн теңгеге облыстық бюджетке тиісті құжаттар өткізілді. Сонымен қатар аудан орталығынан «Жайлы мектеп» жобасы аясында 900 орындық мектеп құрылысын салуға ЖСҚ-ы әзірленуде. Денсаулық сақтау саласы: Амбулаториялық емханалық мекемесі медициналық қызметтің 27 түрі бойынша мамандандырылған көмек көрсетеді. Биыл аудан бойынша үш елді мекенде 1,3 млрд теңгеге (Бала би жоба құны 442 млн теңге, Досбол би жоба құны 439 млн теңге, Бұланбай бауы жоба құны 417 млн теңге) медициналық амбулаториялық ғимараттардың құрылысы жүргізілетін болды.
Сонымен бірге 2024 жылға өтпелі Тәжібаев, Ортақшыл, Алмалы, Тартоғай, Бестам елді мекендерінде дәрігерлік амбулатория құрылысын салу жоспарланып отыр. Шиелі кентінен 30 төсектік инфекциялық корпус құрылысы жобасының ЖСҚ әзірлеуге 12 млн 145 мың теңге, ЖСҚ-сын мемлекеттік сараптамадан өткізуге 1 млн 354 мың теңге қаржы қаралды.
Ауданымыздағы мәдениет саласындағы Бестам, Шиелі кенті және Сұлутөбе елді мекеніндегі 3 жобаға (Бестам ауылында 150 орынды клуб, Шиелі кентіндегі Бұдабай Қабылұлы атындағы мәдени-шығармашылық орталығы ғимаратын күрделі жөндеу, Сұлутөбе елді мекеніндегі ескі мектепті 50 орындық өнер мектебіне қайта бейімдеу) республикалық бюджеттен 985 млн теңге қаражатқа бюджеттік өтінім тапсырылды.
2022 жылы облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес балалар жылы аясында демеушілер есебінен 6 ойын және жазғы спорт алаңдарын пайдалануға бердік. Кенттің теріскей бетіндегі спорт сауықтыру кешенінің құрылысына 397 млн теңгеге облыстық құрылыс басқармасына бюджеттік өтінім тапсырылды. Аудандық бюджет есебінен орталық стадионды күрделі жөндеуге ЖСҚ-ы әзірлеуге 3,8 млн теңге қаражат бөлініп, сараптаманың оң қорытындысы алынуда.
Толық нұсқасын «Ақмешіт ақшамы» газетінен оқи аласыздар