Биыл қаржыландырудың барлық көздері есебінен 683 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланды. Аймақта «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 1764 пәтерді құрайтын 41 тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 1044 пәтерді құрайтын 26 тұрғын үйдің құрылысын жыл аяғына дейін ел игілігіне берілмек. Күні кеше елге белгілі “Асар” құрылыс компаниясы есебінен 2600 шаршы метрді құрайтын 5 қабатты 40 пәтерлік арендалық тұрғын үй ұзақ жылдан бері кезекте тұрған көпбалалы аз қамтылған отбасыларға берілді.Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев ел ағаларымен бірге баспаналы болғандарды қоныс тойымен құттықтады.- Туған жеріміз Қызылорда қаласы соңғы уақытта қарқынды құрылыс аймағына айналды. Зәулім ғимараттар бой түзеп, жаңа ықшам аудандар салынып, шаһардың сәулеттік келбеті көркейе түсті.Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сыр еліне қолдауы негізінде облыс орталығында қала көркін еселеп, ажарын аша түсетін бірнеше зәулім ғимараттың іргетасы қаланып, жаңа әлеуметтік нысан салу бастамасы сәтті түрде жүзеге асуда. Нәтижесінде облыс орталығы соңғы уақытта қарқынды құрылыс аймағына айналды.Бүгін салтанатты түрде сол жағалау аймағынан іргесі көтерілген жаңа арендалық көпқабатты тұрғын үйді жерлестерімізге тарту ету үшін жиналдық. Шаңырақтарыңызға шаттық орнап, әр жанұяға жақсылық, ынтымақ пен бірлік, амандық тілеймін,-деді өңір басшысы Н.Нәлібаев.
@Облыс әкімінің баспасөз қызметі