• Біз бұл жерде бір мәселенің басын ашып алуымыз керек. Бейбіт шерулердің себебі – бір бөлек. Ал, мемлекеттік төңкеріс жасағысы келгендердің мақсаты – мүлде басқа. Қаңтар оқиғасының астарына үңілсек, оның себептері айқын көрінеді. Елімізде ұзақ уақыт әлеуметтік әділдік назардан тыс қалды. Мемлекет пен қоғамның арасы алшақтап кетті. Жылдар бойы шешілмеген әлеуметтік-экономикалық мәселелерден жұрт әбден қажыды. Бұл – түсінікті жайт. Алайда, қылмыскерлердің көздегені басқа еді.
• Қылмыскерлер бейбіт шеруді жаппай тәртіпсіздікке айналдырғысы келді. Алдын-ала әзірлеген арандатушылар, бұзақылар, тіпті қарақшыларды пайдаланды. Соның кесірінен Алматыдағы жағдай күрт нашарлады, тіпті, бақылаудан шықты. Қылмыскерлер әкімшілік ғимараттарды басып алды. Көшелерді жауып, жолында кездескеннің бәрін қиратты, тонады.
• Қысқасы, ойларына не келсе, соны істеді. Бірақ, қандай жағдай болсын, азаматтарымыз, ең бастысы, Алматының асқақ рухын құлатқан жоқ. Қала тұрғындары жұдырықтай жұмылды, сүйікті қаласын қорғап қалу үшін бірікті. Әрине, содырлардың мұндайды күтпегені айдан анық.
• Еліміздің алтын бесігі – Алматыны қиратып жатқаны осы қаланың перзенті ретінде менің де жаныма батты. Дегенмен, дәл сол сәтте абдырап, уақыт ұттыруға еш қақымыз болған жоқ. Онда әбден дандайсып кеткен қарақшылар қаламызды күл-талқан етер еді.
• Мемлекеттігімізді сақтап қалу үшін біз қандай тәуекелге де баратынымызды айқын көрсеттік. Сол қиын күндерде бүкіл Қазақстан халқы алматылықтардың тілеуін тіледі. Өкінішке қарай, қазір кейбіреулер қылмыстық әрекетті халық көтерілісі деп ақтауға тырысып жүр.
• Тағы да айтамын: халықтың бейбіт шеруі мен қарақшылар жасаған қанды қылмыстың арасын ажырата білу керек. Біз жедел және батыл әрекет жасағанның арқасында ел ішінде дереу тәртіп орнаттық. Қабылдаған шешімдеріміз және іс-әрекетіміз бүкіл дүние жүзінде түсіністікпен мойындалды, тіпті, қолдау тапты.
• Көшеге шығып, бұзақылық жасаған адамдарды дәріптеп, қолдан қаһарман жасауға болмайды. Қастандық ұйымдастырған қарақшылардың қылмысын ақтауға жол берілмейді. Олардың бәрі лайықты жазасын алады.
• Қылмыскерлердің қолшоқпары болған, арандап қалған жандар да бар. Мен ауыр қылмыс жасамаған осындай азаматтарға кешіріммен қараған жөн деп шештім. Осыған орай, Рақымшылық туралы заң қабылданды. Бұл – адамгершілік тұрғыдан дұрыс қадам. Өйткені, кешірім – ізгіліктің белгісі.
• Бұдан былай мұндай қасірет қайталанбайды деп сенемін. Сол үшін біз қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Қайғылы күндерде қаза болған жандардың жақындарына тағы да көңіл айтамын.
• «Қаңтар қасіреті» бізге сынақ қана емес, үлкен сабақ болды. Тыныштық пен тұрақтылықтың қадірін жұртымыз жете түсінді. Ал, қоғамға іріткі салуды көздеген қарақшылардың, лаңкестердің мақсаты орындалған жоқ. Керісінше, халқымыздың бірлігі нығая түсті. Ұйысып, жан-жақты жаңғыру жолына қадам басты.
• Бай бизнесмендерді әлеуметтік салаға ақша құюға, қоғамдық маңызы бар жобаларды дамытуға үнемі шақырамын.
Бірақ олардан жауап ретінде түсініксіз сылтауларды естимін, олардың шет қалғанын, халықтың өмірін жақсартуға құлшынысы жоқ екенін көремін. Шамасы бұл олардың ел тағдырына алаңдамайтынын, ал әлеуметтік жауапкершілікке үндеу олар үшін бос әңгіме екенін білдіреді. Мұндай позиция сұрақ тудырады және біз бұдан қорытынды жасаймыз.
• Басқа елдерде дәулетті адамдар ішкі проблемаларды шешуге ғана емес, өз бизнес байланыстарын пайдаланып, шетелде де ұлттық мүддені ілгерілетуге көмектеседі.
• Ғылым алып индустрияға айналды. Бұл сала бүкіл экономиканы жаңа деңгейге көтеретін сектор ретінде қалыптасып келеді. Біз осы әлемдік үрдістен шет қалмауымыз керек. Еліміз талай жыл бойы негізінен мұнайға арқа сүйеп келді. Бірақ қазір – заман басқа. Табиғи байлықтың емес, адам капиталының маңызы артқан дәуірге қадам бастық.
• Бұдан былай Қазақстанның бүкіл табиғи байлығы олигархтар мен олардың мүддесін қорғайтын плутократ– шенеуніктерге емес, бүкіл халыққа тиесілі болады. Бұл маңызды ережені Конституция деңгейінде бекіттік. Алайда еліміздің ең басты байлығы – адам. Сондықтан мемлекеттің ең басты міндеті – олардың өз қарым-қабілетін іске асыруына барлық қажетті жағдайды жасау.
• Мен академик Асқар Жұмаділдаев айтқан пайыммен толық келісемін. Халқымыз осындай күрделі заманда ең алдымен, әлемге прагматикалық көзбен қарауы керек. Бос әңгімелерді тоқтату қажет. Мысалы, Шыңғыс хан қай рудан шықты деген талас-тартысты қою керек деп ойлаймын. Қазіргі таңда зиялы қауымның кейбірі шетінен тарихшы, шыңғыстанушылар болып кетті. Мұның қоғамымызға пайда әкелеріне күмәнім бар.
• Көрші мемлекеттердегі жас азаматтар шетелге барып, кәсіпорындар, дүкендер ашып, жақсы өмір сүру үшін жаңа дағдыларды игеріп жатыр. Олар, шын мәнінде, бәсекеге қабілетті, еңбекқор адамдар. Қазіргі жағдайда мен бір жерде өмір сүремін, туыстармен өмір бойы бірге тұрамын деген ұғым әбден ескірген. Сондықтан, құрметті ағайын, бәріміз озық болайық! Сонда ғана жастарымыздың көзі ашық, көкірегі ояу, ойлары ұшқыр болады. Көптеген сын-қатерге төтеп бере алады. Өз жағдайын өздері жасап, жақсы өмір сүре алады.
Президент Қ.Тоқаевтың Алматы жұртшылығымен кездесуінен