Өткен аптаның сәрсенбісінде Елордадан аттерлетіп салалық министрліктің қызметкерлері Қызылордаға келген болатын. Бұған дейін Алматы мен Тараз қалаларын аралап, су шаруашылығының, шлюздер мен су бекеттерінің жағдайын тексере келе, келесі кезекте біздің өңірге де жетіпті.
Орталықтан келген меймандарды «Қазсушар» мекемесінің Қызылорда филиалының басшылары күтіп алған болатын. Республикалық және өңірлік БАҚ өкілдерінің басын біріктіріп, су бөгеттері бойынша атқарылған жұмыстарды бір пысықтауға көштік.
Жиынның басын Тасбөгеттегі су бөгетінен бастадық. Жарты ғасырға жуық елге қызмет етіп, арналарға су жіберіп отырған тораптың жағдайы нашарлап, қаңқасы ескіргендіктен республикалық бүйжеттен қаржы қаралып, жөндеу жұмыстары басталған еді.
– Бұл су торабы 1956 жылы салынған. Мақсаты – сол жақ, яғни «Шіркейлі» каналы және оң жақ канал арқылы күріш алқаптары мен суармалы жерлерге су жіберу. Нысан 2014 жылы 14 қарашада апаттық деп танылған еді. Содан бастап республикалық қазынадан тиісті қаржы бөлу мәселесі қаралып, құрылыс жұмыстары екі жыл бұрын басталып кетті. Жобаның құны 2 млрд 611 млн теңге көлемінде. Су торабын келесі жылдың бірінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарланған, – дейді «Қазсушар» РМК облыстық филиалы басшысының орынбасары Жорабек Ерназаров.
– Қызылордадағы гидроузелді жаңғырту бойынша жұмыстар 2020 жылдың қазан айында басталған. Қазірде құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың аяғына дейін бітеді деп жоспарлануда. Сол жақ магистралды арнасын бетондау жұмысы аяқталды. Оның ішінде электр желісін жүргізу, бейнебақылау құрылғыларын орнату бар. Монтажды құрылғылар жұмыстарын орналастыру да аяқталды. Ендігі кезекте суасты бөліктерінің жұмыстары қалды. Жаңғырту аяталғаннан кейін бөгет өз жұмысына қайта оралады. Жоба бойынша он жылға кепіл мерзімі бар,- дейді жоба басшысы, «Caspian Contractors Trust» ЖШС-нің өкілі Ибраев Қайрат.
Аталған бөгеттің жұмыстарымен таныса келе «Абзал и К» компаниясына жол тарттық. Бұл компанияға табан тіреуіміздің басты себебі биылғы су тапшылығына қарамастан жеткілікті өнім жиылғанын көзбен көру еді. Қазірде су тапшылығына байланысты өнім көлемін жоғалтпай, жаңа әдістер арқылы күріш өсіру жұмыстары қолға алынуда. Соның ішінде «Абзал и К» компаниясы күріш өсетін жерді тегістеген еді. Айырмасы 5-10 см болса да тегіс жерге жіберілген су әлдеқайда аз көлеммен алқапты толық қамтамасыз ете алады. Бұрындағы кедір-бұдыр, ойқыш жерге айдалған су тесік-құтықтың бәрін толтырып, ысырап болса, қазір барлығы басқаша.
– Күріш өсіруде басты жерлеріміз Н.Ілиясов ауылына қарасты. Айта кету керек, «Қазсушар» мекемесінің мамандары Шіркейлі каналынан су алатын үш ауданның шаруашылықтарына су үлестіріп берудің арқасында егістік алқаптары судан тапшылық көрмеді. Биылғы жылы орта есеппен гектарына 68,8 центтер өнім алдық. Былтырғы жылы 67,5 болған еді. Жалпы қуаңшылық кезінде бізді құтқарған арграномиялық әдістің бірі жер тегістеу. Қазірде лазерлі жер тегістегіш құрылғыларымыз бар. Былтырғы жылы 600 гектар жер тегістелген еді. Биыл келер жылы егін егілетін алқаптардың жерлерін тегістеуді бастап кеттік. Тегістелмеген атызға 30 мың куб су кетсе тегістелген жерге 23 мың кубка дейінгі су келеді,-дейді «Абзал и К» компаниясының директорының орынбасары.
Жалпы компания тарапы осымен төртінші жыл бойы су келетін арналарды қамыстар мен арам шөптерден тазартып келеді. Өз кезегінде бұл жұмыстары судың кедергіге ұшырамай алқаптарға келуін қамтамасыз етуде.
Мекеме жұмысымен танысып болған соң кезекті нысанға атбасын бұрдық. Бұл Сырдария ауданындағы Әйтек су бөгеті. Ағымдағы жылы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, автоматтандырылды. Ендігі кезекте судың ашылып жабылуының барлығы монитор арқылы басқарылып отырмақ.
Әйтек арқылы солтүстік аудандардағы біраз арналарға, шаруашылықтарға су барады. Тасбөгеттегі су торабынан маңыздылығы кем емес десек те артық болмас.
– «Әйтек» су торабының негізгі міндеті – жоғарыда орналасқан «Әйтек», «Соркөл», «Елтай», «Сауранбай» каналы және «Қараөзек» арнасын сумен қамту. Мемлекет басшысының былтырғы Жолдауындағы тапсырмаға сәйкес республика бойынша 9 су қоймасы мен 120 канал қайта реконструкциядан өтуі тиіс. Аталған жоба 2025 жылға дейін іске асу керек. Біздің облыстан «Қараөзек» су қоймасын салумен қатар, 26 канал цифрлық жүйеге енгізіліп, автоматтандырылмақ. Мұндағы ерекшелік – су торабы мен каналдар осы автоматтандырылған жүйеге түссе, жоғарыдан қанша су келді, қанша су қай шаруашылыққа бөлінуде, осының барлығын біз өзіміздің орталықтан бақылай аламыз. Әрі кез келген су пайдаланушы өзіне қажетті, пайдаланып отырған көлемі туралы ақпаратты күнделікті алып отырады. Су бөлінісін реттеу де қашықтан басқарылып, суды ашып жабу, оның деңгейін ұстау сияқты жұмыстар да осы автоматтандыру, цифрландыру жұмысының жемісі болмақ. Қазір «Әйтек» су торабы мен «Әйтек», «Соркөл», «Елтай» каналы автоматтандырылып, цифрлық жүйеге қосылған. Бұған бөлінген қаржы да бөлек. Барлығы 65 млн теңгені құрайды, – дейді Жорабек Ерназаров.
Ағымдағы жылы Шардара су қоймасына 3,9 миллиард текше метр су түседі деп болжанса соның 3,4 миллиарды қоймаға түсті. Өңіріміз бойынша 135,6 мың гектар ауылшаруашылық дақылдарының жері болса соның 78,1 мың гектарына күріш дақылы егілді. Жыл басынан «Қазсушар» мекемесімен 868 су пайдаланушы шаруашылық келісімшартқа отырып, мекеме тарапы өз кезегінде суды қиындықсыз шаруашылықтарға жеткізіп берді.
Сондай-ақ, мекеме филиалы биылғы жылы өз қаражаты есебінен 9 арнаға механикалық тазарту жұмыстарын жүргізді. Облыс әкімдігімен бірлесе отыра су тапшылығының алдын алу үшін «Жол картасы» әзірленіп, Үкімет резервінен 615 миллион теңгеге республикалық меншіктегі 17 арнаға механикалық тазалау жоспарланса, соның 14-не нақты тазарту жұмыстары жүргізілді. Қалған үш арна егін маусымының басталуына сәйкес сәл кідіріп, қазіргі таңда оларды да тазарту жұмыстары жүргізілуде.
Әйтектегі жұмысты бақылап болысымен Шаған ауылына жол тарттық. Ауылдағы «Шаған Жер» ЖШС-гі өңірдегі ірі мекемелердің бірі. Егістік алқаптары, өнімділігі жөнінен көш бастап тұр.
– Шаруашылықтың өзгелер секілді су мәселесінде қиындықтары болмай қалған жоқ. Бұл біздің өңірдің ғана емес, мемлекеттік, одан қалды халықаралық ортақ мәселе екені де белгілі. Жалпы егін егуде су қорының мол болуы өнім көлемін арттыруға бірденбір себепші. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев осы жағдайды жіті түсініп, су шаруашылығы мамандарына тапсырма беріп, қиындықтан құтылуда оң жұмыстар атқарды. Біз негізгі «Шіркейлі» каналы арқылы егістікке су аламыз. Тиісті мекеме мамандарының қатаң қадағалауының арқасында әр елді мекен, ондағы әр шаруашылықтағы күріш алқаптарына уақытында су барды. Одан бөлек, біздің шаруашылыққа екі «СМК-500» дизельді су айдайтын мотор беріліп, жаз бойы пайдаландық. Шаруашылықаралық каналдарды тазартып, жер тегістеуге де қосымша жұмыстар жүргізіліп келеді, – дейді Сырдария ауданына қарасты Шаған ауылындағы «Шаған Жер» ЖШС төрағасы Жеңісбек Сыздықов.
Артынша Н.Ілиясов ауылының кірер қақпасына беттедік. Жалпы су мамандары биылғы жылы қыруар жұмыс істеген. Содан болар, орталықтан сала мамандарын шақыртып, ағымдағы жылы атқарылған жұмыстарын көрсеткісі келген болар.
– Су жетіспеу қиындығын сезіндік. Бірақ ұйымдастыру жұмыстары мен Үкімет берген көмектің арқасында облыста жағдай тұрақты болды. Вегетациялық кезеңде теңгерімдегі 19 ірі магистральді және шаруашылықаралық канал арқылы 3,4 млрд текше метр су алынып, келісім-шартқа сәйкес 2,8 млрд текше метр су егістіктерге берілді. Екіншіден, қашыртқылардағы суды пайдаға асыру да маңызды болып отыр. Осы мақсатпен республикалық бюджеттен берілген 834 млн теңгеге 67 электрлі және дизельді су насосы алынды, – дейді «Қызылорда СуШар» өндірістік учаскесінің басшысы Жорабек Нұрымбетов.
Судан тапшылық көрген заманда онсыз да аз суды үнемдеп, шаруашылықтарға үйлестіріп беріп, диқандардың еңбегінің ақталуына көмек қылған мекеменің жоспары жетерлік. Аз судың аяқ асты молайып кетпесі де анық. Биылғы жылы судың тапшылығына қарамастан өңірде егіс жерлері қысқармады. Осы орайда Шардарадан бұйырған суды көпшілікке жеткізіп, еліміздің 90 пайызын күрішпен қамтамасыз етіп отырған Сыр өңірінің басты брендінің азаймауы қамында жұмыстар жасап жатқан мекеме қызметкерлерінің алдағы жоспарларына сәттілік тілейміз!
Дамир АМАНГЕЛДІ