Бірінші саты сотының шешімімен талап қоюшы «С» ЖШС-ның (мердігер) жауапкер «Қызылорда облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы» мекемесінен (тапсырыс беруші) берешек сомасын өндіру туралы талабы толық қанағаттырылған.
Жауапкердің апелляциялық шағымы бойынша істі қараған азаматтық істер жөніндегі сот алқасы келесіні анықтады.
2019 жылғы талап қоюшы мен жауапкер жалпы құны 2 420 150 504 теңгеге облыс аумағында емхана нысанының құрылысын салу туралы құрылыс саласындағы жұмыстарға мемлекеттік сатып алу шартын жасаған.
Негізгі шартқа 2020 жылы қаңтарда қосымша шарт жасалып, 2020 жылға 497 287 077 теңге, қалған 1 922 863 426 теңге 2021 жылға жоспарланған. 2020 жылғы қаржы толық игерілген.
Жұмыстар 2022 жылы 31 наурызда, белгіленген мерзімнен 3 ай кешіктіріліп орындалған.
Жоспарланған қаржының 1 698 329 116 теңгесі ғана аударылып, қалдық қаржы 121 007 526 теңгені құраған.
Істі қарау барысында талап қоюшы өкілі талабын толық қуаттаса, жауапкер тарап берешекті мойындайтынын, бірақ талап қоюшының жұмысты кешіктіргенінен ол қаржы 2021 жылы игерілмей қалғанын, сондықтан талапты қанағаттандырусыз қалдырып, бірінші саты сотының күшін жоюды сұрады.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 651-бабының 1-тармағына сәйкес құрылыс мердiгерлiгiнiң шарты бойынша мердiгер тапсырысшының тапсырмасы бойынша шартта белгiленген мерзiмде белгiлi бiр объектiнi салуға не өзге де құрылыс жұмысын орындауға мiндеттенедi, ал тапсырысшы мердiгерге жұмысты орындауы үшiн қажеттi жағдайлар жасауға, оның нәтижесiн қабылдап алуға және ол үшiн келiсiлген бағаны төлеуге мiндеттенедi.
Жұмыстардың орындалғандығы тапсырыс берушімен, мердігермен, техникалық қадағалау жүргізген серіктестік уәкілдерімен қол қойылған атқарылған жұмыстар актісімен расталады.
Осыны негізге ала отырып, сот алқасы бірінші саты сотының талап қоюшының талабын қанағаттандыру, жауапкерден 121 007 526 теңге берешегін өндіру туралы шешімін заңды әрі негізді деп тауып, күшінде қалдырды.
Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі