Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің келісімдері бойынша облыс әкімінің өкіміне сәйкес, меритократия қағидатымен Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасының басшысы лауазымына Есмаханов Алмасбек Әбілқасымұлы тағайындалды.
Жиында облыс әкімі жаңа басқарма басшысын құттықтап, оған алдағы уақытта атқарылуы тиіс маңызды міндеттерді тапсырды.
– «Алмасбек Әбілқасымұлы тәжірибе толыстырған, қызмет баспалдағынан сатылап өскен білікті кадр ретінде аймақтың қоғамдық-саяси ахуалымен жақсы таныс. Мемлекетіміздің алдында тұрған саяси модернизацияны жүзеге асыру мен қоғамдық- саяси ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз етуде қоғамдық даму басқармасының орны ерекше.
Бүгінде жаңа реформаларды жүзеге асыруды бастаған елімізде ішкі саяси тұрақтылық ерекше маңызға ие болмақ.
Осыны ескере отырып, басқарма мен оның жаңа басшысының алдына жаңа міндеттер қойылады.
Бірінші. Өңірде азаматтық қоғамның дамуына жағдай жасау және мемлекетпен өзара сенімгерлік қатынастарды дамыту.
Екінші. Өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары арқылы мемлекеттік ақпараттық саясатты жетілдіру.
Үшінші. Мемлекеттік жастар саясатын іске асыру, НИТ (NEET) санатындағы жастармен жұмысты күшейту.
Төртінші. Қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты нығайту жөнінде кешенді шаралар қабылдау.
Бесінші. Мемлекеттiк тiлдi дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстар кешенiн жүзеге асыру.
Аталған мәселелердің жүйелі жүзеге асуы үшін билік пен халық арасында тығыз диалог орнатудың маңыздылығы күн санап артуда.
Осы ретте басқармаға, жауапкершілік жүгі арта түсетіні анық. Себебі халық пен билік арасындағы ашық диалогты қамтамасыз етуде, қоғамдағы өзекті мәселелерді оңтайлы шешуде алдыңғы қатардан көрінулеріңіз қажет», – деді облыс әкімі.
Толық нұсқасын «Ақмешіт ақшамы» газетінен оқи аласыздар